«Сенің анаң қоқыс жинаушы ма?»

Қызы мектептен үйге оралғанда, анасына осы сұрақты қойды. Анасы ә дегеннен түсінбеді.

—Қоқыс жинаушы, аула сыпырушы, күзетші адам емес пе? – деді қызы жұлып алғандай. Намыстан жарылайын деп тұр.

—Қызым, оны саған кім айтты?

—Сыныпты тазалап шығып, мектеп ауласындағы қағаздарды жинап, қоқыс жәшігіне тастап келсем, мені күтіп тұрған қыздар осылай деп бәрі қарқылдап күліп тұр.

—Балаларым, сендер  сыныптастарының сөзіне мән берме. Қоқыс жинаушы еден жуушы,  аула сыпырушының еңбегін құрметтемеген ұл-қыздардың бұл әрекеті дұрыс емес. Ертең өздерінің  дұрыс емес қылығын білгенде, қатты ұялады деп ойлаймын. Адам араласпаса, мына өмірде ешнәрсе орын-орнымен реттелмейді. Қалпына келтірілген дүниелерге ұқыпты қарау әрбір адамның, балалардың міндеті. Еңбек адамының ақысы – адал.

Ұл-қыздарына құрбыларының  қызына айтқан сөзі неден шықты деп ойға қалды. Тәрбиенің дұрыс болмағаны да. Біздің қоғамда барлық адамдар мен балалар тең құқылы. Олардың айналысатын жұмысы, қызметі  заңға қайшы болмауы керек. Ал, мен – аула сыпырушымын. Көпқабатты үйлердің арасындағы қоқысты жинаймын, оларды жәшікке салып, арнайы орынға апарамын. Ешкімнен кем емеспін! Балаларым мектептің оқу озаттары. Оларды анасы аула сыпырушы деп әлі ешкім шеттетпеді. Той – томалақта да орындары – төр. Елімізде аталып өтетін мерекелерде үнемі сый-құрметке ие. Аула сыпырады деп әкімшілік шақырмай қалған емес. О несі – ей! Қызымды осылай кемсітейін деген екен ғой, тұра тұрсын, бәлем. Өзі де қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленді. Мектепте үздік оқыды, мектеп бітіре сала университетке түсті, мамандығы бойынша еңбек етті. Алайда, отбасы кеңейіп, көпбалалы ата-ана атанды. Алатын жалақысы бір айдан екінші айға жетпеді. Айлығынан коммуналдық қызмет саласының жалақысы әлдеқайда көп болғанын білген соң, балаларын есейтіп, ес жиғанша осы сала қызметін таңдады. Одан абыройы өспесе, төмендеген жоқ. Отбасында балалардың көзінше осындай әңгімелер болады да, балалар оның мәнін түсінбей орайы келгенде бірін – бірі ата-анасын, сыныптасының өзін осал тұсы деп түйреп өтеді. Бұл әркет – менің балаларымның намысына тиген соң, ашу шақырып, күйзеліске түседі. Бұған біз ата – аналар жол бермеуіміз қажет. Десе де, өзінің де басынан осындай кемсіту жағдайлары жиі болатын. Көпбалалы отбасы болғандықтан, қазіргідей ай сайын жаңа киім кию қайда? Анасы ауыл – ауылдың дүкендерін аралап жүріп, киімді бір-екі өлшем үлкенін әреі тауып келетін еді. Ертең өссе, киім іздемейміз, соны киеді деген болжамы еді. Бүгінгі қатарластарының барлығы солай есейіп, ержетті. Не деген сапа! Киім, аяқ киім деген екі-үш жыл беймарал кие беретін. Қазір ғой бала түгілі үлкендердің кейбір киімі бір айдан әрі аспай тозып кетеді.

