Соғыс тылында еңбек еткен анашым

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына, Ұлы жеңіске – 80 жыл. Соғыс қаншама адамның өмірін жалмады, қаншама тағдырды гүлдей солдырды. Тылда еңбек еткен халықтың да жағдайы мәз болмады, қаншама ауыр күндерді бастан кешті. Тылда еңбек етіп, қиын күндерді өткерген жандардың бірі менің анам болатын.  Мен Қарағанды облысы, Шет ауданы, «Қазанның 40 жылдығы атындағы» совхозда туып-өстім. Әкем Айтбай мен шешем Қоңырдан басқа, атам  Ақым мен әжем Әсияның тәрбиесін көрдім. Біздер жеңістен кейінгі туылған ұрпақпыз.

Атам Ақым  «Әкең Айтбайдың жұмыс бабымен  көшіп-қонып жүрдік. Қартайған шағымызда бізге де қиын болды» деп, сол қиын күндерді еске алатын. Соғыс кезінде атамды Сібірге ағаш кесуге «тыл майданы» немесе «еңбек майданына»   жібереді. Оның алдында «Қарасаз» су қоймасын салғаны үшін Сталиннің «Құрмет грамотасымен» марапатталған екен. Қазіргі «Ерен еңбегі үшін» медалімен пара-пар. Сол себеп болған ба, оның үстіне жасына қарап, кері қайтарыпты. Соғыс кезінде тылдағы адамдарға бар салмақ салынған. Еркек адамдар жоқ. Бар болғанның өзінде көпшілігі қарттар, майданнан жараланып келгендер. Үйдегі бар тіршілікті атам мен әжеме қалдырып, ауылдың келіншектерімен бірге атқа қонып, мал бағып, отын шауып, сиыр сауып, оның сүті мен майын Үкіметке өткізіп, ауылдағы «Қызыл Отауды» басқарған менің шешем Қоңыр (шын аты – Жанәсия) екен. Соғыс басталған жылы әкем шешемді Үлкенбұлақтан (қазіргі Киик бекетінің жаны) алып қашып келіпті. Біреудің еркелетіп өсірген  жалғыз қызы. Әкесі сегіз әйел алса да, шешемнен басқа бала болмаған екен.

Балқаш көлінің маңындағы «Тасарал» балық колхозында, Хантауымен екі ортада, Арқа жерінде аң аулап, нөкерлерімен бірге менің шешемді қасынан қалдырмаған әкесі Әбеу атам қызын еркін өсірген. Жалғыз қызының артынан  нөкерлетіп әкесі Әбеу атам өзі қуып келіп, түскен жерін, ата-енесін көрген соң, кері қайтыпты. Ауылдағы ер адамдардың барлығы соғысқа кетеді. Жетім-жесірлер, бала-шаға, қарттарды асырау үшін күндіз-түні жұмыс жасайды. Оның үстіне Үкіметтің тапсырмасы бар. Әйелдер мал бағады. Таң атпай сиыр сауады, оның қаймағын алып, май қылады, брынза, ірімшік жасайды. Соның бәрін түске дейін бітіріп, әрі қарай малға қарайды, егін егеді. Азын-аулақ бидайды үйді-үйге бөліп береді. Киетін киім жоқ. Ескі-құсқыны жамап, бірінің аяқ киімін бірі киіп, мектепке барып, білім алған балалар қаншама. Сол балаларға жаны ашып, іс мәшинесімен киім тігіп беретін. Марқұмдар Күлжамал, Айтолқын, Бибігүл (есімде қалғандары), барлығына тапсырма беріп, тон тігіп, қалғанынан қолғап тігіп Үкіметке өткізген. Қолғапты қолдан тоқыған. Шамның жарығымен немесе білте шамның (жүнді сұйық майға шетінен малып қояды) жарығымен іс тігіп, апта сайын Үкіметке өткізіп отырған. «Қызыл отауда» әйелдерді жинап алып ән айтқызып, үйден келген патефонмен ән тыңдатады екен.

Үнемі «Сұрасаң руымды Қаракесек» деп өлең айтатын. Даусы сондай керемет еді. «Қара қағаз» келген үйге көмектесіп, екі-үш күннен кейін үй иесі жұмысқа шығып, елмен бірге жұмыс жасап кетеді. Күнкөріс қиын. Көмір жоқ, ел отын, тезек, қи жинап отқа жағады. Ауырған бала-шағаны, үлкендерді әжем Әсия емдеген. Атам аңға шығып отырған. Аңның терісінен ішік, бас киім, аяқ киім тіккен. Қарағандыда қызмет жасайтын Бикен деген апамыз амандасуға барған ауыл адамдарының басындағы түлкі тымақты көріп, «ана жақта бастарында бас киімдері жоқ, суықта тоңып жатқан солдаттарға жіберемін» деп, бастарындағы тымақтарын сыпырып алыпты.

1955 жылдары ауылда дөңнің үстіне  тастан  үй салады.  Терезесі жерден бір метр  жоғары, аласа там. Ол кезде кірпіш жоқ, қолдан құймайды. Қоржын там, екі пеш, үлкен-үлкен бөлмелер. Шешем ауылдық кеңеске мүше болатын. Ол кісісіз ештеңе шешілмейді. Жұрттың еңсесін түсірмей, барлығын колхоздың жұмысын жасауға шақырып жүретін. Біреуде бар, біреуде жоқ кез. «Өзіңе міндет алдың ба, аяғына дейін жаса. Ешқашанда шаршама, шаршасаң өлең айт» деп тәрбиелейтін. Ауылда немістер, украина, шешендер, кәрістер көп болатын. Немістерден тазалықты, қолөнерді, тамақ жасауды, кәрістерден ащы салатты үйрендік. Неше түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүрдік. Украиндықтар қолөнерге бейім еді. Күні бойы анам солардың барлығына жағдай жасап шапқылап жүретін, ал кешке бәріміздің басымыз қосылғанда қисса оқып беретін. «Ер Баянды» мәнеріне келтіріп айтатын, «Қыз Жібек» жырын, халық ертегілерін анамыздың аузынан естідік. Жалғыз радио біздің үйде болатын, сол радиодан берілетін пьесаны барлығымыз ұйып тыңдайтынбыз. Анам қолынан іс келетін жан еді, тігін тігетін, тоқыма,  алаша тоқитын, киіз, текемет бастырып үйрететін. Ол кісінің еңбегі еленіп, бірнеше медальдармен марапатталды.  Он екі баланы өмірге әкелді. Содан бесеуміз ғана қалдық. Ол кездегі ең  үлкен марапат – Сталин медалімен марапатталған. Жеңіс туы желбіреп, бейбіт заман орнағанда соғыс ардагерлерімен кездесулер, концерттер мен театрларға жиі баратын. Рухани кештерден алған әсерін майын тамыза әңгемелеп беретін. Сол күндердің бәрі бүгін сағымға айналған. Сол кездерді сағынамыз. Әкем – Айтбай, атам – Ақым, шешем Қоңырлардың  туған жерге сіңірген еңбектері зор.

 Африза АЙТБАЕВА,

ҚР құрметті журналисі,

Қырғыз Республикасы,

Бішкек қаласы