Реалға қарсы тұрып, дараланған 18 жасар Шерхан

2025 жылғы 30 қыркүйек – Қазақстан футболы тарихында ерекше мәнге ие күн болды. Бұл күні Алматының «Қайрат» футбол клубы тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығып, әлемдік деңгейдегі алып клуб – «Реал-Мадридке» қарсы ойнады. Чемпиондар лигасын 15 мәрте жеңіп алған мадридтік клубқа қарсы алаңға шығудың өзі – Қазақстан футболы үшін зор жетістік еді. Алайда, осы кездесуде барша жанкүйердің назарын өзіне аударған бір ерекше есім болды. Ол – небәрі 18 жастағы қақпашы Шерхан Қалмұрза.

Жас қақпашы ойын басталған сәттен-ақ өзіне артылған сенімді ақтап, әлемге әйгілі ойыншылар соққан доптарға тосқауыл бола білді. Оның реакциясы, батылдығы мен табандылығы жанкүйерлерді тәнті етті. Ресми мәліметтерге сәйкес, Шерхан 12 соққының 7-еуін қайтарып, оның ішінде бір пенальтиді сәтті тоқтатты. Бұл көрсеткіш – тәжірибелі қақпашылардың өзіне оңайлықпен бұйыра бермейтін жетістік. Осы нәтижесімен ол Чемпиондар лигасы тарихында пенальти қайтарған ең жас екінші қақпашы атанып, бірден рекордшылар қатарына енді.

Бұл кездесу Қазақстан футболының жаңа дәуірін айқындады деуге толық негіз бар. Бұған дейін Еуропаның басты додаларында қазақ футболшыларының көзге түсуі сирек болса, енді жас қақпашының сенімді ойыны елімізде де талантты спортшылар өсіп келе жатқанын көрсетті. Әсіресе, Шерханның ерлігі жасөспірімдер үшін үлкен шабыт көзіне айналды. Қақпашы болуды армандаған балалар үшін ол – нағыз үлгі.

Жанкүйерлер әлеуметтік желілерде Шерханды ерекше мақтан тұтып, оны «қаһарман» деп атады. Оның әрбір сейві стадионда және теледидар алдында қол соғып қарсы алынды. Әсіресе пенальтиді қайтарған сәт қазақ футболының тарихындағы ұмытылмас оқиға ретінде есте қалды. Бұл тек бір матчтағы сенсация ғана емес, болашақта үлкен жетістіктердің бастауы болатын сәт екенін сарапшылар да ерекше атап өтті.

Матчтан кейінгі сұхбатында Шерхан Қалмұрза қарапайымдылығынан танбай, «Жанкүйерлерімізден кешірім сұрағым келеді. Басқа айтарым жоқ. Иә, бұл осындай деңгейдегі алғашқы тәжірибем. Бірақ мұны сылтау етуге болмайды», – деді. Бұл сөздер оның жауапкершілікті сезініп, алдағы уақытта өзін одан әрі дамытуға дайын екенін аңғартты.

2025 жылғы 30 қыркүйектегі матч Қазақстан футболы үшін тарихи бетбұрысқа айналды. «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы алғашқы ойыны – еліміздің спорт тарихындағы ерекше белес. Ал осы кездесудің басты кейіпкері, 18 жасар Шерхан Қалмұрза, өз елінің намысын абыроймен қорғап, әлем алдында Қазақстанның да талантты ұлдары бар екенін дәлелдеді. Оның есімі енді тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық футбол сахнасында да айтыла бастады. Бұл – үлкен жолдың басы ғана, алдағы жылдары Шерхан Қалмұрзаның таланты шыңдалып, Қазақстан атын әлемдік деңгейде асқақтататынына сенім мол.

«Қайрат» бұл ойында жеңіліс тапқанына қарамастан, оның Чемпиондар лигасындағы алғашқы матчы ел спорты үшін тарихи белес болып қала бермек. Себебі мұндай деңгейдегі ойындарға шығу – жеңістің өзі сияқты құнды тәжірибе. Ал Шерхан Қалмұрзаның ерлігі сол жеңілістің өзін ел мақтанышына айналдырды.

Айзат БАҚБЕРГЕН,

Ұ.Бағаев атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы,

Алматы облысы, Кеген ауданы, Алғабас ауылы.

Сурет:https://sn.kz/sn-sport