Сахараның саңлақтары
Әлемнің ең мықты адамы 420 келі көтерсе, ал біздің атамыз 816 келіні еңсерген
Шайдолла ШОЛАҚ,
Балуан Шолақтың немересі.
Балуан Шолақтың немересі даңқты атасы жайлы естеліктерімен бөлісті
Балуан Шолақ – қазақ халқының маңдайына біткен біртума арыстарының бірі. Аты аңызға айналған Балуан аттың құлағында ойнайтын өнерпаз, күш өнерін көрсеткен спортшы, ақын — сазгердің жолын жалғаған композитор болған, сондай — ақ оның ел білмейтін қырлары мен сырлары әлі де баршылық. Азан шақыртып қойған есімі – Нұрмағанбет. Алайда жас кезінде саусақтарын үсітіп алуына байланысты халық оны «Балуан Шолақ» деп атап кеткен. “Гиннесс рекордтар” кітабына енген әлемнің ең мықты адамы 420 келі көтерсе, ал қазақтың Балуаны 816 келіні еңсерген екен.
Осындай көрсеткішке жете тұра, рекордтар кітабына енбей қалған. Мұның себебін батырдың немересі айта кетті. Қазіргі күні аты әлемге мәшһүр алып күш иесінің ұрпақтары аталарының мұрасын халыққа жеткізу міндетін алдына қойған. Stan.kz тілшісі Балуан Шолақтың немересі Шайдолла Шолақпен тілдесіп, балуанның өмірі жайлы ел аузында жүрген деректерді анықтап, ұрпақтарының қазір немен айналысып жүргенін сұрады.
62 жастағы Шайдолла Шолақ Ақмола облысы, Бұланды ауданының тумасы. Балуан (Нұрмағанбет) Шолақтың кіші ұлы Құдайбергеннің отбасында дүниеге келген. 1982 жылдан бастап мұғалімдік қызмет атқарған. Айтуынша, өзіне де даңқты атасынан қасиет дарыған. Бұл – ұстаздық ету құрметі мен абыройы. Бүгінгі таңда Шайдолла Шолақ «QazExpoCongress” АҚ — та бас менеджер болып жұмыс істейді, елордасы Нұр-Сұлтан қаласында отбасымен бірге тұрады.
- Шайдолла аға, өзіңіз туралы айтып берсеңіз, немен айналысасыз? Сізді БАҚ — та “Шайдолла Шолақ” деп жазып жүр, атаңыздың лақап атына айналған есімін тегіңіз етіп алдыңыз ба?
—Менің тегім Балуан Шолақтың атымен аталса оған қуанамын, мен үшін мәртебе болып қала береді. Атамыздың қандай тегімен жүрсем де текті отбасынан, осындай ұлы адамдардың отбасынан шыққандықтан халық, ұрпақ алдында үлкен жауапкершілік арқалайтынымыз рас. Халықтың ұлына айналған Балуан Шолақ атамыздың ұрпақтан — ұрпаққа жалғасқан тәрбиесімен өсіп, қазір өз балаларымызды да солай баба аманатына лайық өсіріп келеміз. Тектілік – адам бойындағы асыл қасиеттердің, парасаттылықтың үлгісі ретінде атадан балаға рухани сабақтастықпен беріліп отырары сөзсіз. Сондықтан баба рухына құрмет, осындай ұлы адамның ұрпағы болу – бұл да Алланың берген сыйы деп білемін.
Өзіме келер болсам, 39 жыл еңбек жолымда мен үшін ең қымбаты – ұстаздық. Алғашқы мамандығым балаларға тәлім беруден басталды. Мұғалім, мектеп басшысы, аудандық білім бөлімінің басшысы болып жүріп ұстаздықтың қыр — сырын меңгеріп, білім саласына өзіндік үлесімді қосқаным бар.
- Балуанның түр-сипаты жайлы деректер көп, ал мінезі, жүріс-тұрысы қандай болған?
—Соларды іздестіріп, Балуан Шолақпен кездескен халық ақындарының әңгімелерін қағазға түсіруді ұйымдастырған негізінен Сәбит Мұқанов болды. Сәбекеңнің ізінен Балуан атамыз туралы әрі қарай зерттеу жұмыстарын жүргізген Жайық Бектұров, Әшімбек Бектасов, Естай Мырзахметов, Тұрсынбек Кәкішев, Арғынбай Бекбосынов, Серік Оспан ағаларымыз болды. Осы тұрғыда 1985 жылдан бері қарай өз қаржысымен демеушілік көрсеткен Марат Нәбиев ағамыздың қазіргі қазақ меценаттарының ішінде шоқтығы биік. 2020 жылы «Әлемдегі ең бай адам» атты үш томдық жинағы халық назарына ұсынылды. Жан-жақты жазылған, қажырлы еңбекті қажет еткен туынды болды деп есептейміз.
Шайдолла Шолақ отбасымен
Әкемнен атамның бойы 1.80-1.90 метрге дейін жеткен деп еститінмін. Жауырынды болғандығын «екі иығына екі адам отырады» деген сөзден аңғаруға болады. Естуімше, иманды, салмақты, мейірімді, таза адам болған. “Қысты күні далада қандай аяз суық болса да шынтағымен мұзды ұрып, су шығарып дәрет алатын болған” дейді әкем. Тағы бір естеліктер бойынша, Балуан Шолақ атамыздың Беляков Илья Васильич деген досы болған. Достықтарының қалай басталғанын ешкім білмейді. Сол кісінің немересі Сергеймен оқушы кезімізден бастап қазіргі уақытқа дейін жиі араласып, сол қарым — қатынас достыққа ұласып, әлі күнге дейін хабарласып тұрамыз. Қазір ол кісі Германияда тұрады.
- Балуан Шолақтың жеке өмірі жайлы айтып бере аласыз ба? Кімге үйленді, жарын қалай таңдаған? Деректерде, сүйген аруына қосыла алмаған дейді. Әкелеріңізден жеткен ақпарат қандай?
– Балуан Шолақ пен әжеміз Қаныкейдің Исажар мен Құдайберген жəне Бәтен есімді қызы болған. Отбасында атамыздың күш — қуаты Бəтен қызына дарыған дейді. Оны 30 — жылдарғы қиын кезеңде Балуан Шолақтың əндерін жазып алу үшін Б.Г. Ерзакович іздеп барады. Сондағы көргенін ол былай суреттейді: «…Көп ұзамай, үйден əріректе тұрған қауғалы құдық жақтан ұзын бойлы, бүрмелі кең көйлек пен жіңішке беліне шақ қыналған қамзол киген бір əйел бізге қарай келе жатты. Ол мойынағашпен ернеуінен асқан шелек суды көтеріп бара жатқанына қарамастан бүгілмей, бүкіреймей, аяқтарын жеп — жеңіл басып, тіп — тік жүріп келеді. Балуан Шолақтың қызы Бəтен Нұрмағамбетова – сол екен. Жас болмағанымен, оның спортшыға тəн сұлу сымбаты мені таңғалдырды”, – дейді.
Шайдолла Шолақ емші әпкесі Әйбат, інісі Есенбаймен
- “Бір үйдің өгізін өлтіріп алғаны” сияқты атаңызға қатысты тағы қандай елді таңғалдырған оқиғалар бар?
–—Атамыз туралы естеліктер өте көп. Бала кезімізде әке — анамыз бізге ерінбей айтып беретін. Бұл оқиғаны бала кезімізде жиі естідік. Бірде атамның ауылына өзге ауылдан топ кісі келіп, одан көмек сұрапты. Олардың ауылында бір байдың үлкен қара өгізі адамдарға шабуыл жасап, кезіккенді сүзіп, әбден мазаларын қашырған екен. Атам мәселеге қаныққан соң әлгі ауылға барады. Атынан түсіп, киіз үйдің жанына таяғанда атпен бірдей қара өгіз атама шабуыл жасамақ болады. Атам сол өгіздің мүйізінен ұстап, ары — бері ырғап тұрып, құлақ шекесінен ұрыпты. Ешкімнің ырқына көнбеген қара өгіз сол жерде сұлқ түсіпті. Істі тындырған атам түк болмағандай байдың үйіне беттейді. Бай әйгілі балуанды зор құрметпен қарсы алып, бар қошеметін көрсетіпті.
