Сенің ортаң — сенің деңгейің

Әкемнің аузынан жиі еститінім: «Әркімге еліктей берме, дамуға негізделген орта қалыптастыр». Мен үшін бұл сөздер өте дөрекі естілетін. Жанымдағы достарымды құдайдай көріп, «тек олар мені түсінеді» деген бағытпен жүрдім. Оның бәрі өтпелі кезеңнің белгілері екен. Есейе келе, әкемнің айтқан сөздері де ақиқатқа айнала берді. Кеше ойын-сауық құрып, бірге жүрген достарымның сырт көзден ойлау деңгейлері мен өмірлік ұстанымдары әлі бала секілді көрінді. Сол кезде түйгенім бір нәрсе еді: адамды достарына қарап таны.
«Егер сенің үш надан досың болса, сен төртіншісі боласың»-деген қоғамның ұстанымы. Қандай адамдармен жүрсең, сен де дәл сондайсың деген мағына. Қанша жерден сен ақталсаң да, ондай емес екеніңді дәлелдесең де, олар сені ортаңа қарап таниды.
Орта адамға қалай әсер етеді? Сенің ортаң-сенің айнаң. Күнделікті жаныңда жүрген достарыңа қарап сенің әдеттерің, мінез-құлқыңды тануға болады. Тіпті кішігірім «Мен олардан кеммін бе?» деген сөз олардың әдеттерін бойыңа сіңіріп жатқаныңа себеп болады. Сен олардан кем болғың келмейді. Ал ерекшеленіп жүрсең, сай емеспін деп ойлай бастайсың. Сондықтан көргеніңді қайталайсың. Бірте-бірте айналаңның сөйлеу мәнері, әдеттері, мінез-құлқы саған өте бастайды. Дәл сол орта сенің жаман жаққа, не жақсы жаққа өсуіңе себеп болады. Оның алдын алу үшін көрінгенге ілесе бермей, саналы түрде өзіңе сай адамдармен қарым-қатынас құру керек. Олар деңгейіңе ғана емес, болашағыңа да әсер етеді.
Ортаны қалай таңдау керек? Орта таңдау-болашағыңа салым салу. Жоғарыда айтқан факторларды ескере келе, қоршаған ортаңның бар жаман-жақсысы өз бейнеңде көрінеді. Сондықтан орта таңдамас бұрын өзіңнен де бастау маңызды. Ең алғашқы қадам-арман-мақсаттарыңды түгендеу. Өз жолыңды анықтап, ортақ қызығушылықтарының мен ұстанымдарыңа сай ортаны таңда. Өз ортаңды табу даму мен дұрыс жолға түсу ғана емес, терапия секілді. Адам дұрыс ортада өзін маңызды әрі жайлы сезінеді. Сенің егіздерің секілді, бір мақсатқа ұмтылған, бір-біріне қолдау бере алатын орта ғана биік шыңдарды бағындыра алады. Сенің ортаң-бірге уақыт өткізетін адамдарың емес, қуаныш-қасіретте де бірге болатын, саған қолдау көрсетіп, бірге дамуға дайын лаулаған оттар.
Жаман орта/Жақсы орта Адамның ортасы ықпал ете бермей, белгісіз бағытқа сүйреді. Жаман ортада қалыптасқан адам «бір күнмен» өмір сүреді. Ол ертеңі үшін алаңдамайды, бастысы ортасымен бірге кездесіп, уақыт өткізіп, өзгенің өміріне ауызбен қол сұғу. Мысалы, мектепте шылым шеккен досың міндетті түрде саған да кеңес береді, оған ергенің-өмірден жеңілуің. Дәл осындай сәттерде адамның шешімі маңызды рөл атқарады.
Жақсы орта-сенің өсуіңнің алғышарты. Сенімен бірге армандай алатын, болашағын жарқын елестете алатын, оған жету жолында саған қолдау көрсетіп, позитивті энергиямен толтыратын орта-сені алдыға жетелейді.
Қорытындылай келе, сенің ортаң-сенің деңгейің екені анық. Бұл өмірде жеңілмеу үшін өзіңе ұқсас, қызығушылықтарың бір ортаңды табу маңызды. Сенің ортаң-сені қалыптастырушы. Сенің ішкі мен сыртқы әлеміңді айналаңда жүргендерге қарап танитыны сөзсіз. Ал өміріңді өзгерткің келсе, дәл қазір ортаңды тазалаудан баста. Бұны ертерек түсінсең, ертерек жаман жолдан тайынасың. Өз өмірің-өз қолыңда.
Айдана КОПЖАН,
«№2 Мәртөк мектеп-гимназиясының» 10 «Б» сынып оқушысы.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым сайтының Жас тілшісі
Жетекшісі:Көздіғарина Рита,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі
Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы
Сурет:https://dknews.kz/





