Педагог – білім берудегі басты тұлға

Ұстаз – шәкірт жанының бағбаны. Әрбір бала – жарқыраған шамшырақ, оны жаға білген ұстаз ғана ұтады.
«Жер бетінде мекен еткен адамзаттың бір бұтағы халықтың қандай да бір дара қасиетке ие болып, қандай бет-бейнемен көрінуі сол халықтың мектебінің бет-бейнесіне, өзіндік ерекшеліктеріне тікелей қатысты» деген екен бір ғұлама. Әрбір жасөспірімнің қалыптасуында екі үлкен фактор маңызды рөл атқаратыны белгілі. Біріншісі – отбасы, екіншісі – өскен ортасы. Ал отбасынан алған тәрбиені дұрыс өрбіту — мектептің міндеті. Ол міндетті орындау мектептің жүрегі атанған құрметті мұғалімдердің іс-әрекетіне тікелей байланысты . Ұстаз – берген білім, үйреткен тәрбиесімен мәртебелі. «Мен үшін ең қастерлі де, қасиетті мамандық – ұстаздық». «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» – деп Абай атамыз айтқан осынау қастерлі мамандықтың иесі атанғаныма өзімді бақытты санаймын. Қызығы мен қуанышы мол болған еңбек жолындағы педагогикалық ұстанымым – үнемі жаңалыққа ұмтыла отырып, әр оқушының білімге деген қызығушылығын оятып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға қол жеткізу.
Әр сабағымда алдымда отырған шәкірттеріме зер сала қараймын. Қараймын да ойланамын. Алға үмітпен талпынған оқушыларымның алдындағы менің де ұстаз ретінде үлкен жауапкершілігім бар екенін іштей сезінемін. Сондықтан менің де талабым, алдыма қойған мақсатым жоғары болуы тиіс. Алдымдағы жарқыраған шамшырақтарды дер кезінде байқап, сол сәтте жаға білу – менің ұстаздық парызым.
Сыныптағы балалардың бірі тапқыр, алғыр болса, бірі енжар, бірі баяу, бірі тым пысық болады. Мен беретін білім мазмұны мен қоятын талабым бірдей де, олардың мұны қабылдауы әртүрлі.
Олай болса, өркениет өзегі – білім, ғылым, тәрбие десек, бұл мәселеге де өз үлесімді қосуым керек деп ойлаймын. Мұғалім үшін жаман оқушы болмайды, мұғалімге балалардың бәрі бірдей жақсы болуы керек. Ұстаз — оқушы үшін үлкен ғалым, зор психолог болатыны сөзсіз. Өйткені балалар халқымыздың, ата-бабаларымыздың рухани тәжірибесін, салт-дәстүрін, мәртебелі мұраттарын, іс-әрекеттерін, жақсы қасиеттерін осы мұғалімнің айтқан сөзі мен ісінен үйренеді.
Ұстаз да диқан сияқты. Әр адамның жанына білім дәнін егеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға қанатын талмайтын етіп қатайтып ұшырады. Әр баланың іс-әрекеті, мінез-құлқы, білім қабілеті, ұқыптылығы, еңбексүйгіштігі, не нәрсеге қабілетті екендігін бақылап, байқап жазып жүру керек. Әр баламен анасындай мейірімділік сезіммен қарап, баланың кейбір қателіктеріне ашу шақырмай, дауыс көтермей, жайлы қарым-қатынас жасау керек. Олай болмаған жағдайда оқушылармен тіл табыса алмай, оқушы мен ұстаз арасы алшақтап кетеді. Сондай-ақ, әр баланың кішкентай ғана жақсы қасиеттерін байқасаң, мақтап, мадақтап, оқушы бойына сенімділік тудыра білу қажет.
Мен мұғалім мамандығын таңдағаныма еш өкінбеймін. Бастауышта оқып жүрген кезімнен өзімнің болашағымды ұстаздық мамандығымен байланыстыра елестететінмін. Болашағыма нық сенетінмін.
Осы мен қандай мұғаліммін? Мен – өз жасыма қарамастан, заман ағысысына сай біліммен қаруланған, ой-өрісім жоғары, үздіксіз ізденісте жүрген, жан-жақты дамып, қалыптасып келе жатқан қатардағы жаңашыл мұғаліммін.
«Жаңашыл ұстаз»… Бұл атау бүгінгі таңда педагогика саласында жиі ауызға алынып жүрген жаңа ұғымдардың бірі екендігі баршамызға аян. Қазіргі кезде жаңашыл мұғалім ретінде даму – заман талабы.
«Ұстаз шәкіртке күн болып көрініп, нұр болып төгілуі керек» – демекші, жаңа ғасыр мұғалімінің бойында байқағыштық, әділдік, байсалдылық, ұстамдылық, сабыр сақтау сияқты қасиеттер тоғыса келе, олар мейірімділік атты ұлы ұғыммен ұштасып жатса ғана біздің еңбегіміз өз мәресіне жетіп, «Мәртебелі ұстаз» деген ардақты атаудың нағыз иегері болатынымызға сенімім зор.
Менің ойымша, жаңа заман мұғалімі интерактивті әдіс-тәсілдерді меңгерген, шығармашыл, ой өрісі кең, мәдениетті болу керек. Демек, біз өз бойымыздағы барлық жақсы қасиеттерді оқушыларға білім беру мен тәрбиелеуде үйлестіре отырып, заман талабына сай оқушы шығаруымыз керек. Өз ойларын еркін жеткізе алаты, алған білімдерін өмірде қолдана алатын оқушыларды дайындау біздің қолымызда. Ол үшін еңбек етуге дайынбыз. Осы мақсаттарымызға жету үшін ары қарай жұмыс істеу қажет, шебер мұғалім болу тек қана өзімізге байланысты. Әрине, ұстаз жүгі – ауыр жүк. Ұстаздардың мейірімге толы ақылы, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың, аналық сезімнің, дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай болады.
МУСЛИМХАН Монжий,
Алматы қаласы, Алмалы ауданы,
«№15 Гимназия» КММ
Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі
https://www.gov.kz/article/128171?lang=ru