Сирек кітаптармен толықты
«Білім беру жүйесінің міндеттері — жеке адамды қалыптастыру, сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу және тиімді пайдалану керек».
Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, балалармен жасөспірімдердің рухани жандүниесі ізгілік шапағатымен нұрлансын деген мақсатта Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген «Оқуға құштар мектеп» тапсырмасына орай «Кітап оқитын мектеп – оқитын ұлт» жаңа жобасы іске асырылуда. «Бірлес» шағын орталықты орта мектеп кітапханасында бірқатар шаралар өткізілуде. Солардың ішінде «Кітапханаға – кітап сыйла» қайырымдылық акциясы оқырмандарымызға қуаныш сыйлауда. Жақында, мектебімізде өткен 1982 жылғы мектеп бітірушілердің 40 — жылдық кездесуі аясында, «Алтын белгі» иегері, «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Бисембаев Қайрат Әшірәліұлы мектебімізге бастауыш сыныптардың интеллектуалдық әлеуетін арттыратынД.Бердімұраттың «Ғажайып математика» есептер жинағының бірнеше данасын сыйға тартты.
Сонымен қатар, кітапханадағы құнды шығармалар қатарын «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Әшірәліұлының авторлығымен жарыққа шыққан «Менің анам» жыр жинағы толықтырды. Кітапта автордың әр жылдары жазған жүрекжарды жырлары жарияланған. Оның ел ішінде танымалдылыққа ие біраз өлеңдеріне өзі және бірқатар танымал композиторлар ән жазған.
—Мемлекет басшысы ұл – қыздарымызды ұлтжандылық рухта тәрбиелеудің басты қағидасы көркем әдебиет екенін дер кезінде ұсынып, шаралар қабылдады деп білемін. «Тәрбиесіз білім қауіпті қару» екенін ескерсек, рухты ұланның тәрбиесі мен білімінің қатар шыңдалуына еліміздің кез келген азаматы жауапты. Сол себепті, болашағымызды сеніп тапсыратын бүгінгі ұрпақтың санасына ғибратты дүниелерді ұғындырып, руханияттан қол үзбеуіне тәрбиелеп, еліне деген сүйіспеншілігін арттыра алсақ, балалар үшін атқарған еңбегіміздің зая кетпегені, — деді Қ.Ә. Бисембаев.
Қайрат ағамыздың жастар тәрбиесіне аса зор көңіл бөлетінінің тағы бір себебі, әкесі Бисембаев Әшірәлі осы мектепті ұзақ басқарып, ата-анасының «Қазақстан білім беру ісінің үздіктері» болуымен қатар, отбасында «Мұғалімдер династиясын» құруы болса керек. Сондықтан да болар, Бірлес орта мектебінде математикадан, шахматтан Ә.Бисембаевтың және қазақ тілі пәнінен К.Ауғанбаеваның жүлделері үшін аудандық жарыстар ұйымдастырылып тұруы үрдіске айналған.
«Білім туралы» Заңында айтылған қағидаттар мектеп кітапханасына да тікелей қатысты. Кітапхана — рухани байлықтың ортасы болғандықтан, ұстаздар да, оқушы да өзіне қажетті іздеген дүниелерді таба алады. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығының дамитын орыны — киелі кітапхана. Мектеп кітапханасын оқырмандар арасында ел тарихындағы оқиғаларға арналған іс — шараларды жүзеге асыруға бағытталған əлеуметтік, ақпараттық институт десек, артық айтқандық емес. Бүгінгі жаңа Қазақстан кітапханашыларын тек педагогткалық қана емес, ақпараттық —коммуникативтік технологияларды да меңгерген менеджерлер деуге болады.
САДЫХАНОВА Гүлжахан Ауесбаевна,
Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, «Бірлес» шағын
орталықты орта мектеп кітапханашысы