Референдумдағы белсенділік

Сурет:CMN.KZ сайтынан алынған

Орталық референдум комиссиясы Конституцияны өзгертуге қатысты өткен референдумның алдын ала нәтижесін жариялады. Дауыс берушілердің 87,15%-ы жаңа Конституцияны қолдаған.

Мемлекет басшысы Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы 15-наурыз Конституция күні деп жариялап, жазда Парламенрт сайлауы өтетінін айтты.

2026 жылғы 15 наурызда Қазақстанда маңызды саяси оқиға – республикалық референдум өтті. Бұл күні ел азаматтары мемлекет болашағына қатысты маңызды шешім қабылдау үшін дауыс берді. Референдум – халықтың өз таңдауын тікелей білдіретін демократиялық құрал, сондықтан бұл күн ел тарихындағы ерекше күндердің бірі саналады.

Қазақстан бойынша 10 мыңнан астам сайлау учаскесі ашылып, таңертеңнен бастап азаматтар дауыс беруге қатысты. Ресми деректерге сәйкес, референдумға қатысуға 12 миллионнан астам қазақстандықтың құқығы бар. Таңғы сағаттарда-ақ учаскелерде адамдардың кезекке тұрғанын байқауға болады. Бұл халықтың ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетеді.

Референдум барысында бірнеше қызықты жағдайлар да тіркелді. Кейбір ауылдық жерлерде тұрғындар дауыс беруге ұлттық киім киіп келіп, нағыз мерекелік көңіл күй қалыптастырды. Ал кейбір учаскелерде шағын концерттер ұйымдастырылып, домбыраның үні естіліп тұрды. Бұл – референдумның тек саяси ғана емес, қоғамдық маңызды оқиға екенін көрсетеді.

Тағы бір таңғаларлық жайт – жастардың белсенділігі. Әлеуметтік желілерде алғаш рет дауыс беруге келген жас азаматтардың суреттері мен әсерлері жиі жарияланып жатыр. Көпшілігі бұл күнді «азаматтық жауапкершілікті сезінген ерекше сәт» деп сипаттады.

Сондай-ақ шетелде жүрген қазақстандықтар үшін де арнайы учаскелер ашылып, олар да өз таңдауын жасау мүмкіндігіне ие болды. Әлемнің түрлі елдерінде тұратын азаматтар ел болашағына қатысы бар екенін дәлелдеп, референдумға қатысуда.

Референдум – қоғамның белсенділігін көрсететін маңызды оқиға. Әрбір дауыс – елдің болашағын анықтайтын таңдау. Сондықтан көптеген азаматтар бұл күнді тарихи сәт ретінде қабылдап, өз құқықтарын пайдалануға тырысуда.

Нұрайна ТАҢАТАР,

Атырау облысы, Құрманғазы ауданы,

«Абай атындағы жалпы орта мектебінің»

 10-сынып оқушысы