Құрметті ҚОЖАХМЕТОВА Мағира Дәулетбекқызы!
Жазушы, публицист, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, әріптес, қаламдас апайымыз — Сізді бүгінгі мерейжасыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!
Алдағы уақытта да шығармашылық табыс тілейміз! Жасөспірімдерді ұлтжандылыққа баулып, олардың періште көңілмен жазған әрбір шығармасын ерінбей редакциялап өміріңіздің ажырамас бір бөлшегі журналыңыз «Балбұлақтың» беттерінде 25 жылдан бері танытып келесіз. Дертіне дауа іздеген жандарға зерттелген ақпаратты айшықтап, «Дертке дауа» газетінің өз оқырманын тапқанына 20 жылға жуықтапты.
Шығармашылық айдынында алып кемедей журналистика мен жазушылықты қатар алып, із қалдырып келе жатқаныңызға жарты ғасырдан асқаны әрбір жасқа өнеге. Сізден үйреніп, әділет жолында қолынан қаламы түспей келе жатқан шәкірттеріңіз қаншама!? Қай-қайсысы да шығармашылық бастауында Сіздей ұстазы барын мақтан етеді.
Сізге шын ниетімізбен ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, қалам ұшынан төгілген жазарыңыз тамшыдан шығарма мұхитына айналып, шабытыңыз шарықтай берсін деген тілек білдіреміз!
«Farabi shakirti» журналы мен www.farabishakirti.kz сайтының
шығармашылық ұжымы
Мағира Дәулетбекқызының өмірбаян дерегінен
1946 жылы 5 ақпанда Көкшетау облысы, Зеренді ауданы, Қошқарбай ауылында дүниеге келді.
Көкшетау кітапхана техникумын бітіреді. Мектепте, кітапханада жұмыс істейді. 1969 жылы Қазақ Мемлекеттік универсмитетінің журналистика факультетін бітірген. Республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде 1981 жылға дейін қызмет істеген. 1981—1992 жылдары «Қазақстан әйелдері) журналында, 1992—1994 жылдары «Денсаулық» журналында, 1994—1996 жылдары «Ай», 1996 жылдан «Ақ желкен» журналында қызмет еткен. 2002 жылдан бастап балаларға арналған «Балбұлақ» журналын, 2005 жылдан бері көпшілікке арналған медициналық, танымдық «Дертке дауа» газетін шығарыл келеді.
Шығармалары:
«Күннің алтын сынығы», «Әлем-әуен», «Жылы шырай», «Адам құпия», « Жантәсілім», «Жападан жалғыз» кітаптарының, көптеген танымдық материалдардың, шығармашылық портреттердің авторы. 2006 жылы шыққан Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Мәриям Хакімжанованың ІІІ томдық шығармалар жинағын құрастырған.
Үш құрбы – Сара Латиева, Мағира Қожахметова, Шәрбану Бейсенова
М.Қожахметованың суреттері ашық дереккөздерінен алынды.