Шәкіртін білім мен өнегеге баулыған ұстаз

—Сізді ұстаз Тұрған ағайды еске алуға арналған Хатым Құранға шақырып жатыр, ватсапқа жібердім, -деді менің телефон нөмірімді тауып, хабарласқан бала. Ашып оқып шықтым. Осыдан осыдан елу жыл бұрын мектепте сабақ берген ұлағатты ұстаздарымыздың бірі, кәсіби біліктілігі жоғары Рахматуллаев Тұрған Сауытұлының мына фәни дүниеден озғанына 15 жыл толғанына орай ас беру дастарханына шақырыпты. Тұрған Сауытұлын мен төртінші сыныптан бастап таныдым. Біздің оқушы кезімізде бастауыш сыныпты үш жыл оқитынбыз, төртіншіден бастап әр сынып отряд атанып, отряд басшысы болып бекітілдім. Сынып жетекшіміз Сатова Тілеулес Асырқызы апта сайын бас қосуға барып, сыныпта атқарған іс-шарамыз туралы есеп беретінімді түсіндірді. Пионерлер бөлмесіне кіргенде төрда отырған ағай сөз бастады. Өзін пионер вожатый Тұрған ағайларың боламын деп таныстырды. Тапсырма алып, сыныпта орындайтынбыз. Яғни, түрлі тақырыптарда баяндама жасап, пікірталас ұйымдастырып, спорттық жарыстар өткізу, көктем-күз айларында қағаз және метал қалдықтарын жинап әкеліп өткізу мәселелерін жаңа ұға бастаған кезіміз ғой төртінші сынып деген.
Кейіннен алты-жетінші сыныпта ағай математика пәнінен сабақ берді. Ағай сабақ өткізгенде сынып құлаққа ұрған танадай тып-тыныш тыңдайтын. Біздің шәкірт кезімізде ұстаздар есікті ашып қоятын да сабақ түсіндіретін. Кей ұстазымыздың дауысы радионың дикторындай болып естілетін, соның бірі- Тұрған ағай еді. Радио деп білгеніміз қабырғаға қағылған кітаптың көлеміндей ғана радио таңертеңнен кешке дейін хабар беріп, музыкалық сәлем жолдап тұратын. Кейде мектеп бойынша кезекшілікке қоятын, сонда мектептің екі қабатын аралап, тыныштықты тексеретінбіз. Есімде бір сәт қалыпты. Ағай сабақ өткізіп, математикадан есепті бар ықыласымен түсіндіріп жатыр. Ағайдың сабағы өтіп жатқаны сондай жігерлі болатын. Тақтадағы тапсырманы дәптерге көшіргенде, парақтың сылдыры білінбейтін, яғни әр шәкірт пәнге деген ынтасын сол сәттен байқауға болатын еді. Әрине, бұл сәтті кезінде түсінбедік.
—Тұрған ағай қатал, сабақ оқымасақ «2» деген баға қоймайтын, күнделікке қолын ғана қояды, — дегенді жоғары сыныптың қыздарынан естіп қалатынбыз үзіліс кезінде. Ағайдың қаталдығы бар еді, алайда оқушының өз пәніне деген қабілетін жақсы бағалайтын. Кей сабақта есепті өзімізге шығартатын, үй тапсырмасының кейбірін сыныпта орындайтынбыз. Ұлдар жағы есепке жүйрік болатын. Сабақта математикалық ойындар ұйымдастырып, сабақты тыңғылықты ұқтыру үшін қызықты етіп өткізетін. Бір қызығы ағайдың күлгенін көрмеппін.
Кейіннен журналист ретінде ағайдан сұхбат алғаным бар. Сұрақтарыма жауап ала отырып, ұстаз мамандығын таңдауға керемет әсер қалдырып, жүрегіне ұстаздық сәуле шашқан кім екенін сұрадым.
—Менің ұстаздық жолымды ашқан, өзіне ұқсатқызуға леп берген Рахым Дәуітұлы, — деп ұстаздық жолы туралы әңгімелеген.
Бүгінгі Т.Рысқұлов атындағы, өткен ғасырда Н.Крупская атындағы мектепті біз оқушы кезден мектеп бітіргенше басқарып, математиканы үйреткен Рахым Дәуітұлы туралы бізге дейінгі түлектер сол кезде де, қазір арамызда жүрген біздің ұстаздарымыз — Рахым ағайдың шәкірттері ерекше ілтипатпен еске алады. Оқушы кезімізде әр аптаның бір күні мектепішілік саптағы жиналыс өтетін. Бастауыш – сөз сөйлейтін директор. Ұзын дәлізде екі қатар тұрған мыңнан аса оқушыға айтқанын анық еститінбіз және Рахым Дәуітұлы бір орында тұрмай, оқушылардың алдында жүріп барлық айтатын әңгімесін айтып өтетін. Үлкен жиынды қолына микрофон ұстап, өькізгенін мектеп бітіріп кеткенше көрмеппін. Қазір заманына қарай ма, мектепте өтіп жатқан жиында алда-жалда микрофон сөніп қалса, дүрбелең басталып кетеді «микрофон, микрофон» деп.
Тұрған Сауытұлы 1971 жылы мектеп бітіргенде, мектеп директоры Рахым Дәуітұлының ұсынысымен мектепте қалады. Әуелгі жұмысы пионер вожатый бола жүріп, арасында математика пәнінен сабақ бере бастайды. Сабақты жақсы оқыған оның математикаға қабілеті оқушы кезінде байқалып, өткен пәндік олимпиадаларда, мектепішілік бақылау жұмыстарын шығаруда ерекшеленген. Сондай-ақ, ұйымдастырушылық қабілеті мен өзін тыңдата білетін шеберлігі ұстазы Рахым ағаны бей-жай қалдырмай, бір сапта еңбек етуге баулыған. Тұрған ағай да, мүмкіндікке қолды бір-ақ сілтемей, келісіп, балаға білім беруден жалықпаған ұстаз болуға белді бекем буған. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің математика факультетін бітіріп, ғұмырының 40 жылға жуық уақытын мектепте бала оқытуға арнады.
Мектепте 9-10 сыныпта Рахым Дәуітұлы математика мен геометрия пәнінен сабақ берді. Сонда байқағанымыздай ағай басын бір жағына қисайтып алып сабақ түсіндіретін. Арасында бізге әзіл айтып қояды. Ағайдың әзіліне күлу қайдан, директордың сабағы қатал тәртіп пен білімді талап етеді. Т.Рахматуллаев ұстазбен сұхбаттасқанда, өзінің өмірде ұқсағысы келген, өнеге тұтқан адам ата-анасынан кейін Рахым ағай екенін айтқан. Сөйлесу барысында Тұрған ағайдың сабақ кезін елестеттім. Неткен ұқсастық! Тұрған ағай да үнемі басын бір жағына қисайтып, сабақ өтетін. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» — деген халық даналығы қос ұстаз – Рахым және Тұрған ағайларға арналғандай.
Аталған жылдар ішінде жауапты қызметтер атқарса да мектептен алыстамады, өзінің білгенін шәкіртке үйретуден бір сәтке жалыққан емес. Т.Рахматуллаевтың іскерлігін бағалаған Рахым Дәуітұлы мектеп жанынан шопандардың, орта мектебі жоқ алыс ауылдардан келген және әлеуметтік тұрмысы төмен отбасы балаларына арнап 1977 жылы ашылған мектеп – интернаттың меңгерушілігіне тағайындады. Бұл жауапкершілігі мектепте сабақ бергеннен де жоғары қызмет. Күні-түні 200-ге жуық баланың әкесі де, анасы да тәрбиешілермен бірге өздері. Сұхбат барысында:
—Жастық шақ адам баласын көкке самғатады деген рас екен-ау! Интернатқа меңгеруші болу туралы міндет жүктелгенде, ойланбастан келістім. Өйткені, маған сеніп тапсырылған міндетке адал болуым қаажет. Ұстазым – Рахым Дәуітұлының аманат етіп тапсырған қызметін ойдағыдай атқардым деп ойлаймын. Қызметтің ауысуы – заңдылық. Интернат меңгерушілігінен ауысып, ауданымыздағы Қарғалы №1 орта мектебі директорының орынбасары қызметін атқардым. Өзің білесің 1984 жылдан Жамбыл аудандық білім бөлімінде инспектор қызметін атқардым, — деп қысқа қайырған.
Ағай 1986 – 1996 жылдар аралығында аудандық білім бөлімінде «Физика — математика» пәні бойынша әдіскер қызметінде де кәсібіи біліктілігі жоғары ұстаз, маман екенін дәлелдей білді.
Жылдар өтіп, Республикалық «Мөлдір бұлақ» балаларға арналған журналды басқарған жылдары жұмысымыз дарынды оқушылардың шығармашылығын дамыту бағытында көп жұмыстар атқарылды. Шығармашылықпен айналысатын шәкірт еліміздің әр мектебінде алдымыздан шықты. Кезекті іссапарда Жамбыл ауданына келдік. Әдеттегідей келгендегі мақсатымызды айтып, аудандық білім бөліміне келеміз. Жамбыл аудандық білім бөлімінің басшысы бізді орынбасарым деп Тұрған Сауытұлымен таныстырды.
—Бізге мектепте сабақ берген ағайымыз ғой, — деппін оқушы сәтімдегідей. Өмірбаян беттеріне үңілсек, ағай бұл қызметті де абыроймен он жылға жуық басқарыпты. Ағай 2002 жылы ердің жасы 50 — ге толғанда «Шәкіртім» — деп арнайы мерейтойға шақырғаны да мендей ондаған шәкіртіне деген ұстаздық құрметі, ағалық өнегесі еді. Тойда мектеп бітіргелі көрмеген түлектер, ұстаздармен қауышып, бір мәре-сәре болып едік. Ағай 2005 жылы қызметтен бір жола аудан орталығы Ұзынғаштағы Абай атындағы алдыңғы қатарлы мектепке ауысқан. Ағайдан тәлім алып, математика пәні мұғалімі мамандығын таңдаған, экономика саласында еңбек етіп келе жатқан шәкірттері Т.Рысқұлов, Қарғалы №1 және Абай мектептерінде көптеп саналады десек, артық айтқандық емес.
Ауданда өткен жиынға қатысып, сыртқа беттеген көпшіліктің арасында ұстазды көріп, амандасып, қал-жағдай сұрасқан едік. Өмірдегі келеңсіз сәттер ме, әлде денсаулығы ма, әйтеуір бұрынғыдай жалындап сөйлейтін ағайды таба алмадым. Содан сөйлесіп, келе жатыр едік көпшіліктен суырылып шетке шығып бара жатқан айтыскер ақын Есенқұл Жақыпбек аға да бізді көріп бұрылды.
—Ассалаумағалайкум, құрдас! – деп сәлемдесті ақын аға.
—Қайдағы құрдас? Сен әлі баласың ғой, — ұстаз да қалжыңға қалжыңмен жауап берді. Екеуі де өз саласының шеберлері, өзінен кейін шәкірт тәрбиеледі. Содан біз аман-есен кездесу нәсіп болсын деп алға қарай жылжып кеттік.
Бар ғұмырын бала оқытуға арнап, қаншама математика пәнін жандүниесімен сүйетін шәкірт тәрбиелеп, пән олимпиадаларына қосқан ұстаз білгенін тек мектеппен ғана шектемей, оқушыларды емтиханға дайындаған репетитор болған екен. Һуриятбүби Ахметқызымен ағайды еске алған әңгіме барысында, ағай тек соңғы жылдары ғана мектепте сабақ бере бастағанда балаларына көп көңіл бөле көңіл бөлген, той-томалақтан қалмаған. Сөйтіп, жүргенде 2010 жылы қан қысымы күрт көтеріліп кетіп, жедел жәрдем жеткенше жүрегі дес бермей мәңгі мекеніне аттанып кете барған.
Тұрған Сауытұлы мен зайыбы, жоғары білімді ұстаз Һуриятбүби Ахметқызының отабасында 8 ұл-қыз тәрбиелеп, қатарға қосты. Балаларының барлығы жоғары білім алған өз ісінің білікті маманы. Шаңырақ көтеріп, ұл-қыз тәрбиелеп келе жатқан ата-ана. Апай бүгін, ұл-қызы, келіндері мен күйеубаларынан тараған ұрпағын әлдилеген ақ әже. Әр адам да бір арман болады. —Дұрыс айтасыз, адам да арман таусылмайды, жасым келгенімен осы бала-шағаның тілеуін тілейміз. Әттең, ағайларың балалардың бүгінгі аяқалысын, жеткен жетістігін көрмегені өкінішті, жылдар зымырап өтіп жатыр, Тұрған Сауытұлы арамызда болса ғой деймін…, — деген өкінішін жасырмады.
—Ағайымыздың рухына бағыштаған дұға қабыл болсын, — деп әңгімемізді тәмамдадық.
Ж.КУЧУКОВА,
Республикалық «Farabi shakirti» журналы мен
www.farabishakirti.kz сайтының бас редакторы.
ҚР Мәдениет қайраткері
Табиғаттың суреті: https://ortalyq.kz/