Салауатты өмір салты неге маңызды?

Салауатты өмір салты ежелден дұрыс тамақтану, денсаулыққа зиянды әрекеттерден аулақ болу, жаттығу жасау, ұлттық тағамдарды мейлінше көп тұтыну болып табылады. Кейінгі жылдары асханалар мен кафелерде қазақтың бесбармағын, қымызы мен шұбатын, тіпті кеспе көжесін сирек кездестіреміз.
Қазіргі таңда салауатты өмір салты жайлы жиі айтылады. Бірақ көп жастар оның маңызын толық түсіне бермейді. Салауатты өмір салты дегеніміз – дұрыс тамақтану, спортпен айналысу, зиянды әдеттерден аулақ болу және психологиялық тепе-теңдікті сақтау. Бұл – жай ғана сән емес, бұл – денсаулығың мен болашағың үшін қабылдайтын саналы шешім.
Денсаулық – адам өміріндегі ең басты байлық. Егер денсаулығымыз болмаса, ешбір мақсатқа жету, білім алу, жұмыс істеу мүмкін емес. Сондықтан денені күту, жақсы ұйқы, таза ауада серуендеу, уақытылы тамақтану – барлығы біздің ұзақ әрі сапалы өмір сүруімізге ықпал етеді. Көп жастар фаст-фудпен қоректеніп, түнде ұйықтамай, гаджеттерге тәуелді болып кетеді. Мұның барлығы денсаулыққа кері әсер етеді.
Салауатты өмір салты тек дене саулығына емес, ой-санаға да әсер етеді. Спортпен айналысатын адам өзін сергек, белсенді сезінеді. Мидың жұмыс істеуі жақсарады, көңіл-күй көтеріледі. Ал зиянды әдеттер – мысалы темекі шегу, ішімдік ішу – адамның тек денесіне емес, болашағына да зиян тигізеді. Бұл әдеттерден аулақ болу – өзіңе деген құрметтің белгісі.
Салауатты өмір салты – әр адамның өз қолында. Ол – болашағыңа жасаған инвестиция. Егер ерте бастан өзіңе күтім жасасаң, ертеңгі күнде де өзіңе рақмет айтатын боласың. Сондықтан әрбір жас буын салауатты өмір салтын өмірінің бір бөлігіне айналдыруы тиіс. Адам ағзасына зиянды тағамдар, энергетикалық сусындар туралы көп айтылуда. Энергетикалық сусындарды шамадан тыс пайдаланған жастардың денсаулығының сыр бергені, тіпті қауіп төндіргендігі туралы ақпарат құралдары айтып жатыр. Сондықтан, өз денсаулығын болашағын ойлаған әрбір жас салауатты өмір сүруге ұмьтылғаны жөн.
ЕРБОЛАТ Елбақыт
Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Ізұтты Айтықов ауылындағы
Қасым Қайсенов атындағы орта мектептің түлегі.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының Жас тілшісі.
Сурет:https://z-taraz.kz/