«Спортшы – чемпион болуды армандайды»
«Мектепте оқып жүрсем де, біраз биікті бағындырдым» — деген Мираспен кездесіп қалдық. Оқушы 9- сыныптан кейін колледжде оқуын жалғастыруда. Кешегі шымыр денелі бала ержетіп жігіт болыпты. Оның таңдағаны – бокс. Жас жағынан өзінің қатарластарынан оза шауып, үнемі жеңістің алдыңғы тұғырына көтерілетін. Сырттай қарасақ, бокста қарсыласын жер қаптыратын бала деп ойламайсыз. Тома – тұйық, өзіне қажет емес сұрақтарға, сөзге араласпайтынын байқайтынбыз. Сыныптастары «Тағы ойланып кеттің бе, Бекзаттың кумирі» десе, спорттағы достары «Мұхамет Али», «Генаның інісі» — деп мадақтайтынымен де бөліскен.
Спорттың түрі көп, соның ішінде жарық жұлдыздай жарқ етіп, елімізді шет мемлекетке танытып, Әнұранымызды қалықтатып, Көк туымызды көкке желбіреткен спорт сақлақтары санаулы ғана. Махмуд Омаров, 1996 жылы Василий Жиров, 2004 жылы Бақтияр Артаев және 2012 жылы Серік Сәпиев Олимпиада ойындарының ең үздік былғары қолғап шеберіне тиесілі Вэл Баркер кубогын иеленді. Кәсіпкой бокс көшінің басын Геннадий Головкин бастап тұр. Ол әлемнің үздік боксшыларының рейтингісінде америкалық Теренс Кроуфорд пен мексикалық Сауль Альварестен кейін үшінші орынға жайғасқан. Қазақ кәсіпқой боксшысы Қанат Ислам бастаған жастар тобын атаймыз. Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың да ізбасарлары біртіндеп Мирастай жас спортшылары қатарынан ерекше қабілеттілері көбейеді деп сенеміз.
Қоғам қайраткері, ағартушы Тұрғанбек Қатаевтың туғанына 100 жыл толуы құрметіне арналған Республикалық турнирде, Ауған соғысы ардагерлеріне арналған жекпе-жекте танылған Мирас шыңдалғанын байқатты. Қатарластарын жеңіп, жүлдені қанжығасына байлап, жаттықтырушының үмітін ақтады.
Тұрғанбек Қатаев 1919 жылғы 14 қыркүйекте Алматы облысы, Іле ауданы, Әли ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. 1974 -1983 жылдары Қазақ КСР-і Жоғары және арнаулы орта білім беру министрі болып тағайындалып, білім саласына көптеген жаңалықтар енгізген тұлға.
—Мирас, «Спортшы – чемпион болуды армандайды», — дегенің есіңде ме? Сол мақсатыңды өзгерттің бе? Қазір медициналық колледжде оқып жатырсың. Фельдшер мамандығы. Спортты ұмыт қалған жоқ па?
—Адам мақсатына жету үшін білімін одан әрі жетілдіреді. Мамандық таңдайды. Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың ата-анасы оны күреске береді. Қажымұқан атамыздай палуан, Жақсылық Үшкемпіровтай жауырыны жерге тимеген қазақ күресінің алыбы болсын деген шығар. Бірақ, Бекзат аға боксты таңдайды. 143 жекпе – жек өткізіп, оның 132- жеңіспен аяқтаған, — деп боксшы болу арманы болғанымен, өмірден өз орнын табу маңызды екенін айтады. Бокс – менің жүрек қалаған спортым, ал өмірлік мұратым – таңдаған мамандығым деген бозбала Мирас Нұрболатұлы ойларымен бөлісті
Мектептегі жаттықтырушыларының шеберлігі, баланы ынталандыра білуі мен шәкірттердің қалаған спорт түрімен айналысуына жол ашты. Аудандық, Республикалық жарыстарға бақ сынады. Қай жарысқа қатысса да, жеңіс тұғырынан түспеді. Колледждегі оқуы түбегейлі бокспен шұғылдануына уақыт қалдырмайды. Бокспен уақыты болғанда, өзі жеке айналысады. Әйтседе, волейбол командасының құрамына жазылып, өзін спорттағы басқа қырынан тануға бел байлапты. Оқушы кезіндегі жарыстарда жанкүйер болып, өзін қолдап жүретін атасы Марсат Елтайұлы мен әжесі Қаламқас Дүйсенқызына шексіз ризашылығын айтты.
М.Марсатпен әңгімелесе келе, спорттың қай түрімен айналысса да, өмірден өз орнын тауып, елі мен халқына пайдасы тиер азамат болсын. Таңдаған мамандығының жемісін көріп, игілікті ісімен, жауапкершілігі және еңбексүйгіш, өзінен кейінгі жасөспірімдерге өнеге бола алатын нағыз азамат бол дейміз. Мирастай жастарға сенетінімізді білдірдік. Бала күнгі арманы мен мамандық таңдаудағы мақсаты орындалсын деген тілегімізді арнадық.
Фотолар Мирастың жеке
архивінен алынды
(Өз тілшімізден).
Алматы
Сурет:sportishka.com