«Шетелде оқисың»

Ата-аналардың арманы баласын жат жерде оқыту. Туған жерінен су шықты ма? Шетелде оқу әобір екінші жасөспірімнің арманы. Жастардың да арманы. Қазақстанда жастардың білім алып, мақсатына жетуге барлық жағдай жасалуда. Әкесі ауылдың баласы. Анасы қаланың үлбіреген, ерке қызы. Бір үйдің жалғызы. Ата-анасы бірге, бірақ басқа-басқа мекемеде жауапты қызметтер атқарған. Әкесі ес біле атасы білім алсын, оқысын, әулетін өрге сүйресін деп ниет етіп, тамырының үйіне өзімен бірге қосып жіберді. Тамыры көзі ашық жан болса керек, ауылға қонаққа барған сайын досына:
—Балаларды жастайынан қалада оқыт, мен тірі тұрғанда оқытып ал, өзім бас – көз боламын дегеніне сенді. Әжесі қатты уайымдапты. Жападан жалғыз үлкен қалада қалай оқиды, қаланың балалары таяқтап кетсе, не істейміз баласын бауырына басып жылағанын әкесі арасында айтып қоятын. Үлкен қалаға келіп, мектепке орналасып, оның өмірі осылай басталған екен. әкесінің тамыры қалада болса да жер үйде тұрады екен. үйі керемет үлкен, қыста жылымай, жаурап шығады екен. Сондай күндері:
—Шіркін-ай! Ауылдағы қыз-қыз қайнап, жылуы кетпейтін пеш болса ғой дейтін ұйқысырап жатып. Бұл үйдеде пештің үстінде шелекте су, қазан, шәугім түспейтін. Тамырын екінші әкесіндей, әйелін анасындай жақсы көрді. Олардың да ауыл адамдарыныкі сияқты көп баласы бар. Солармен тату-тәтті болды. Әйелдің мықтылығын айтсаңшы! Нанды дастарханға тең бөліп қояды, тамақты да бірдей ыдысқа салып береді. Балмұздақ алса бәріне бірдей таратып береді. Киім алса да біркелкі сатып әперіп киіндіргендіктен өзінің бөтен үйде тұрғанын сезбеді. Құлын-тайдай тебісіп өскен ұл-қыздар әкесінің тамыры дүниеден озған соң араласпай кетті. Араласпайтын емес, әркім өз шаруасымен жан-жаққа кетіп, бір-бірінен қол үзіп қалды. Еңбегінің арқасында екі жоғары оқу орнын бітірді. Одан әрі кәсіби біліктілігін шетелде шыңдады. Адал еңбегінің арқасында бүгінгідей ірі өнеркәсіпорны бар магнат, алпауыт иесіне айналды. Кәсіптің соңында кетіп, жалғыз ұлының жанын түсінбеді.
Бала жаны үй тола ойыншыққа, кешкі және мерекелерде барып тамақтанған қымбат мейрамхана, ерекше демалыс орындары, шетелден алып келген киімдер, табаны жерге тимей отыратын көліктер деп ойлады.
Сондай баланың бірі — өзі. Тілі былдырлап шығып, тәй-тәй басқаннан білетіні асыраушы тәте. Ата-анасын кей күндері көрмейтін. Өйткені, олардың үйден қашан шығып, қашан келетінін білмейді. Бала ғой, күтуші тәтесі ерте ұйықтататын. Мектепке барғанда, ауылдан келген ұл-қыздармен оқыды. Олар тамсана айтатын ата-әжені көрген емес. Сыныптастары жыр етіп айтатын әженің ертегісін де тыңдамады. Өзен суына да шомылмады. Ата-анасымен тұрса да, ауылда өскен балалар өзінен әлдеқайда бауырмал, кішіпейіл. Қазақша сөйлейді. Басқа балалармен тез тіл табысып кетеді. Бұл оларға мүлдем ұқсамайды. Оқшау жүреді. Сабақ біте алдына-артына қаратпай алып кетеді. Осылайша кісікиік болып жүріп, жігіт жасына толды.
