«Ұстаз болу – жүректің батырлығы»
Әлемнің «Екінші ұстазы» әл – Фараби бабамыз осыдан ХІ ғасыр бұрын «Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі…, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ…, жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп…қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.», — деп бағасын беріп кеткен. Дана Абай Құнанбайұлы:
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға, — деп бала оқытатын ұстаздың жауапкершілігін айқындап берді.
Ақын Ғафу Қайырбеков ағамыз өлең жолдарындағы «Ұстаз болу – жүректің батырлығы», — деген шынайы құрметі дәл бүгінгі ұстаздарға арналғандай. Олай дейтінім, жаңа заманның жаңа буыны гипербелсенді балалар. Технологиялар дамыған кезеңде білетіні өте көп. Бірақ, оның қайсысы өз өмірлеріне аса қажет екенін әлі айыра алмайды. Оларға интернеттен көргендері өте қызық болғанымен, жасына лайық дүниелерді ажырата алмайды. Бала үшін бәрі қызық. Сабақтан тыс уақытының көбі – ұялы телефонда өтетінін ата – аналар да растайды. Балалардың білуге құштарлығы қуантады. Деседе, жоғары технологиялардың жылдам дамып келе жатқан кезінде балалар мен жасөспірімдерді қолындағы гаджеттен мүлде ажырата алмаймыз. Интернеттен көрген – білгендерін талқылай отырып, оларға өнегелі нәрселерді айту, жақсыны үйретіп, жаманнан жирендіре отырып, жасөспірім шәкірттерді ұлттық құндылықтар әлеміне жетелеп алатын – басқа пәндермен қатар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі деп білемін.
Мемлекет басшысы Тоқаев Қасым – Жомарт Кемелұлының сөйлеген сөздері мен баяндамаларында елімізді дамыған мемлекеттермен теңестіретін білімді ұрпақ екенін әрдайым айтады. Білімді ұрпақ тәрбиелеу ең алдымен мұғалімнің еншісінде.
«Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауымына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі», — деп ұстаз мәртебелі мамандық екенін айтып, мұғалім мәртебесін, беделін арттыруға байланысты атқарылып келе жатқан мәселелерді көпшіліктің жадына салып отыруы бала оқытуға деген біздердің ынта – ықыласымызды жігерлендіреді. Елімізде ұстаздың тек қана мектепте білім беріп, шәкірттердің шығармашылығын дамытуға көңіл бөлетіндігі, жалақымыздың жылдан — жылға арта түсуі, тұрғын үймен қамтамасыз етілуі, мұғалім мамандығы бойынша білім алатын студенттің шәкіртақысының да екі есе көбеюі – болашақта жастардың ұстаз болуға деген жігерін жани түсетіні сөзсіз. Өткен жылы мұғалімдер күніне орай өткен Республикалық педагогтар съезінде ұстаздарға нақты тапсырма беріп, жиын соңында ең мықты ұстаздарға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын берді.
«Оқу – инемен құдық қазғандай», — деген халық даналығына сүйенсек, ұстаз еңбегі де дәл сондай өлшеусіз. Әр сабақта оқушы жадында қалуы үшін тақырыптарды біріне бірін ұқсатпай қызықты етіп өткізуге тырысу, іздену, әр шәкірттің қабілетіне қарай тақырыпты игеруге үйрету қанша уақытты қажет етеді? Әрине, бұл сұраққа жауап беру оңай емес. Ұстаз еңбегінен нәтиже шығару үшін тек сабақ өткізумен шектелмейді. Әр оқушыны өз баласындай жақсы көруі қажет. Өзі сабақ беретін әр сыныптағы шәкіртті жүрегімен баурап алып, оған шынайы ұстаз бола білгенде ғана ұйымшыл орта қалыптастырып, сыныпта, мектепте ғана емес отбасында, көшеде, өз ортасында өнегелімен танылатын жас буын – тұлға дайындай алады. Осындай көзге көрінбейтін, уақытпен өлшенбейтін еңбектің нәтижесі – шәкіртінің білімімен, білімін шыңдау үшін қатысқан байқаулармен көрінеді. Сонымен қатар, ұстаздың бала оқытудағы тәжірибесінің таратылуы, белсенділік танытып, семинар – тренинг ұйымдастырып, біліктілігін арттыру жетістіктері арқылы танылады.