Осындай қызық әңгімелер өте көп. Атамыз бірде ауыл аралап жүргенін де сазға арбасымен батып қалған орысты көреді. Шынымен де көмек керектігін байқаған атамыз «Көмек керек пе?» деп сұрайды. Сонда орыс: “Сен түгілі екі пар ат тартып шығара алмағанда қалай шығармақсың? Егер шығара алсаң, екі пар атпен бірге арбаны да беремін, тырысып көр” — деп мысқылдаған көрінеді. Сонымен атамыз арбаның жетегін екі білегімен ұстап екпінмен саздан арбаны жұлқып тартып алады. Күші мен ептілігіне таңғалған орыс өз сөзінен ұялып қалады. “Уәденің аты уәде, арбаны екі атымен ала бер, жүгенімді қайтарсаң болды” деген екен.
- Балуан Шолақ атамыздың балаларымен қарым-қатынасы қандай болған? Ол кісіден ұлдарына, олардан сіздерге жеткен қандай ақыл — кеңестерін жадыларыңызға сақтадыңыздар?
—Әкем Құдайбергеннің аузынан атам туралы көп естелік естіп өстік. Атамыз балаларын қасынан тастамай өзінің бойындағы барлық қасиеті мен өнерін үйрете білген. Әкем де өте қайратты кісі болған. Тегіне тартпайтын тұяқ бола ма? Әкесінің естеліктерін, көңіліндегі әңгімелер мен көрген-білгенін әңгімелегенде әкемнің сөзі сай арасынан шақпақ тасындай сарт — сұрт түсіп, екі көзі жанып кететін. Сымбаты келіскен әкеміз үлкен қайраттылығымен ел аузында қалған. 150 литрлік сумай құйылған бөшкені машинаға бір өзі көтеріп, 3 центнерлік бидай толы қанарды қиналмай көтеріп, диірмен шанағына құйғанын көрген адамдар қазір де бар деседі. Атамыз көз жұмғанында әкем Құдайберген 17 жаста екен. Әкемнің көзін көрген үлкендермен кездесе қалсақ, атам туралы айтқандарын әңгімелей жөнеледі. Әкеміз арқылы бізге жеткен атамның өнегесі ұрпақтан — ұрпаққа жалғасып келеді. Ал анамыз Қазиза “Маткенов” әулетінен шыққан, әкесі қасиетті адам болатын. Ел-жұрт үлкен құрметпен қарап, анамнан бата алу үшін іздеп келетін. Ол кісі 95 жасқа келіп қайтыс болды. Сол үлкендерден алған тәліміміз бен естеліктерді кейінгі жас буынға жеткізсек дейміз.
—Қазір балуанның ұрпақтары немен айналысып жатыр? Балуанның жолын қуам дегендер бар ма?
– Қазақта «Түбін білмеген – түгін білмейді» деген. Балуан атамыздың ұрпақтары екенімізді білетін халық құрметтейді. Бауырларымыз да осы құрметке лайық болу үшін де адал жолмен, игі істерге талпынамыз. Отбасында біз төрт ағайындымыз: Қайролла ағам зейнетте. Інілерім: Есенбай, Қамидолла – кәсіпкерлер. Әрқайсысының отбасылары бар, ұрпақ тәрбиелеп, өз тірлігімен жетіліп жатыр. Отбасымызда ең үлкені әпкем – Әйбат. Қазір зейнеткер, емші. Өте өнегелі отбасының ұйытқысы болатын Мұрат Қабылбаев есімді жиенімізбен бірге тұрып жатыр. «Жетім көрсең жебей жүр» дегендей балалар үйінен 13 балақайды қамқорлығына алып, сол балалардың болашағының жарқын болуына үлкен үлес қосып отыр. Бұл кез келген адамның қолынан келе бермейді. Әйбат апамнан алған тәрбиесін қайырымды, игі істері арқылы көрсетіп келеді. Кенже қарындасым Асыл да жақсы қызметтерде істеп, еліміздің дамуына өз үлесін қосып келеді.
Атамызға ұқсап балуан болмасақ та, ұрпақтарының бойында қанымен келген дарындылық пен көрегендік, парасаттылық пен өзгеге қамқор болу секілді қасиеттер бауырларымның бойынан табылады. Дарын, өнер демекші, марқұм Манат апам, бауырларымның барлығы дерлік ән шырқап, домбыра тартады, өнерден құр алақан емес. «Атымызға кір келтірмеңдер» деген әкелеріміздің өсиетін өз балаларымызға ғана емес бүкіл жастарға жеткізіп отырамыз деп ойлаймын.
– Шайдолла мырза, әңгімеңізге рақмет!
STAN.KZ
Редакциядан:
Сұхбат 2- бетке лайықталып, қысқартылды.