Президент түркістандық оқушыға сыйлық жолдады

Елордадан келген сыйлықты Түркістан облыстық білім басқармасының мамандары табыстады.

Сарыағаштық оқушыға Президент сыйлық жолдады, — деп хабарлайды ERNUR.KZ. Сарыағаш ауданы білім бөліміне қарасты №30 С.Торайғыров мектебінің 4-сынып оқушысы Хиуаз Аршабай жуырда ерекше оқиғаға тап болды. «Президент балалардың арманын орындайды» деген әлеуметтік желідегі жазбаны оқыған ол, өз арманын хатқа түсіріп, Мемлекет басшысына жолдап, Қасым-Жомарт Тоқаевтан сыйлық алды. Хиуаз көпбалалы отбасынан шыққан алтыншы қыз. Барлығы да өнер-білімге бір табан жақын, ізденімпаз. Президентке жазған хатында ол бауырларына арнап ноутбук сонымен қатар Мемлекет басшысымен жүздесуді жазған болатын. Алдағы уақытта ол білімін арттырып, Президентпен кездесуді мақсат еткенін айтты. Хиуаз Аршабайдың хатында өзіндік арманы жазылған. Бұл хат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан тыс қалмады және ол Хиуазға өз атынан сыйлық жолдады. Елордадан келген сыйлықты Түркістан облыстық білім басқармасының мамандары табыстады. Президенттің бұл жауабы – Хиуаз үшін үлкен қуаныш. Сарыағаштық оқушы қыз тек оқу үлгерімі жағынан ғана емес, шығармашылық және интелектуалдық қабілеттерімен де ерекшеленеді. Мектеп басшысы Хиуазды мектебінің мақтанышы және болашақта қоғамға пайдасы тиетін азамат ретінде көретінін жеткізді. Бұл оқиға мектеп ұжымын ерекше қуанышқа бөледі. Хиуаздың жетістігі – тек оның жеке еңбегі емес, мектебі мен анасының үнемі қолдауының нәтижесі.

ERNUR.KZ