СҚО полицейлері 3 күнде 7 жасөспірімді есепке алды

Автор:

Ақерке Дәуренбекқызы

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шара аясында 7 жасөспірім есепке алынып, 28 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — хабарлайды  www.farabishakirti.kz —  ҚазАқпарат тілшісінің мәліметіне сүйеніп.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде үш күндік «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Тәртіп сақшылары түнде көшелерді, көңіл көтеру орындарын және жастар жиналуы мүмкін орындарды тексеріп, рейд ұйымдастырды. Осы аралықта облыста түнде жалғыз жүрген жасөспірімдерге қатысты 125 факті анықталды. Барлық жағдайда ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ іс-шара кезінде із-түссіз жоғалған 17 жастағы жасөспірім табылды. Ажырасқан ерлі-зайыптының ұлы туысының үйінде тұрған, бірақ демалыстың алғашқы күнінде үйден кетіп қалған. Уайымдаған әйел полицияға хабарлады.

«Бұл жасөспірім бұрын полицияның есебінде болмаған. Оны бірнеше тәулік бойы іздедік. Жасөспірімді 9 маусымға қараған түні жедел уәкілдер тауып алды. Ол қала көшелеріне шығып, қаңғыбастыққа салынған. Бала Қызылжар ауданының Архангелка ауылындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Есепке алынып, мамандардың бақылауында болмақ. Оған қатысты материалдарды кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияда қарау жоспарланып отыр», — дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Бұдан бөлек, іс-шара кезінде 7 жасөспірім, 23 қолайсыз отбасы анықталып, есепке қойылды. Кәмелетке толмаған баласын тәрбиелеуде міндетін орындамаған 28 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Фото:Shyndyg.kz