«Сенім жүгін арқалаған «тықылдақ»

Кейбір адамдар туралы жазу оңай емес. Себебі оларды жай сипаттау жеткіліксіз – оларды сезіну керек. Мен үшін сондай жанның бірі – Рахымжан Отарбаев. Көпшілік оны белгілі жазушы, драматург ретінде таниды. Ал мен оны ең алдымен бала күнімнің бір естелігі, үйіміздің төрінде отырған қарапайым, бірақ ерекше адам ретінде білемін.
Ол ауылға келген сайын үй іші бірден жанданып кететін. Үлкендер әңгімеге кіріссе, мен үнсіз отыра алмайтынмын. Қасына жақындап алып, сұрақты жаудыра беретінмін. «Неге?», «Қалай?» деп тыным бермейтінім бар. Сол үшін мені «тықылдақ» деп атап кетті. Бір қызығы, бұл сөзді ешқашан ұрысып айтпайтын. Керісінше, күліп тұрып, әр сұрағыма шыдаммен жауап беретін. Басқалар мән бермейтін ұсақ дүниелердің өзін түсіндіріп отыратын. Сол сәттерде мен өзімді ерекше маңызды адамдай сезінетінмін.
Ол тек сөзбен емес, ісімен де жақын еді. Келген сайын құр қол келмейтін. Бірде берген ақшасына қызыл тон мен қызыл етік алғаным әлі күнге дейін көз алдымда. Бала үшін одан артық қуаныш бар ма? Бірақ уақыт өте келе мен сол сыйлықтан да маңызды нәрсені алғанымды түсіндім – ол кісінің мейірімі мен ықыласын.
Рахымжан атаның мінезі бөлек болатын. Сырттай қарағанда көп сөйлемейтіндей көрінетін, бірақ әр сөзі салмақты еді. Кейде оның фотосуреттеріне қарап отырып, көзіндегі ерекше бір отты байқаймын. Ол жай қарапайым көзқарас емес, ішінде толып жатқан ой мен өмірге деген өзгеше көзқарастың белгісіндей сезіледі.
Кейін есейе келе оның шығармаларын оқи бастадым. Сонда ғана бала күнімде түсінбеген дүниелер біртіндеп ашыла бастады. Оның әңгімелерінде өмірдің өзі бар – кейде күлкі арқылы, кейде ащы шындық арқылы беріледі. Оқыған сайын оның жай жазушы емес, адам жанын терең түсінетін тұлға екенін сезінесің.
Өкініштісі — мен онымен шығармалары туралы еркін отырып әңгімелесе алмадым. Қазір ойлаймын: егер ол кісі тірі болғанда, міндетті түрде жанында отырып, әр шығармасының мәнін сұрар едім. Бірақ бұл енді орындалмайтын арман болып қалды.
Есімде, соңғы кездесулердің бірінде ол маған ерекше сөз айтты. «Менің жолымды жалғастыратын сенсің» — деді. Ол кезде бұл сөздің салмағын толық түсінбедім. Ал қазір сол сөздер мен үшін үлкен аманатқа айналды. Кейде жазу үстінде немесе кітап оқып отырғанда, сол сөздер ойыма келеді. Сол сәтте оның сенімі мен үмітін сезінгендей боламын.
Бүгінде мен өзімді бақытты санаймын. Себебі ондай адамды көзіммен көріп, дауысын естіп, жанында болған сәттерім бар. Әркімнің өмірінде ондай мүмкіндік бола бермейді.
Қазір оны қатты сағынамын. Үйге кіріп келіп, баяғыдай төрге жайғасып, жай ғана күліп отыратын сәттері жетіспейді. Атамның да оны еске алып, сағынғанын көргенде, достықтың қаншалықты терең болатынын түсінесің.
Рахымжан ата өмірден өткенімен, оның ізі қалды. Ол – жазған шығармаларында, айтқан сөздерінде, оны таныған адамдардың жүрегінде. Ал мен үшін ол – мені «тықылдақ» деп еркелеткен, бала кезімде қолынан ұстап жүрген, ерекше жылылық сыйлаған адам.
Сондықтан оның аты мен еңбегі ұмытылмайды. Ал мен өз тарапымнан сол аманатты ақтауға тырысамын.
Нұрайна ТАҢАТАР,
Атырау облысы, Құррманғазы ауданы,
«Абай атындағы жалпы орта мектебінің» 10-сынып оқушысы.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының Жас тілшісі





