Сөз мәдениеті
«Шаршы топта сөз бастау қиын:
Тауып айтсаң, мереке қылады,
Таппай айтсаң, келеке қылады».
Досбол шешен
Сағи Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Ымырттағы кітапхана» әлеуметтік-мәдени шара аясында Рухани және қазақы бағыттағы әйелдер эксперті, филология ғылымдарының магистрі, оратор Ниязова Аманша Арыстанқызымен ораторлық шеберлік сағаты өткізілді. Шара барысында Аманша Арыстанқызы шешендік өнер, сөйлеу мәдениеті, өзін-өзі ұстау, көпшілік алдында сөз сөйлеу деген сынды тақырыптарды қозғап, шеберлік әдістерін көрсетті. Мақсаты: қазақ тілінің мәртебесін көтеру, мемлекеттік тілді дамыту. Тіл қолданысының дәрежесін көтеру. Жастарды ораторлық өнер негіздерінде, презентациялар өткізуге, қорқыныш пен қобалжудан құтылуға, сөзді дұрыс айта білуге, сонымен қатар дауысты дамытуға арналған негізгі жаттығуларды үйретті.
Шешендік – қазақ елінің көнеден келе жатқан дәстүрлі тіл өнері, сирек ұшырасатын қасиет, дарын. Шешендік сөз терең ойға, ұтқыр шешімге, тапқыр қисынға құрылады. Қазақта жезтаңдай, ділмар, айыркөмей, орақ ауыз, от тілді, сөзуар, тапқыр адамды «шешен» деп айтқан. Аманша Арыстанқызы «Асыл сөз майданда да керек, Сайранда да керек» деген болатын өз сөзінде. Шараға қатысушыларға ол бірнеше мысалдар келтіріп, әңгімелерден үзінді келтіре отырып ораторлықтың негізгі бағыттарын талқылап, аудиторияға әсер ету әдістерін үйретті. Сонымен қатар ол белгілі ораторлардың сөй сөйлеудегі ерекшеліктерін айтып, қатысушыларға арнайы тапсырмалар берді.
«Қазақ тілі – сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан-жүйеңді жандырып құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып келем тіл»,-деген екен Бауыржан Момышұлы атамыз. Ел-жұрты елеген, халқы қалаған азаматтарды ардақтаудың ана тілімізде атаулары мен дәріптеу, бейнелеу сөздерін айтып тауысу мүмкін емес. Оны қазақ теңеп те, бейнелеп те, асқақтатып та айта білген, сөз тіркестерін қолданып та келген. Мысалы ел намысын қорғаған ерлерді «нар», «арыс», «арыстан», «ерім», «азаматым» деген сияқты теңеулермен мадақтап, ардақтаумен бірге әділді «қара қылды қақ жарған»; шеберді «темірден түйін түйген»; жомартты «атын түсіп беретін мырза»; адалды «сүттен ақ, судан таза»; сұлуды «ай мен күндей»; әдептіні «қыз мінезді жігіт»; баланы «тойған қозыдай»; бойжеткенді «оймақ ауыз, күлім көз», деп теңеу келтіріп, дәріптеген. Жақсы адамдарды көріп, білмесе де сырттай сүйініп, ұрпағына үлгі еткен. Олар ауылына келгенде баласының аузына түкіріп, отырған жеріне аунатып алған, соған ұқсасын деп ырымдаған. Ел сыйлаған адамдар есімі халық жадында мәңгі сақталған.
Мыңдаған, жүздеген жылдар өтсе де, Бәйдібек, Қазыбек, Байдалы билердің, Домалақ ана, Гауһар, Ақбикеш, Айбике аналардың, Қабанбай, Бөгенбай, Ағынбай батырлардың есімін жұрт әлі де мақтанышпен айтып отырады, үлгі тұтады. «Майқы Мәнұлы өз заманында бүкіл қазақ атаулыны билеген, билеу үстінде әділдік орнатқан, қара қылды қақ жарған адам болыпты. Майқыны заманында «Қарқуардай Майқы» дейді екен. Өйткені ол да шешендігіне байланысты болса керек. Қарқуар деген құс ертеден сайрағаннан талмай, түннің бір шамасында ғана сайрауын қояды екен. Содан екі бие сауым ғана дем алып, таң құлан иектене қайта сайрайды екен» деседі. Міне, Майқы атамыз сондай шешен болыпты.
Халық сөзі – қуатты құрал екені сөзсіз. Аса сөйлегенді қайтарып, екі жүздіні әшкерелеген де халық сөзі. Кейінгі ұрпаққа ақыл айтып, тұнық көл секілді тәтті сөздің былғанбауын тілеген болатын бабаларымыз. Адамгершілік асыл қасиеттерге тәрбиелеуде осы шешендік өнер – жол бастаушы болған. «Сөйлесең сөйле, қызыл тіл» демекші, ұрпағының адал, әділ болуына ықпал етуі де – жақсылық нышаны. Ұлттық қазынаның қазаны ортаймағай, ел еңсесі биік, ұрпағы – ұлдары көсем де шешен, қыздары әсем де абыройлы болғай.
CҰЛТАНБЕКОВА Лаура Ерікқызы,
Сағи Жиенбаев атындағы Ақтөбе
облыстық жасөспірімдер кітапханасының
жасөспірімдерге қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі.