ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ТҮСІНІКТЕМЕСІ: Медициналық қызметтер тарифінің артуы — емдеу құны өседі дегенді білдірмейді

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында халық үшін емдеу құны өседі деген мазмұндағы ақпараттың таралуына байланысты ресми түсініктеме беруді қажет деп санайды.
Бұл – бұрмаланған ақпарат екенін айтқымыз келеді.
Медициналық қызметтер тарифі – бұл мемлекет бекіткен сомалар. Яғни емханалар мен ауруханалар сияқты медициналық ұйымдарға пациенттерді емдегені үшін төленетін қаражат. Бұл төлемдер Медициналық сақтандыру қоры арқылы жүзеге асырылады.
Мәселен, егер азамат медициналық көмекті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы немесе мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек (ТМККК) аясында алса, ол ешқандай төлем жасамайды.
Алайда бұл қызмет үшін Медициналық сақтандыру қоры медициналық ұйымға бекітілген тариф бойынша ақы төлейді. Мәселен, операция үшін 50 000 теңге немесе дәрігер кеңесі үшін 5 000 теңге.
Сондықтан медициналық қызметтер тарифінің артуы – халық үшін емделу бағасының өсуі дегенді білдірмейді.
2025 жылғы 22 шілдеде жарияланған Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хабарламасында («Қоғамдық кеңесте медициналық сақтандыру жүйесіндегі негізгі өзгерістер талқыланды») 2026 жылдан бастап тоғыз негізгі бағыт бойынша тарифтерді көтеру жоспарланғаны айтылған болатын. Бұл тарифтер 2020 жылдан бері қайта қаралмаған және медициналық қызметтердің нақты өзіндік құнын толық жаппайды.
Хабарламада тарифтерді өзектендіру стационарлық сектордағы созылмалы қаржыландыру тапшылығын жою және медициналық қызметтердің нақты құнын өтеу мақсатында жүргізіліп жатқаны атап өтілді.
Бұл сонымен қатар медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, медицина қызметкерлерін ынталандыру үшін атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі.
Азаматтар үшін мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек (ТМККК) пен МӘМС пакеттеріне кіретін барлық қызметтер бұрынғыша тегін болып қала береді.
Егер Денсаулық сақтау министрлігінің ресми ресурстарында жарияланған ақпарат толық түсінікті болмаса, ведомствоның баспасөз қызметіне жүгінуді ұсынамыз.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтынан алынды.