Шкаф толы киім, ми толы курс: Біз неге бәрін сатып ала береміз?

Сурет:https://naryk.kz
Шыныңды айтшы, соңғы рет қашан дүкенге барып, «маған бұл міндетті түрде керек!» деп бір зат сатып алдың да, ол үйге келген соң жайында қалды? Немесе әлеуметтік желідегі әдемі жарнамаға сеніп, «өміріңді өзгертетін» қымбат курс сатып алып, оның бір сабағын да көрмей тастап қойдың ба? Меніңше, бұл бәріміздің басымыздан өтетін жағдай. Біз қазір «көп болса, жақсы» деген заманда өмір сүріп жатқан сияқтымыз. Бірақ осының бәрі бізді шынымен бақытты ете ме?
Шындығында, біз қазір нағыз маркетинг қақпанында тұрмыз. Маркетологтар біздің әлсіз тұсымызды жақсы біледі. Бірде бізді «осы кроссовканы алсаң, крутой көрінесің» деп қызықтырса, енді бірде «осы курсты алмасаң, қатарластарыңнан қалып қоясың», — деп қорқытады. Нәтижесінде, пайдасыз заттармен бірге, «пайдалы» деп алған курстарымыз да шаң басып жатады. Ата-анамыздың маңдай термен тапқан ақшасын желге ұшырмас бұрын, кішкене тоқтап ойлануды үйренуіміз керек. Тегін контенттің өзін қорытып үлгермей жатып, ақылы дүниеге жүгіру – бұл да бір «цифрлық қоқыс».
Жақында мен «эко-минимализм» деген ұғыммен таныстым. Бұл – тақыр жерде отыру емес, бұл – өзіңді тек шын мәнінде жақсы көретін және пайдалы дүниелермен ғана қоршау. Ең алдымен, өз бөлмемнен бастадым. Шкафымды ақтарып, соңғы бір жылда кимеген киімдерімді бөлек жинадым. Таңғалғаным, сүйікті жейдемнің астында ұмытылып қалған қаншама «артық зат» жатыр екен! Осының бәрін тазалаған кезде, бөлмем ғана емес, тынысым да ашылып кеткендей болды.
Біз лақтырған әрбір артық пластик ойыншық немесе киілмеген киім далада жата бермейді, олар табиғатты улайды. Сондықтан келесі жолы кассаға бармас бұрын немесе курстың «сатып алу» батырмасын баспай тұрып, өзіңе: «Бұл маған шынымен қазір керек пе, әлде жарнамаға алданып тұрмын ба?» деген сұрақ қойып көрші өзіңе. Қолданбайтын заттарды мұқтаж жандарға беру немесе ескі затқа жаңа өмір сыйлау – міне, нағыз тренд осы!
Достар, келіңдер, айналамызды затпен немесе аяқсыз қалған курстармен емес, шынайы әсерлермен, терең біліммен және нағыз достармен толтырайық. Бақыт деген – шкафтың немесе файлдардың толы болуы емес, көңілдің тоқ, ойдың таза болуы екен.
ӘДІЛ Жансая,
Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы,
«Марқакөл ауылының мектеп-интернат-колледжі» КММ
11-сынып оқушысы.
Жетекшісі: ИСАЕВА Динара Асқарқызы,
тарих пәнінің мұғалімі. Педагогика ғылымдарының магистрі.