Әкесі үнемі ұжымшардың жұмысында жүрді. Ерте кетіп, балалары ұйықтап кеткенде келетін. Өйткені, қыста малға шөп тасиды, көктемгі егіс, егін орағы деп дала жұмыстары бірінене кейін бірі жалғаса беретін. Үйдің бүкіл шаруасын анасы атқаратын. Ұл-қыздары да үйдің жұмысына араласып өсті. Өзі де тұрмыс құрды, көп балалы ана атанды. Балаларының әкесі де өз әкесіндей өте еңбекқор жан. Мемлекеттік жұмыстан қолы босағанда, көлігіне отырып, адам тасиды. Біреудің көлігі бұзылып қалса, дереу жөндеп береді. Тіпті, құрылыс жұмыстарына да араласып кететін бесаспап жан. Өзі болса, үйдің шаруасы былай тұрсын, балалары мектепке барғанда, мұғалімге қолғабыс етіп сыныпта өтетін шараларға бірге араласады. Сабақтан соң, балаларды алып кетуге келгенде, еден жуушыны күтпей-ақ сыныпты жуып тазалап, реттеп кетеді. Тіпті, еден жуған суды сыныпқа қоя салмай, төгетін орынға дейін апарады. Оны көргендер:

—Сен еден жуушы болып алғансың ба?-деп келекете намысына тимек болып сөйлейді.

—Балаларым үшін қажет болса, еден де жуамын, аспаз да боламын. Ұл-қыздарымның кіріп-шығатын дәретханасын жууға әзірмін,-деп шынайы аналық келбетін танытады.

Көшеде шашылып жатқан қоқыс, көлденең жатқан зат, тіпті біреудің аяқ киімінің табаны аспанға қарап жатса, соны ерінбей еңкейіп түзей салады. Сыныптағы оқушылар серуенге шықса,  бар жұмысын жинап қойып, балаларымен бірге жүреді. Саябақтарды тамашалағанда, табиғат аясына шыққанда, баласына тамағын бермек түгілі жолының қаражатын бермейтін аналарды қайтерсің?

Сондай аналар балалары серуеннен келген соң, болған жайды естіп алып, бір-біріне:

—Әй, анау «қоқыс жәшігі» барыпты, ей.

—Мен балама бір теңге берген жоқпын, анау әйел барлық балалардың тамағын, сусынын беріпті. Оған берген ақшаға өзім «салон красотыға» бармаймын ба?

—Ой, бейшара, ұялмай балалардан қалған тамақты сөмкесіне салып алып кетіпті.

—Білгем оның осындай бейшара екенін, сол әйелді суқаным сүймейді. Жүгіреді де жүреді. Үйінде істейтін ісі жоқ қой…-деп сыртынан ғайбаттайтынын талай естуде. Біреудің игі ісінен тағылым алудың орнына, «Сол әйел неменеге барлық іс-шараларға жүгіре береді? Біздің одан неміз кем? Сол сыныпта менің де балам оқиды ғой. Мен неге балам үшін жүгірмеймін, ал ол әйел өзінің баласы емес, бүкіл сыныпқа қамқорлық жасайды, соған қарамастан 5-6 жыл бойы бізге бір жасаған жақсылығын айтқан емес» — деп сол аналардың ойлай алматыны өкінішті. Тіпті өздерінің айтқан әңгімелерінің қаншалықты теріс екенін де ойламады. Ойлауға уақыт та бөлмейді.

Теледидарды қосқан ата-ананың бірі өздері «қоқыс жәшігі» деп жиіркене қарайтын әйелдің кім екенін білгенде, тілін жұтып қоя жаздады. Әйелдер жағы бір-біріне телефон шалып, өз көздеріне өздері сенбеді. Қызыл дипломы бар, қызмет істеген әйел екенін естіп біле тұра, «Құдай-ай, десеңші! Осы әйел бар ғой жетіспейтін сияқты. Біздің қолымыз қызметке жетпей отырмыз ғой. Әй, қыздар, қазір пиар деген жарнама керемет болып тұр. Көпшіліктің назарын өзіне бұруға істеген амал да».  Көрген хабары жайына қалып, телефонмен жағаласып бір-бірімен сөйлескенше асығуда. Аула сыпырушыда ақысы кеткендей көңілдері жібімеген күйі қала берді.

Оқу жылы аяқталар сәтте атаа — налар жиналысы өтті. Сынып жетекші, уақыттары болса, ата-аналар сыныпты келесі жаңа оқу жылына дайындауға көмек сұрады.

—Сыныпты жөндеу жұмыстарына көмектерің қажет, қолұшын беруге уақыт таба аласыздар ма?, — деген сынып жетекшіге:

—Біз ата-анамыз, неге біз жұмысшы боламыз. Ақша бөлініп жатыр, неге жұмысшы жалдамайсыңдар?

—Қой, ей, шаң жұтып, енді бізге жетпегені осы десе, әкелер:

—Ақшасын төлейік, сырттан жұмысшы жалдайық,-деп қашқалақтады. Білек сыбанып шыққан қыздың анасы:

—Мен уақыт табамын. Қай күні келсем болады, — деді риясыз көңілмен. Біреуі оның ұсынысын қолдады, біреу қарсы шықты. —Өз балам үшін уақыт табамын. Балам отырған сынып таза болсын, жүрген жері, басқан ізі таза жердің үсті болса екен деп ойлаймын. Сыныпты әктеп, еденін сырлап, парта жуып тазалық жұмыстарына көмектесіп жіберсек, оқу жылы басталғанжа, ұл-қыздарымыз сыныптың тазалығымен өз  ата-аналарының араласқанын мақтан тұтады әрі тазалық сақтауға, мемлекет мүлкі – парта, шкаф, интерактивті тақтаны ұқыптап ұстайтынын, ата-ана балаға үлгі екенін айтып өтті. Сондықтан, кез келген мектептің жұмысын атқаруға дайынмын. Жуғыш ұнтақ, қолғап, шелек пен терезе сүртуге арналған сұйықтықты, жууға арналған матаны қосып өзім әкелемін. Ертеңнен баста десеңіз, бастаймын,-деді.

Ананың бұл айтқандары басқа ата-ананы шын мәнінде ойландырып тастады… Әкелер болса, қап, азамат басымызбен мына ана ғұрлы болмадық қой. Аналар болса, сыныптың тазалығына көмектессек, ертең осында отырып оқитын өз ұл-қызымыз. Әй,  біз мынаны аула сыпыушы деп қасымызға жолатпай жүрсек, әрқайсысымыз бөліп алып әкелетін заттарды бір өзі жауапкершілігіне алып отыр.

—Қыздар, несін айтамыз. Жиналып отырғанда сөзіміз аула сыпыушы әйелден аса алмадық. Ұят болды. Енді байқап сөйлейік. Біздің сөзімізді балаларымыз естіп қойып, ертең мынаның балаларымен қырық пышақ болмасын деді.

—Өткенде біздің қыздар оның қызын мектептен шыққан соң әбден сыбапты. Шешесі туралы айтып-айтып, пора-порасын шығарып жылатып жіберген екен. Ертеңіне келіп, директорға барса, бізді шақыртатын болды-ау деп едім, бейшара үнсіз қалды. Қорықты-ау шамасы.

—Ханымдар, алдағы уақытта бұндай әңгімені ұлымыз да, қызымыз да бізден естімесін. Біз менсінбей жүрген аула сыпырушының парасаттылығы бізден асып тұр ғой, үндемей бүгінгі бірауыз сөзімен бәрімізді жығып кетті.

Уақыт өтіп жатты. Арада әңгіме айтылмай, тыныш болып қалып еді, таңғы ас алдында бір – біріне соққан телефон шылдыры маза бермеді.

—Шын ба? Депутат болды дейсің бе?

—Әбден ұят болды ол туралы ғайбат айтқанымыз.

—Аула сыпырып жүріп, бәрімізді басып озды десеңші!

—Қыздар, құттықтап шығайық!

Иә, депутат болуға талпынбады, оны осындай дәрежеге жеткізген адал еңбегі, еңбексүйгіштігі. Білімі мен біліктілігі. Ұйымдастырушылық қабілеті. Еңбек адамына деген құрметті дәлелдей білуі.

Осынау биікке көтерілген күні балаларын жинап алып:

—Менің баға жетпес қазыналарым! Бақытым! Өмірім! Анамыздың қызметі өсті деп ешқащан масаттанбаңдар. Оны сыныптастарыңа айту да қажет емес. Бұрын қалай жүрдіңдер, қазір де, болашақта да сол қалыптарыңды бұзбаңдар. Естіген жұрттан ұят болады, — деп «Келінім саған айтамын, қызым сен де тыңда» деген кейіппен жолдасына да бір қарады. . Ұл-қыздары болса, әкелерімен қоса «Айтқаныңыз болсын», — шат-шадыман жұбайы зайыбына, балалары анасына игі тілектерін арнады.

                                                                    Ж.Кучукова,

Сурет ашық дереккөзінен алынды.