Онлайн оқыту оздыра ма?

Соңғы жылдары елімізде білім беру жүйесі түрлі өзгерістерге ұшырады. Әсіресе пандемия кезеңінде онлайн оқыту мәжбүрлі түрде енгізіліп, бүгінгі күні сол тәжірибе жүйелі форматқа айнала бастады. Қазір Қазақстанда онлайн мектептер ашылып, білім алудың балама жолы ретінде ұсынылуда. Бұл үрдіс қоғамда түрлі пікірлер мен күмән тудырып отыр.
Онлайн білім беру әлем елдерінде бұрыннан бар. Ресейдің Foxford, Skyeng платформалары мен Ұлыбританиядағы онлайн мектептер сәтті жұмыс істеп келеді. Олар оқушыларға мемлекеттік үлгідегі аттестат бере отырып, қашықтан жоғары сапалы білім ұсынады. Мұндай жүйелерде цифрлық технологиялар дамыған, ал мұғалімдер арнайы дайындықтан өтеді. Қазақстанда да осы үлгіні енгізуге әрекет жасалуда. Мысалы, Qadam School негізін қалаған Шәкәрім Толыбайұлы онлайн білімнің артықшылығын атап өтті.
—Бұл – шалғай ауылда отырған балаға сапалы ұстаздан оқу мүмкіндігі. Әр бала өз қарқынымен оқып, өзіне ыңғайлы ортада білім ала алады», -дейді ұстаз.
Алайда білім беру саласының мамандары онлайн оқытудың кері әсері де бар екенін айтады. 2020 жылғы пандемия кезіндегі тәжірибе кезінде интернетке қолжетімділік, цифрлық сауаттылық пен платформа сапасы мәселелері анық байқалды. Zoom, Google Classroom, BilimLand сияқты құралдар қолданылғанымен, бұл оқушылардың білімін жүйелі түрде арттыра алмады. Мұғалімдердің айтуынша, сол кезеңнен кейін оқушылардың өзіндік тәртібі төмендеп, пәндік олқылықтар көбейді. Мұны кейінгі ҰБТ нәтижелері мен тәуелсіз бағалау көрсеткіштері де дәлелдеді.
Онлайн оқыту форматының баланың әлеуметтік дамуына да әсері бар.
—Бір шындықты айтайық, қазір ата-ана мен мұғалімнің қатар бақылауымен балаларды әрең оқытып отырғанда онлайн мектептерге сенім аз. Бақылау болмаса, бала қалай қалыптасады? Рас, онлайн түрде де бақылауға болар, бірақ сену қиын. Кей университеттердің де онлайн оқытқанын көрдік. Маған мұның бәрі бұрынғы «сырттай оқудың» тонын айналдыру әдісі сияқты көрінеді. Онлайн білім беру колледж студенттеріне сәйкес келуі мүмкін. Алайда техникалық жағынан қамтамасыз ету мен тәжірибе жағы қалай жүзеге асатыны белгісіз», – деді ұстаз Мейіржан Темірбек.
Сонымен қатар, онлайн оқытуда ата-ана мен оқушының жауапкершілігі артады. Өз бетімен білім алуға дағдыланбаған бала үшін бұл формат тиімсіз болуы мүмкін. Мысалы, бірінші сынып оқушысын онлайн оқыту – тиімді шешім емес. Себебі баланың оқу дағдысы әлі қалыптаспаған, зейіні тұрақсыз, мұғалімнің тікелей қолдауы мен назарын қажет етеді. Мұндай жағдайда бала оқу үдерісінен қалып қоюы мүмкін. Сондықтан онлайн оқытуды жаппай енгізбес бұрын арнайы платформа, әдістеме, кәсіби мамандарды даярлау және мемлекеттік деңгейде тиімді бақылау жүйесін орнату қажет. Сонда ғана бұл жүйе білім сапасына оң әсер ете алады.
Түйіндей келе, онлайн білім берудің болашағы бар. Бірақ оны асығыстықпен, дайындықсыз енгізу оқушының білім сапасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Онлайн оқытуды тиімді ету үшін сапалы мазмұн, білікті маман, ата-ананың қолдауы және мемлекет тарапынан жүйелі жоспар қажет. Бастысы – білім беру формасы емес, мазмұны мен сапасы.
АЛИЗАХ Ақниет,
Қарағанды қаласы, №59 ЖББМ 11- сынып оқушысы.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы мен
www.farabishakirti.kz желілік басылым сайтының Жас тілшісі
Жетекшісі: САҒЫНДЫКОВА Салтанат Санекеевна,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Сурет:https://ult.kz/