Шуағымды жандарға төксем деймін

Шөмішбай САРИЕВ

Сариев Шөмішбай Нағашыбайұлы  (1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысы, Арал ауданы, Шөміш станциясында туған. 2021 жылы 15 ақпанда дүниеден озған) – ақын, аудармашы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бірінші дәрежелі «Барыс»  және «Парасат» ордендерінің иегер

Менің ана тілім ғой…

Қайран өмір қайта оралмас енді бір,
Дөңгеленген жеткізбейді жер жұмыр.
Адамдарға бір келетін тірлікте,
Я, Құдайым, мырзалықпен бер ғұмыр!
Берші ғұмыр жолаушыға бір келер,
Көзін ашпай дүниені кім көрер?!
Бір күн әлем құпиясын ашардай,
Табиғаттың тылсымына тіл берер.
Келген адам сезімдерін үркітіп,
Осы сәтті, сан ғасырлар, жыл күтіп.
Сонда тұрып күллі әлем сөз алар,
Әр жапырақ, әрбір тасқа тіл бітіп.
Сөз алады әрбір нәзік гүлім де,
Жұлдыздарым сырласады түнімде.
Қарапайым, киелі, қасиетті,
Сөйлейді өмір менің Ана тілімде!
Тоғысқандай қуған дауыл, қашқан жел,
Тасқан дария, тасқан теңіз, тасқан көл.
Қарапайым менің Ана тілімде,
Әр таң сайын амандасар Аспан, Жер!
Жан дүнием сезімдерім дір еткен,
Мен сөйлесем сөз қозғаймын жүректен.
Ол өйткені,
Менің Ана тілім ғой,
Мен өмірге келген сәтте жыр еткен!
Адам ба әлде,
Тәңір ме әлде тіл берген,
Сөз Тәңірім,
құдіретті кім көрген?!
Ол өйткені менің Ана тілім ғой,
Арда туып, Ана сүтін бірге емген!

28 ақпан 1998 жыл
Ақмола шаһары


 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Айналамда кұстар үні, құс үні

Айналамда кұстар үні, құс үні,
Құлағымнан, жүрегіме жеткен бір.
Табиғат-ау, жасыл-желек пішіні,
Мені қоршап, айналамда көктем жүр.
Аман болса қауіп пенен қатерден,
Бұл тірлікке сапар кешкен жол — бақыт.
Осы көктем, мені өмірге әкелген,
Жан анаммен бірге өзі толғатып.
Бір үмітті ұялатып көңілге,
Мезгілімен келген маусым — әр қонақ.
Осы көктем, көз ашқанда өмірге,
Әлдилегеншуағымен жанды орап.
Бастау алар — тауға сүйеп иегін,
Өзендерге жүрегімді тасыттым.
Осы көктем мінезімен сүйемін,
Осы көктем жанарымен ғашықпын.
Бұлбұл әуен көктем деген қызық ән,
Аққу бейне, ару-жүзді, қыз-көрік.
Менің көктем жүрегімнен жылыған,
Үш ай қыста тас боп қатқан мұз да еріп.
Дария тасып, арнасы асып күш толған,
Өзіңе-өзің қалай ғана сиясың.
Менің көктем жүрегіме құс қонған,
Қайта оралып, салып жатыр ұясын.
Сан алуан сәулелерге боятып,
Бұл дүние жаралғандай өлеңнен.
Күнмен бірге тіршілікті оятып,
Көктемменен бірге жырлап келем мен.

Ей, дүние, жаныма дем бересің

Ей, дүние, жаныма дем бересің,
Демің тартып ішіңнен сен келесің.
Киелі қара ормандай жайқалып бір,
Ғажап толқын — ұрпақпен тербелесің.
Ей, дүние, жүректе қан ойнаттың,
Қан тасытып, кей-кейде абайлаттың.
Сүріндіріп, кей-кейде құлап тұрып,
Тіршіліктің тағдырын сан ойлаттың.
Ей, дүние, жиылып көзіме ендің,
Мендей ме екен, білмеймін, сезімі елдің.
Сан қилы, сан тараулы ұлы жолда,
Ерітіп, кей-кей жанға өзім ердім.
Мені де мойындайтын кезі келер,
Ақынның құпиялы — сезімі — өнер.
Ей, дүние мен сенің бөлшегіңмін,
Бір өзіңнен бөлініп, өзіңе енер.
Тыншымай таңғажайып мына тылсым,
Кеудем — толқын көгіме бір атылшы.
Жүрегіме дем беріп Ей, дүние,
Сен көзімнің алдында тұра тұршы…

