Сәуле шашқан іздер…

Алматы -Ташкент — Париж сапары
Ай нұрымен тәтті ұйықтап, таң нұрымен сергек оянып, Алматыдан Ташкентке қарай жолға шықтық.
Шеризат пен қызымыз Бибігүл жол азығын мол дайындапты. Қасымтай мен Айғаным да ата мен апаны алыс жолға шығарып саламыз деп бірге шықты, балақандар да көңілді.
Ташкентке түс ауа жеттік. Қонақ үйден орын алып, жақсы дем алдырып, ертеңінде балалар Парижге шығарып салды.
Шеризат пен Бибігүлге көп рақмет!
«Адам өз өмірінің суретшісі», — деген еді Баубек Бұлқышев. Шынында, әр адамның өмірді бағалауы, оның қыры мен сырына, қиындығы мен қуанышына көндіге білуі өз қолында ғой.
Баламыз Шыңғыс Парижде метрология саласында Халықаралық келісім шарттың орындалуын қадағалайтын бөлімнің басшысы, бірнеше жылдан бері қызмет атқарып келеді..
«Мүмкіндігіңнен мақсатың жоғары болсын», -демекші алдына ата — анама жаңадан алған үйімді, қонысымды көрсетіп, қыдыртып, ел аралатсам, -деп мақсат қойған екен. Баламыздың үйін көріп, Әсел екеуіне, немерелерімізге қуанып, құтты болсын айттық.
Ұлымыз әкесі екеуімізді ел көрсетіп, жер көрсетіп, жаздың жайдары жарқын күнінде еуропаның бірнеше елдеріне апарды
Біз көптеген ірі қалаларда болдық.
Біздің саяхаттың бірінші аялдамасы ол Белгияның Брен — л`Але муниципалитеті. Осы жерде Напалеон жеңілген екен. Нидерланд королі Виллем I Ватерлоо шайқасы кезінде. Виллем II — нің иығына оқ тиіп, аттан құлаған жеріне Арыстан қорғанын (Арыстан төбесі деп те аталады; французша — Butt du Lion) тұрғызғанын көрдік.
Екінші аялдамамыз, Брюсселдегі Гран – Плас – Белгия астанасының басты көрнекті орны әрі әлемдегі ең көрікті алаңдардың бірі. Қала жүрегінде орналасқан бұл үлкен алаң, фламандаша Grote Markt бүгінде ЮНЕСКО — ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Оның тарихы ХII ғасырдан басталады – сол кезде құрғатылған батпақтардың орнында алғашқы базар пайда болған. Гран — Пластегі ең әйгілі екі ғимарат – «Король сарайы» және қалалық ратуша
(әкімшілік) XVI ғасырдың басында неоготика стилінде салынған монументалды «Король сарайы» нан базарының орнында бой көтергендіктен халық арасында «Нан үйі» деген атпен танымал. Брюссельден шығып, Нидерланд жерінен гүл шоқтарының егістігінен өтіп, Берлинге жол тарттық.
800 — шақырымдай жол жүру керек екен. Сол жолдың тең ортасында дем алуға бел буып, Германияның Бад Холзхаузен деген кішігірім аулында қонақтадық.
Келесі күні Германия астанасы Берлинге келіп, Бранденбург қақпасын, Берлиннің орталығында орналасқан салтанатты архитектуралық құрлысын тамашаладық.
Бранденбург қақпасы Берлиннің ең танымал көрнекті орны әрі Германияның ұлттық символы. Одан әрі қарай жүріп, Рейхстагты көрдік. Ол қазіргі күні Германия парламентінің (бундестаг) жиналыс орны. Рейхстаг — фашизмге қарсы жеңістің де символы. 1945 — жылы осы ғимараттың үстіне Кеңес армиясы Жеңісінің Қызыл туын Рақымжан Қошқарбаев тіккен болатын. Бүгінгі күнге дейін ғимарат қабырғаларында қалған оқ іздері мен кеңес сарбаздары жазып кеткен жазулар сақталған.
Аталарымыз Ұқан Қуанбаев пен Жүніс Қуанбаев – бір үйден Отан соғысына қатысқан бір үйдің қос батыры. Жүніс Қуанбаев атамыыз (1923-1942 жж.) майдан даласында ерлікпен қайтыс болды. Аталарымыз соғыс ардагері болғандықтан, олар жүрген ізбен жүріп, естеліктерді тамашаладық. Суреттерге түстік.
Ертеңгі күні Берлин қабырғасын барып көрдік. 1961 жылдан 1989-жылға дейін Шығыс пен Батыс Берлинді бөліп тұрған инженерлік құрлыс ұзындығы 155 — шақырымды құраған Герман Демократиялық Республикасының бекітілген мемлекеттік шекарасы болды. Бүгін де қабырғаның небәрі 1,3 шақырымдық бөлігі ғана сақталған. Берлин қабырғасы қырғи қабақ соғыс дәуірінің ең танымал символдарының бірі ретінде қабылданады. Келесі соғыс символдарының бірі Кайзер Вильгелмнің 19 ғасырдың соңында — бірінші герман кейзері Вильгельмнің құрметіне арналып тұрғызылған. 1943 — жылы қарашада одақтастардың әуе шабуылы кезінде шіркеу дерлік толығымен қирап, тек батыс мұнарасы аман қалған екен.
Соғыстан кейін шіркеуді қалпына келтірмеуді, бірақ бұзбауға шешім қабылданады — бұл шешім Берлиндіктердің өтінішімен қабылданып, ескерткіш ретінде сақталады. Қазіргі уақытта бұл шіркеудің сақталған бөлігі «сынған тіс» («пустой зуб»)деген атпен белгілі және соғыстың қасіретін еске салатын үнсіз ескерткіш болып тұрғанын көрдік.
Сол тарихи ескерткішті көргеннен кейін Мұстафа Шоқай атамыздың зиратына барып, құран оқыдық. 1941-жылы 27- желтоқсан күні Мұстафа атамыз «Виктория Кранкенхаус» емханасында дүние салған еді. Жұбайы Мария Яковлевна Горина сонда азаматтық істеп, сол соғыс жылдарының қиын қыстау кезінде Берлиндегі түрік зиратына жерлеген екен. Атамыздың аруағына құран бағыштаған соң Парижге бет алдық.
Орта жолда Люксембурктен өттік Ұлы Люксембурк герцогтігі — Алматыдан сәл ғана үлкен шағын еуропалық мемлекет. Жерінің көлемі шағын болғанымен, Люксебурк өз архттектуралық табиғи көрікті жерлерінің көптігімен мақтана алады.
Біз жүрген жолдар тап – таза жаңа ғана жуып қойғандай.
Балалар алдын – ала тапсырыс берген екен жол бойындағы ауылдардағы бір — екі үйлерге түнеп, табиғат аясында дем алып, тынығып, қайта жолға шықтық.
Табиғат көрінісі керемет! Жап -жасыл ормандар, арасында арнайы егілген ағаштар бар, табиғаттың тамаша көрінісі жан сарайыңды ашып, көңіліңе көрікті ойлар әкеледі. «Адам дүниені, табиғатты, тануды, өмірді тануды өзінен бастау керек», -деген еді М.Арын. Күн нұры, таң самалы, гүлдердің жұпар иісі бәрі адам баласына қуаныш, жақсылық сыйлайды ғой біз оны түсініп, сезінгендей болық.
Үлкен әсер алып, Парижге оралдық. Немерелерімізбен Парижді аралап шықтық. Көптеген тарихи ғимараттарды көріп, тамашалап қайттық. Трокадеро алаңына бардық, ол Эйфель мұнарасы көрінетін тарихи көрнекі орындардың бірі және Париждің әйгілі ескерткіштерінің бірі.
Лувр мұражайы әлемдегі ең ірі және ең танымал өнер мұражайының біріне бардық. Ол Париждің орталығында Сена өзенінің оң жағалуында орналасыпты.
Луврдің жанында Париж Құдай анасының соборы сондай — ақ Нотр — Дам деп те аталатын — Париждің дәл жүрегінде орналасқан котолик шіркеуі Франция астанасының басты символдарының біріне бардық. 2019 — жылы осы шіркеуде ауқымды өрт болған. Жалын шіркеуге қатты зақым келтіріп, оның ағаш шатырын толықтай жойған. Сондай — ақ XIX ғасырда тұрғызылған атақты котолик шпилі де құлап түскен. 2024 — жылы Париж Құдай Анасы шіркеуі құрлыс қалпына келтіру жұмысынан кейін өз есіктерін салтанатпен ашыпты.
Біраз күннен кейін балаларымыз Парижден 200 — шақырымдай жердегі Онфлер деген Францияның солтүстігінде Нормандия аймағында Сена өзенінің Ла — Маншқа құяр сағасында орналасқан шағын әрі көркем қалаға тоқтадық. Түскі асты теңіз балықтарымен тамақтандық. Бұл қала өзінің тарихи айлағымен, тар көшелерімен, ағаш қаңқалы үйлерімен және өнерге толы рухымен танымал екен. Одан шығып, Этрета деген Ла — Манш теңізінің жағалауында орналасқан шағын,бірақ өте көркем курортты қалаға бардық. Ол әлемге әйгілі жартастарымен табиғи көріністерімен танымал еді. Бұл ландшафтар ғасырлар бойы суретшілерді, жазушыларды шабыттандырып келеді. Онфлер және Этрета бұрыннан бері балықшылар мекені болған екен.
Осы сапарымызда ЮНЕСКО — ның штаб — пәтерінде XX ғасырдың ұлы композиторларының бірі Нұрғиса Тілендиевтің 100- жылдығына арналған «Шабыт бастауы: Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы» атты көрмесінің салтанатты ашылу іс — шарасына қатыстық. Нұрғиса Тілендиевтің қызы Динзухра Тілендиева осы салтанатты іс шараға қатысты. Динзухра қазіргі таңда Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» қазақ мемлекеттік академиялық фольклорлық — этнографиялық халық аспаптары оркестрінің дирижері әрі көркемік жетекшісі.
Осы іс – шараның ұйымдастырушысы Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Асқар Сауытбекұлы есімді азамат екен. Іс — шара соңында Асқармен танысып, қазақ елінің біртуар өнер иесін шет елге, Францияға танытып, басқа ұлт өкілдеріне тыңдатқанына алғысымызды айттық.
Иә, балаларым, сендер бізге үлкен демалыс, мазмұнды жоспар жасап, керемет саяхат ұйымдастырыпсыңдар.
Өткен өмір естеліктерімен бірге тарихи мазмұны бар елді мекендерге, атамыз жүрген жолдарды көрсетіп, не бір тамаша ескерткіштерге, саяхат жасауды жолға қойған екенсіңдер.
Әкең – Бекен Ұқанұлы екеуіміздің көңілімізді сергітіп, жан дүниемізге шуақты сезім сыйладыңдар.
Өмірлерің өрісті, еңбектерің жемісті, денсаулықтарың келісті болсын, жандарым! Бәр балаларымызға алғысымыз шексіз!
Амандық — саулық тілейміз! СЫДЫҚОВА Алтынхан Есілханққызы,
ҚР «Білім беру ісінің үздігі». Ардагер ұстаз.
Алматы