Шәмшіні аңсау

Аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі, «Қазақ вальсінің королі» Шәмші Қалдаяқов 1930 жылдың 15 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданында дүниеге келді. 1992 жылы 29 ақпан күні 62 жасқа қараған шағында халық әртісі Алматыда мәңгілік сапарға аттанды.
Даладан, ауладан үйге кірсем телеарнадан Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен концерт беріліп жатыр екен. Отыра қалып, қарап, тыңдап отырмын. Жүрекке жылы, сезімге толы, сөзі де, әуені де бір — біріне үйлесімді әуезді әндер орындалып жатты. Мен ән әуеніне ілесіп, елу — алпыс жыл артқа шегініп, балалық шаққа, жастық шаққа оралып, ой жетегіне ілесіп кетіппін…
Аулымызда электр жарығы жоқ, радио жоқ көрші ауылда ғана болды. Бір күні көрші ауылға кеткен апайым: — Жаңа ән үйреніп келдім.
Радиодан естідім.
Болсақтағы жаңа таныс,
Жүзсек те алғаш қайықта.
Ұшқыр қиял кетті — ау алыс,
Бұйырмашы айыпқа , — деп тоқтады да бұл «Қайықта» деген жаңа, жақсы ән үйреніп алайық, -деді
—Махаббат айдынында, қайықта қалықтап бізге бұл ән осылай келген еді Шәмші аға. Аулымызға матормен жұмыс істейтін электр станция орнатты.
Керасин шам орнына электор шам келді. Радио орнатты. Мотор түнгі сағат 12 — ге шейін ғана жұмыс істейтін. Радиодан жаңалық тыңдап, ән еститінбіз. Осы радиодан «Ана туралы жыр» әнін естіп үйрендік.
Әлемнің жарығын
Сыйладың сен маған,
Даланың әр гүлін,
Жинадың сен маған, — деп біреуіміз бастап, қалғандарымыз қосылып әнді үйрене бастадық, үйрендік.
Аулымызда төрт жылдық мектеп жабылып, көрші ауылдан оқитын болдық. Мектеп совхоздың конторы, магазин бәрі бір жерде аралары жақын болатын. Үзіліс кезінде қалтамызда тиын болса, ең шеткі киоскіге жүгіретінбіз. Прәндік, кәмпит алып жейтінбіз. Сонда дүңгіршекте совхоздың кеңсесінен Құмар деген жігіт сатушы қызға сөйлесуге келіп тұратын. Бір күні сол жігіт қызға қарап бұрын естімеген ән айтып тұрды:
Балауса қыз едің бір кезде,
Шашыңа ақ бантик байлаған.
Өзгеріп кетіпсің бұл күнде,
Көркіңе көз тастап, ойланам, — деп айтып тұрған ән осы «Ақ бантик»
әні екен. Европалықтардың балкон астында серенада айтып тұрғандай Құмар ауыл серенадасын айтып, Камал тыңдап жүріп екеуі үйленді. Бай — қуатты өмір сүрді.
Кейіннен ақын Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған «Арыс жағасында» әніңізбен таныстық. Көрмеген соң жағасында толқынға қарап ойланып бір сұлу қыз тұрған соң, Арыс үлкен өзен болып елестейтін. Кейін машинамен ары — бері көпірден өткенде көрдім шағын өзен екен. Ақын мен композитордың құдіретімен өзеннің аты Сырдариядай, Ертістей, Ақжайықтай үлкен дария болып елестейтін. Сондықтан жағасында бір сұлу қыз тұрған махаббат дариясы болып ойда қалды.
Жамал Омарова апамыздың орындауында «Ақ маңдайлым» әні, сіздің әніңіз әдемі, әсерлі естілетін.
Көк майса Алатаудың бөктерінде,
Гүл тердік жастық шақтың көктемінде.
Алдымнан арманымдай жарқ етіп ең,
Қолымды жеткізгендей көкте күнге, — деп Жамал апамыз нақышына келтіре әдемі орындайтын. Біз де өзімізше әдемі айтуға тырысатынбыз. Сіздер кешіріңіздер, кейде біздер өлеңнің сөзін бұзып, өзіміздің тауымыздың атын қосып:
Көк майса Барлық таудың бөктерінде,
Гүл тердік жастық шақтың көктемінде.
