«QAITADAN»: Астанада тұңғыш апат туралы фильмнің жабық көрсетілімі өтті

Астанада «QAITADAN» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Туынды – режиссер Думан Еркімбектің алғашқы толықметражды жұмысы. Бұл – Қазақстанда апат туралы түсірілген тұңғыш көркем фильм.
Картинада өзімшіл қала баласы Рауанның оқиғасы баяндалады. Маңызды спорттық жарыс алдында ата-анасының қалауымен ауылға келген ол уақыт тұзағына тап болады. Оның өміріндегі оқиғалар қайталана береді. Тығырықтан шығуға тырысқан Рауан жойқын апатқа куә болып, өмірге деген көзқарасы түбегейлі өзгереді.
Іс-шара барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов фильм терең ойға жетелейтін философиялық оқиға екенін атап өтті. Туындыда ұрпақтар арасындағы сабақтастық, қателік пен кешірім секілді маңызды тақырыптар қозғалатынын тілге тиек етті. Бұл жоба 2023 жылы питчингте жеңіске жетіп, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен жүзеге асты.
Айта кетейік, соңғы алты жыл ішінде орталықтың қолдауымен 118 отандық фильм түсірілген. Қазақстандық туындылар 280-нен астам халықаралық фестивальге қатысып, 157 жүлдеге ие болды. Бұл нәтиже ұлттық киноның қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
«QAITADAN» фильмі қыркүйектен бастап еліміздің кинотеатрларында көрсетіліп, қалың көрерменге жол тартады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі