Шәкірттермен бір трендтегі мектеп басшысы

Қазіргі заманда көшбасшы болу – жай ғана басқарып отыру емес. Бұл – заман ағымына бейімделіп, жастардың жан-дүниесін түсініп, олардың болашағына сенім ұялата білу. Осындай қасиеттерді бойына сіңіріп, күн сайын дәлелдеп келе жатқан тұлғаның бірі – Нұғман Ақмоншақ Нұртазақызы.

Ол – оқушылармен бірге трендтегі видеолар түсіретін, Instagram желісінде белсенді блог жүргізетін, білім мен тәрбиені ұлттық құндылықтармен үйлестіре білген заманауи көшбасшы. Ақмоншақ апай үшін директор кабинеті – жабық кеңсе емес, керісінше жастармен ашық диалог алаңы. Сондықтан да бүгінде ол тиктокер директор деген заманауи атауға ие.

Астана қаласындағы №58 мектеп-гимназияның директоры, PhD докторанты Ақмоншақ Нұртазақызы – жастармен бір толқында болуды мақсат емес, күнделікті өмір салтына айналдырған адам. Оқушылардың қызығушылығы мен тіліне бейімделе отырып, ол ұжымдағы әрбір жастың бойындағы қабілетін аша біледі.

Ақмоншақ апайдың кәсіби жолы қарапайым мұғалімдіктен басталған. Бүгінде директор ретінде өзінің екінші оқу жылын сәтті аяқтап отыр. 15 жыл бойы дәстүрлі ұстаздық үлгімен жұмыс істеп келген ол, бір сәтте: бізге өзгеріс керек. Альфа ұрпағымен жұмыс істеудің тілі де, тәсілі де жаңа болуы тиіс – деген батыл шешіммен жаңаша бағытқа бет бұрды.

Бұл бетбұрыс кездейсоқ емес еді. Финляндияның білім жүйесімен танысып, ондағы сенім мен еркіндікке құрылған мектеп моделінен шабыт алған Ақмоншақ апай басқарған мектеп бүгінде шығармашылыққа толы, ашық форматтағы, өзіндік мәдениеті бар білім ордасына айналып келеді.

Соңғы жарқын мысал – Димаш Құдайбергеннің «Тау ішінде» әніне орай ұйымдастырылған видео-челендж. Нәтижесінде TikTok пен Instagram желілерінде 3 миллионнан астам қаралым жинаған №58 мектеп-гимназиясының бейнеролигі 1-орынды иеленіп, жеңімпаз атанды. Оқушылар мен ұстаздар Димаштың Лондондағы концертіне тегін билет ұтып алды. Бұл тек марапат емес, директор мен оқушының арасында тірі байланыс бар екенін көрсеткен нақты мысал.

Ақмоншақ Нұртазақызы үшін мұғалім де, директор да – оқушыға жақын, қоғаммен үндес, үнемі жаңарып отыратын тұлға болуы тиіс.

ҒАНИҚЫЗЫ  Дәрия,

Абай атындағы Республикалық мамандандырылған

дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы.

                                                                                       Сурет: https://turkystan.kz/