Қостанайда Міржақып Дулатұлының ескерткіші ашылды

Сурет: Жаслана Жумабеков
Автор: Жауынбай Жылқыбайұлы
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай орнатылған ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысты. Алаш қозғалысының көрнекті қайраткеріне арналған ескерткіш Қостанай қаласының орталығында бой көтерді.
Салтанатты шара барысында Мәжіліс Спикері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
«Төл тарихымызда азаттық үшін аянбай күрескен, ұлттың рухын көтеруге өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлғалар аз емес. Соның бірі әрі бірегейі – Міржақып Дулатұлы. Ол қазақтың асқақ арманы мен мұң-мұқтажын терең түсініп, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етті. Жұрттың сана-сезімін жаңғырту жолында еңбек етіп, жасампаз рухтың жаршысы болды. Адамзатқа ортақ құндылықтарды кеңінен дәріптеп, жастарды өнер-білімге үндеді. Қаламгердің «Оян қазақ!» деген сөзі ұлттың ұранына айналды. Міржақып Дулатұлы әдебиетімізді жаңа деңгейге көтеруге зор еңбек сіңірді. Халқымыздың біртуар перзентінің қайраткерлік қасиеті мен азаматтық ұстанымдары өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге болары сөзсіз» – делінген Президенттің құттықтауында.
Міржақып Дулатұлы – қазақтың азаттық рухының асқақ символы. Оның өмір жолы халық тағдырымен біте қайнасқан күрескерлік пен ағартушылықтың үлгісі. Әдеби мұралары арқылы ол ұлттық санаға түрткі болып, елдің еркіндікке деген ұмтылысын күшейтті.
Салтанатты іс-шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Мәжіліс депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен жергілікті жұртшылық қатысты. Алаш көсемінің рухына тағзым етіп, сөз сөйлегендер қатарында Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдік пен Міржақып Дулатұлының ұрпағы Ерлан Сатыбалдиев болды.
Мәжіліс Спикері бұл шаралардың ауқымы халық пен мемлекеттің Міржақып Дулатұлы мұрасына деген айрықша құрметін айқын көрсететінін атап өтті.
«Біз қазір де ел тарихындағы тағдырлы кезеңді бастан өткеріп отырмыз. Алаш ардақтылары армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Біз толыққанды мемлекетпіз. Соңғы жылдары Президенттің жүйелі әрі кешенді реформалары халық тарапынан жан-жақты қолдау табуда. Елдегі оң өзгерістер қоғамның болашаққа деген сенімін нығайтып отыр. Бүгінгі мақсатымыз – Әділетті, Күшті, Таза әрі Қауіпсіз Қазақстан құру. Бұл ұлы ағартушыларымыздың да, қазіргі қазақстандықтардың да ортақ арманының жүзеге асуы», – деді Ерлан Қошанов.
Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай облыстық және республикалық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бүгін Торғай ауылында халықаралық «Ұлы дала жорығы» атты ат марафоны басталды. Қатысушыларға Торғай даласы арқылы 500 шақырымдық қашықтықты бағындыру міндеті тұр.
Сонымен қатар, өңірде ұлы ағартушының шығармашылығына арналған ғылыми конференция мен республикалық айтыс өтеді. Елге танымал ақындар бас қосатын бұл додаға бүкіл Қазақстаннан айтыскерлер жиналды.
Міржақып Дулатұлының бүгінгі ұрпаққа қалдырға басты өсиеті – білімге, ғылымға, озық өркениетке ұмтылу. Бүгінгі ұрпақ үшін бұл тек өткеннің сабағы емес, болашаққа бастайтын бағыт. Оның тағылымы әрбір жасқа азаматтық жауапкершілікті сезінуге, елдік мүддені бәрінен жоғары қоюға шақырады.
Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына арналған ескерткіштің ашылуы мен ауқымды іс-шаралар халықтың тарихи жадын жаңғыртып, тұлғалар есімін насихаттай түседі. Бұл ұлы қайраткерге деген құрмет қана емес, сонымен бірге тәуелсіз Қазақстанның өткенге тағзым етіп, болашаққа сеніммен қадам басуының белгісі.
e-history.kz