Саф ауа мен таза ой: баланың шынайы әлемі

Бір кезде әр ауланың әр түкпірінен балалардың шат күлкісі естілетін. Далада доп қуған, секіртпеде секіріп әртүрлі ойын ойнаған балалардың дауысы үнемі жаңғырып тұратын. Қазіргі заманда сол сылдырлаған дауыстарды есту күнде қол жеткізе бермейтін  мұңға айналып  кеткен секілді ме?

Бүгінгі күннің білікті дәрігерлері баланың денсаулығына алаңдап,  нәрестелер мен жасөспірімдердің таза ауада мейлінше демалуы қажеттігін ескертуде. Соған қарамастан, қаланың да, даланың да баласы жасы үлкені бар, кішісі бар уақытын үйде бір телефонға телмеріп өткізуде. Бұл – болашақта бүгінгі бала, ертеңгі азаматтың өмірне төнген қауіп десек, артық айтқандық емес. Гаджетті ақтара отырып, түрлі сайттарға кіріп, өзіне қажет емес нәрсеге үйір болу, ойын ойнау, кейбір сайттарға тіркеліп, сөйлесу фактілері бар екенін теледидар бағдарламаларына қатысқан мамандар айтып, дабыл қағуда. Ресми деректерде суицид жасаған балалардың негізгі себебі, сайттағы жарияланымдар екені де айтылуда. Осындай мысалдар арқылы бар бала бірдей гаджеттің жетегінде кетті дей алмаймыз. Жақсы білім алуға ұмтылып, қабілетін шыңдап аудан, қала, облыс пен републикалық байқауларды айтпағанда, әлемдік білім сайыстарында елімізідң көк Туын желбіретіп, бас жүлделер иемденіп келе жатқан жасөспірімдердің еңбегін бағалап, мақтанышпен атаймыз.

Неге гаджет туралы мәселені қозғадым? Себебі, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына да осы бір телефонда өткізетін уақыты кері әсерін беруде. Ең алдымен, дұрыс, уақытылы тамақтанбайды. Жүрдім-бардым, фастфудпен  ауқатана салады. Газдалған сусындарды шамадан тыс көп ішеді. Екіншіден, дене қимылы аз. Нағыз далада таза ауада ойнап, асыр салатын баланы ырымға табу қиын. Қарап отырсақ, балалар жаяу жүруге ерінеді. Кешкі салқын ауада серуендеген бала аз. Бұған ата-ананың да ықпалы бар. Жұмысбастылықты сылтауратып, баласымен жаяу жүруге уақыты тапшы. Адам организмі шынықпаған соң, түрлі вирустық ауруларды қабылдауға бейім болады.

Баланың денсаулығына, демалысына уақыт бөлу, мүмкіндігінше таза ауада ойнауын ұйымдастыру қалай айтсақта, ата-ананың міндеті. Ата-ана тарапынан балаға көңіл бөлінбегендіктен, ол өзіне шекара қойып алады да, гаждет әлемін таңдайды. Телефонға байланған баланы айналасындағы  ата-ана мен бауырлар, аулада ойнау, балалармен достасу, қоршаған орта сияқты дүниелер  қызықтырмайды.

Ауладағы күлкі — тек естелік емес, болашақ ұрпақтың шынайы қуанышы болуы керек. Тек табиғатпен үндес өмір сүрген бала ғана бақыт пен денсаулықтың қадірін сезінеді. Дені сау ұрпақ қана ел болашығын дамытуға бар күш-жігерін жұмсай алады. Салауатты өмір салтына негізделген қағидаларды сақтайды. Білімді жастардың легін құрап, Отанымызға адал қызмет етеді. Дені сау баланың  риясыз күлкісі мен шат көңілі, шынайы қуанғаны мен болашаққа деген нық қадам басуы – отбасында ата-анадан берілетін тәрбие. Балаларының арманын ұштаған еліміздегі әр отбасы аман болсын!   Әр ауладан баланың  баланың шат күлкісіне кенеліп, әлемді жаңғыртсын! 

                                                                                                                                           ЖАҚСЫБАЙ  Перизат,

Жамбыл  Жабаев атындағы №161 лицейдің

11 «Ә» сынып оқушысы.

Алматы қаласы, Медеу ауданы.

Жетекшісі: Айгерім ЕСІМХАН

Сурет: ЖИ