Қос шырақ

Тоғысқан елмен тілегі,
Ақынның өлмес жүрегі.
Алдымда жанған қос шырақ,
Ғажап та ғажап түн еді.
Көретін көзге анық бір,
Адамға керек жарық бұл.
Қос көзімдей қос шырақ,
Қап-қара түнде жанып тұр.
Келеді таңым жазда атып,
Көрмедім өмір аз бақыт.
Жана бер жайлап қос шырақ,
Жүрегімді менің маздатып.
Келеді таудан көш құлап,
Дұшпанға емес досқа ұнап.
Жарық етіп түнімді,
Жана бер жайлап қос шырақ!

Шуағымды жандарға төксем деймін

Шуағымды жандарға төксем деймін,
Тамыр жаяр дәнімді ексем деймін.
Жапырағым жайқалар бәйтеректей,
Сол жасқа, Сол бір жасқа жетсем деймін.
Шартарап, Елді кезіп кетсем деймін,
Жел болып, Жер жаһанды өпсем деймін.
Адасар жұмбағы көп құпиялы
Сол жасқа, Сол бір жасқа жетсем деймін.
Өмірде армандаумен өтсем деймін,
Ғасырлық жүкті арқаға жексем деймін.
Бір Аллам, өзі қолдап, демеп мені,
Сол жасқа, Сол бір жасқа жетсем деймін.
Көзіме оттай ыстық, қымбат ғалам,
Жатқандай тылсым дүние, тыңдап далам.
Сол бір жас,Бір мен үшін құпиялы,
Сол бір жас, Бір мен үшін жұмбақ маған!

 

Журналист

Экрандарға —
Көздердің қараттың бәрін,
Эфирлерден —
Өмірдің тараттың әнін.
Жүректерге жол тартқан —
Журналистерім,
Журналистерім — қанаттыларым!
Мен күндерімді
Сендерсіз аз өткеріп ем,
Жылы жүрексіңдер —
Жандарды жаз еткеніңмен
Кеуделерге көктем боп жетесіңдер,
Экран,
Эфир,
Журнал,
Газеттеріңмен,
Жағалауын толқындай
Қайта ұрмаған арын ба?
Арқа сүйеп тұр елім,
Жай тұрмаған дарынға!
Атылса,
Бақыт боп атылатын
вулкандарым,
Бар, сендердің —
Айтылмағандарың да.
Шырқайсыңдар,
Сағыныш сырымен бұл өмірдегіні.
Қуаныштарын елімнің —
гүл өңіңдегіні.
Айтылар армандарым деп үғам,
Журналист, сенің
Жүрегіңдегіні!

Алгебра

Қосу, Алу — амалының түрлері,
Бөлу мен Көбейтуі күрделі;
Игрк пен Иксінде мәні бар,
Теңдіктер мен теңсіздігі тағы бар..
Өмір кейде алгебра, ағайын,
Көңіліңді қалай жырмен табайын?
Қосу, Алу — амалының түрлері,
Бөлуі мен Көбейтуі күрделі;
Төрт амалмен — өтіп жатыр Уакытың,
Теңдеулерді — шешу сенің Бақытың,
Бақыт үшін сан тістелген бармағың,
Игрк пен Икс табу — арманың,
Көңіліңді қалай жырмен табайын?
Өмір кейде алгебра, ағайын…

 

 

Дереккөззі: Bilim-all.kz; Egemen Qazaqstan газеті;

kaznu.kz; liter.kz.

Мемлекет және қоғам қайраткері – Уалихан Қалижан ақынмен;

ақынның зайыбы — Сариева Жұмагүл