Алдымнан арманымдай жарқ еттің сен,
Қолымды жеткізгендей көкте күнге , — деп ұнатқан қыздарымызға
айтатынбыз. Мұзафар Әлімбаевтың сөзін өзгерттік. Ал Шәмші аға, сіздің әуеніңіз, музыкаңыз өзгерген жоқ. Осылай да бізге әсерлі естілетін. Талайымыз осы әнді айтып жүріп, ақ маңдайлымызға қосылып, үйленгенбіз.
Артта қалған көп жылдардың бірінде егін ору кезінде «Сүйген болсаң сағынарсың» әніңізді тыңдадық:
Әлі есімде көк белестер,
Көк белестер көзге елестер,
Егін орған, серуен құрған,
Қызу күндер, қызу кештер, — деген әніңізді естідік.
Көк белестердің бірінің етегінде жазық жерде егіншілер қосы, асхана, қырман бар еді. Бұл жеті кезеңі, жеті белесі бар жер болатын. Сол белестердің түзу жерлеріне егін егілетін. Егін піскен кезде алыстан егіндік сары жолақ болып көрінетін. Кешке қосқа қарсы биік жерге от, кастер жағып өлең айтып,әңгімелесіп осы әндеріңізді айтатынбыз. Етектен: — Әй, балалар, жатыңдар, таңертең тұрмайсыңдар, — деген бригадирдің дауысын еститінбіз.
Сіздің әр әніңізді ұната, жақсы қабылдайтынбыз. Сіз аңыз адам болдыңыз, біз үшін Шәмші аға!
Әр әніңіз шыққан сайын ол әннің шығу тарихы осылай болыпты солай болыпты деп сіз туралы аңыз адамға лайық әңгіме еститінбіз. Дүнген қызына ғашық болып, ән шығарып, «Сырғалым» деп ат қойған екенсіз. Ал сыган қызына да осылай ән шығарып, серенада жазып, солармен, табормен бірге кетпек болған екен, — деген әңгіме айтылатын. Табор кетті, сыған қызы да кетті. Сіз қалдыңыз, керемет ән шығардыңыз. Сіз оларға арнап ән шығарғаныңызбен, бірге кеткен жоқсыз. Сіз «Сыр сұлуы», «Ақ маңдайлым» «Ақ бантик» байлаған қыз, «Тамды аруы» тұрғанда сіз ешқайда кетпейсіз, Шәмші аға, кеткен жоқсыз.
Бүгін де жетпістен асып, егде тартып, үйде отырып, ән айта алмасақ та, әніңізді тыңдап, жастық шағымызды сағынып, сіздің әніңізбен өткізген өткенімізді аңсаймыз. Ал, Мұқағали ағамыз:
Сол күндер ғой, жүректің аңсағаны,
Соған шөлдеп,айызым тамсанады.
Өкініш пе, білмеймін, қуаныш па,
Жүрегім өз –өзінен ән салады.
Шәмшіге айт, тағы да бір таңдандырсын,
Жындандырсын, жүректі жандандырсын.
Мәңгі өлмес махаббатым айта жүрер,
Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырсын.
Әнсіз өмір, өмір ме, қаңсымай ма,
Өзегіңді өртеп бір жаншымай ма.
Махаббатқа арнап бір ән шығарсын,
Шәміл — ау, Шәмші қайда, Шәмші қайда? — деп Мұқағали ақын да сізді іздеп жатыр, Шәмілден сұрап жатыр, Шәмші аға.
Ибрагим Исаев және Қалдыбек Құрманәлі інілеріңіз сіз туралы керемет өлең жазып, ән шығарды. Сізден: — Ескегін қайығыңның қалдырдың аға кімге, — деп қайығыңның ескегін сұрайды, Шәмші аға.
«Қайық бейне су бетінде махаббаттың бесігі», — деп едіңіз өзіңіз. Енді Қалдыбек Құрманәлі ініңіз ғашықтарды махаббат бесігінде тағы да тербетпек болғаны ғой. Қалдыбек тағы да «Аққулар арасында әнің жүр барасың ба», — деді ғой сізге. Әрине сіз аққулар арасында жүрген әндеріңізге бара алмайсыз. Қалдыбек ініңіз аққулар арасында жүрген әндеріңізді көрді!
Көрді! — Иә, ол талантты ақын, композитор.