Он үш жасқа толғанын қаланың қақ ортасындағы зәулім үйлердің 25- қабатында атап өтті. Ағыл-тегіл. Туған күн мұныкі емес, үлкендердікі сияқты өтті. Ата-аналар бөлек, балалар бөлек отырды дастарханға. Әкелген сыйлықтарда сан жоқ. Соншама аста-төк дүниенің бірі де жанына жақын болмады. Бала емес пе, арасында бәрін ұмытып кетіп, асыр салып кетеді. Мұндай қылығын көрген анасы орнында отырып, шырылдай жөнеледі.
—Сен қандай салақ баласың? Қымбат киіміңді былғадың. Ты чтолап бастағанда, бала жанымен не істеп қойғанын түсінбейтін.
Үш деңгейлі үйде тұрады. Енді түсінгендей, ата-анасы бизнеспен айналысады екен. Шетелге көп қатынайды. Олармен бірге бірнеше шетелде болды. Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Үндістан, АҚШ, Лондан. Жүрген алыс сапарларынан жазған күнделігі де бар. Бірақ, бала көңілі үйіне қарай тартады да тұрады. Бұл жазғы демалыста сыныптастары кететін ауылды аңсайды.
Ауланың ішінде жүрсе де, анадайдан қарауыл торып жүргені.
—Мен кімге керекпін? Маған бала болып, құрбыларыммен бірге жүруге неге болмайды? Мен олардан еш артық емеспін,- ғой күйзеледі. Ақырындап анасынан сұранса, анасы:
—Қой, ұлым. Жалғыз баласы жаяу жүр деп айтады. Бұл біздің намысымызға тиеді,-деп зарлай жөнеледі. Мұның барлығын орысша айтады.
—Сен шетелде оқисың. Ағылшын тілін өте жақсы білмесең, сен ешкім емессің,-деген ата-анасы репититор, яғни дайындаушы жалдайды. Одан әбден жалыққаны қашан? Бірақ, амал жоқ.
Бір жақсысы ауланың іші зообақ, алқызыл гүлдерге толы. Дайындаушы кеткен соң, аулаға шығады. Жүріп отырып, аквариумдағы балықтарға келеді. Әйнектің ар жағынан аузын жыбырлатып, көмек сұрағандай.
—Теңізді аңсадыңдар ма? Менен қайран жоқ, аквариумнан шығарсам өліп қаласыңдар ғой. Соны да білмейсіңдер ме? Ержеткенде, барлықтарыңды теңізге жіберемін.
—?!.
—Иә, уәде беремін.
—Ей, тоты құс! Балықтарға айтқанымды естіп қойдыңдар ма? Сендер қайда тұрушы едіңдер? Тропикалық ормандарда ма? Тордан шықсаңдар, өмір сүре алмайсыңдар. Сендер кетсеңдер, мына үйде тыныштық орнайды. Жұптарыңды жазбай, сайрай беріңдер.
Алқызыл гүлге қонған көбелектердің, шыбын-шіркейдің ешкім шаруасы жоқ сияқты.
Бақша жаққа беттеді. Биыл құмырсқаның илеуі қаптап кетіпті. Отыра қалып, үңіле қарады. Олар өте көңілді. Тыным таппай, қысқа дайындалуда. Аяғымен теуіп қалып еді, илеудегі құжынаған құмырсқалар өзіне тап берді.
—Не деген күшті едіңдер,-деп әрі жүре берді. Тағы илеу. Бұлар сәл ірілеу екен. Жерден құраған шөпті алып, мазалап көріп еді, мыз бақпай жұмысын жалғастыра берді. Жолына шөпті көбірек тастап еді, бастарын көтеріп тұра қалып:
—Айналайын шетеліңе баратын болсаң, тезірек кетші мазамызды алмай дегендей, мұны елемеді.
—Қайдағы шетел? Мен осында қаламын. Туған жерімде қаламын. Дауыстап, айқайлап жіберді. Күзетшілер болса, мұны жылан шағып алды екен деп, дереу жетіп келді.
Мектеп бітірер алдында осындай түс көрген бозбала ата-анасы айтқан шетелді аңсамады. Аталарының туған жеріне туын тікпекке бел буды.
Жанастан Кучукова,
Сурет: «Жайық Пресс»