Сазды әуенмен сәмбі талдай ырғалған
Алматылық сегіз жасар Анелдің көркем гимнастикадан ашық чемпионаттағы жетістіктерімен танысып, алдағы қадамына сәттілік тіледік. Есейе келе қалаған ісін жарты жолда қалдырмай бұдан да биіктерге жетіп, болашақта ел намысын қорғайтын гимнастшы болсын дедік. Талғат Анель Айдынқызы 2015 жылы 23 желтоқсанда туылған. «Мадина» көркем гимнастика мектебіне 4 жасынан бастап қатысады. Жаттықтырушысы — спорт шебері Орлова Анастасия Андреевна.
Анель — Алатау ауданы №182 жалпы білім беретін мектептің 1 — «Е» сынып оқушысы. Ана тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін оқып, үйреніп жүр. Сыныптағы өте алғыр, талапты, ойлау деңгейі жоғары, үздік шәкірт. Жасына қарамастан өте еңбекқор бүлдіршін. Еңбекқорлығы мен ізденісінің нәтижесінде көптеген жарыстарда топ жарып, биік тұғырдан көрінуде.
Атап айтсақ, жақында өткен «Жас Отаным» көркем гимнастикадан өткен ашық чемпионатта І-орын иеленді. Жаттықтырушысы, Анель 2015 жылы туған қыздар арасындағы «А» және «Б» тобында өнер көрсететінін айтты. 8- жастағы гимнастшылар арасында Анельдің дәрежесіне жету сирек кездеседі екен. «Алтын күз», «Memories» ашық чемпионаттарында үздік шыққан Анель Art de Grand» AGGU CUP 2023 жылғы және «Мадина» көркем гимнастика мектебі ұйымдастырған ашық чемпионатта І-орынды жеңіп ады. «Babi Shuldyz Cuh» VІІ –
Халықаралық кубок үшін сайыста 3- орынға көтерілді.
—Ата-ана балаларының бойындағы ерекшелігін байқап, қабілетіне қарай шығармашылыққа тарта білгені орынды деп айтар едім. Баланы кішкентайынан жүрегі қалайтын ісіне баулыса, ертең ержеткенде өкінбейді. Анель де тәй-тәй басқан шағынан денесі нәзік, буынсыз сияқты биге епті болды. Сәби кезінен гимнастика жақын екенін байқадық. Әкесімен ақылдасып, көркем гимнастика мектебіне бердік. Чемпионатқа қатысқан сайын жетістігімен қуантуда. Бойындағы қасиеті — өте мұқият, жауапты, ерке, қыңыр, байқампаз, мейірімді. Айналасындағы адамдармен тіл табысып кетеді. Жасқаншақтығы жоқ,- деп анасы Ж.Е.Абикеева, қызы Анелдің армандарына тоқталды. Жадыра Елеусізқызы ұстаз, қазақ тілі мен ідебиеті пәнінің мұғалімі.
Анельден:
—Анель, армандарың көп екен. Айтып бере аласың ба? – деп сұрадық.
Сәбилік еркелікпен майыса, жарыстағы қуаныштың аптығын баса алмай:
—Бірінші, мен көп тіл үйреніп, үлкен болғанда әлемді аралағым келеді. Атам, әжем, әкем, анам, бауырларыммен бірге барамын.
—Тағы қандай арманың бар?
—Осы гимнастиканы тастамай, чемпион болсам деймін.
«Бала тілі – бал» — деген осы. Анелдің арманы орындалып, жетістіктерге жете берсін дейміз.
Көркем гимнастикадан спорт шебері, Олимпиадаға Қазақстаннан жалғыз жолдама иегері, 2010 жылдан бері — көркем гимнастикадан ҚР құрама командасының аға жаттықтырушысы, Дүниежүзілік дәрежедегі төреші, Қазақстанда өткен жарыстардың 10 мәрте чемпионы және көркем гимнастика бойынша Халықаралық турнирлердің қатысушысы Жүсіпова Әлия Мақсұтқызының жолын берсін дейміз.
(Өз тілшімізден).
Алматы