Көктем мен күзде аспанда қалықтаған аққуларға қарап, қиялмен аққулар арасында жүрген ақ қанат әндеріңізді мен де көрдім. Аққуларға ілесіп, «Ана туралы» жырыңызбен, «Әлемнің жарығын сыйлаған, даланың әр гүлін мен үшін жинаған, балапаным, құлыным,» -деп басымнан сипаған, анама барғым келеді, жылы сөзін естігім келеді. «Әлдилеп аялап, өсірген жемісін, самал жел сая бақ құшағым сен үшін, — деген анамды, әкемді көз алдымнан өткізем.
Арыстың жағасында ақ бантикті балауса қызбен танысып, айлы жаз кешінде, ұзақ түн сырласып, көл бетінде, қайықта, махаббат бесігінде тербеліп, ақ маңдайлыммен келісіп, кешікпей келем деп ең, мен тұрмын елеңдеумен, — деп тосқан ақ маңдайлыммен үйленген жастық шағыма, көк белестерді, көзге елестетіп өткенге оралғым келеді Шәмші аға!
Кейде көңіл күй болмағанда, көгілдір аспанда қалықтаған, аққуларға, ақ қанат әндеріңізге ілесіп, бәрін тастап өзіме де беймәлім, тылсым қияли әлемге кеткім келеді, Шәмші аға!
Аққулар арасында жүрген ақ қанат әндеріңізге сіз де, мен де бара алмаймыз, амал қанша. Шәмші аға! Тек қиялмен ғана ілесеміз. Біз бәріміз сіздің әндеріңізді сағынамыз, аңсаймыз.
Бірде Алматыға жол сапардан қайтып келе жатқанмын Камаз терезесінен оңтүстікке қарай ұшып кетіп бара жатқан аққулар тізбесін көрдім. Тоқтап, жерге түсіп, аққулар қиқуын естіп, алақанмен көзімді күлегейлеп, ілесіп қайта
Шымкентке қарай жүріп кетіппін. Аққулар да артқылары алдыңғыларына «біз бармыз» дегендей қиқулап көңілі бос мені тастап, оңтүстікке, жылы жаққа қарай ұзап бара жатты.
Машина тоқтағандай болды. Біреу қолтығымнан ұстап: — Аға, қайда барасыз? Алдыңызда жол шетінде қасқырлар осылай келе жатыр.
—Қайда барасыз? — деп қайта сұрады.
—Аққулар кетті… Шәмші … Ән… Қалдыбек Құрманәлі… Мұқағали… Шәміл… Шәмші қайда? -деп үзіп, үзіп сөйлеп кетіппін…
—Ой, аға қиялдап кетіпсіз ғой, Қалдыбек Құрманәлі мен Ибрагим Исаев інілеріңіз ғой Шәмші әндерін аққулар арасына қосып, «Аққулар арасында, әнің жүр барасың ба ?» — деп Шәмші ағамыздан сұраған. «Мәңгі өлмес ән қалдырсын, Шәміл -ау , Шәмші қайда, Шәмші қайда? — деп Мұқағали ағамыз ғой, Шәмшіні іздеген.
Аққулар кетті, Шәмші жоқ, Мұқағали жоқ, Шәміл жоқ. Олар артынан мәңгі өлмес тамаша әндер қалдырды. Аққулар да Шәмші әндерін сіз бен біздерге қалдырып кетіп барады, аға!
Ал, сол кездегі шашына ақ бантик байлаған балауса қыздар бұл күндері басына ақ жаулық байлаған әжелер болды. Немересінің бесігін сіздің әніңізбен тербетіп ұйықтатады. «Тамды аруына»
Ебелектей жел аңсаған,
Көбелектей гүл аңсаған
Келем, саған, келем саған, — дегенсіз. Келе алмайтыныңызды білсе — дағы әніңізді аңсайды, тамды аруы.
Құлаққа таныс әуен естілді. Ойым бұзылды. Телевизорға көз салсам, алтын күнді аспаны бар, алтын дәнді даласы бар қазақтардың Шәмшіге арналған ән кеші аяқталайын депті. Барлық әншілер мен жүргізушілер Қазақстан Әнұранын айтып тұрды.
ҚУАНБАЕВ Бекен Ұқанұлы,
Ардагер, ардақты әке,
Алматы
Аққулар мен Арыс өзенінң суреті :https://nationalgeographic.kz;
«Айғақ ақпараттық порталы»