Мен Абай атындағы Алматы облыстық мамандандырылған гимназия-интернатында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. 2004-2008 жылдары М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі (бакалавр) мамандығы бойынша бітірдім. 2021-2023 жылдары Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университеті — қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау магистратурасын тәмамдадым. Педагог-зерттеушімін. Ұстаздық еңбек жолымды бастағаннан бергі жылдары Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде қазақ тілді мектептердегі «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы өткізген «Сындарлы сабақ құрылымы және қолдануға тиімді әдіс-тәсілдер» атты біліктілікті арттыру курстарынан өттім. ҚР БҒМ, «Толық адам» тұжырымының рухани мұраларда берілу сипаты» атты халықаралық дөңгелек үстел, «Өрлеу» БАҰО АҚ «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәні педагогтерінің базалық және пәндік құзіреттіліктерін дамыту» атты біліктілікті арттыру, Түркия мемлекеті, Элязыг қаласының Фырат университетінде 10 күндік білім жетілдіру курсына қатысып, біліктілікті жетілдіру тәжірибесін үйреніп, сабақ өткізуге пайдаланып, мұғалімдермен бөлісудемін.
Оқушыларымның жетістіктері де атап өтуге тұрарлық. Атап айтар болсам, Республикалық олимпиадаға қатысқан шәкірттерім 2019 жылы Куанбаева Дамира (10-сынып) — ІІ орын, 2022 жылы 3 – кезеңнен өткен оқушыларым Төреханова Махаббат – І орын, Назарбекова Гүлназ – І орын, Сүннен Ұлжан – ІІІ орын, Мақажанова Тоғжан – ІІІ орын алса, 2024 жылы Дарханқызы Қарақат – ІІІ орынды иеленді. Ал, Республикалық ғылыми жобаға 2018 – 2021 жылдары қатысқан оқушылардың жетістіктері өз алдына. Олар Дабылқызы Сымбат – ІІІ орын (қазақ тілі), Шаабекова Жібек – ІІІ орын (қазақ тілі), Омарқұлова Аружан — ІІ орын (әдебиет), Мақтабек Ғалия — ІІ орын (әдебиет). «Қ.Бітібаева олимпиадасына» Молдахан Еркежан — ІІІ орын, Жаңабек Айғаным – мадақтаманы иеленді.
Шәкіртім айтыскер ақын, «Асыл домбыра -2022»жүлдесінің иегері, журналист – Тұрсынбай Айтбек
2022 – 2023 оқу жылында шәкірттерім Республикалық оқулар мен шығармашылық байқаулардан да қалған емес. Айталық, 2022 – 2023 оқу жылында Несіпбай Шәміл – Республикалық «Абай оқулары» және «Абай әлемі» атты шығармашылық байқауынан – ІІ, ІІІ орын алса, «Ділмар» шешендік байқауында – Бас жүлдемен марапатталды. 2023 жылы Респуликалық «Мұқағали оқулары» шығармашылық байқауында І – орынға ие болды. Төреханова Махаббат – ІІ орын, «Абай және ХХІ ғасыр» атты Республикалық желілік Абай мектептерінің эссе байқауына қатысып, – ІІ орын, Марат Медина «Өз заманының заңғары» атты Республикалық желілік Абай мектептерінің байқауында – ІІІ орын, «Әбіш оқулары» Республикалық ғылыми-шығармашылық байқауының – ІІ орын иегері болды. Болат Тәңірберді Республикалық оқушылар айтысының Мадақтамасымен, Қасымбай Руслан – ІІ орын (көркемсөз), Республикалық «Ақберен» шығармашылық байқауының , – ІІІ орын, Республикалық «Абай оқулары» шығармашылық байқауында «Көркемсөз» аталымы бойынша, – ІІІ орын, 2024 жылы өткен «Әбіш оқулары» Республикалық ғылыми-шығармашылық байқауының облыстық кезеңінде Данышбай Мерей – ІІ орын иегері атанды
Оқушылардың шығармашылығын дамытуға міндетті түрде көңіл бөлемін. Олардың жазған дүниелерін жинаққа ұсынып отырамын. 2018 — 2022 жылдары шәкірттерімнің шығармалары «Балбұлақ» эсселер, «Қауырсын қалам» шығармалар және «Жауқазын жырлар» өлеңдер, «Абай – ұлттың темірқазығы» жинақтарында жарияланды.
«Білім берудегі 4К: теория мен әдістеме» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференцияда шеберлік сабағы, (2020 жылы), «Желілік «Абай мектептерінде» «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Абайтану» пәндерін оқыту ерекшеліктері» атты Абай мектептері желісінің ұстаздарына арналған республикалық онлайн-курста шеберлік сабағы, (2021 жылы), «Оқушылардың оқу сауаттылығын оқытудағы тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыбындағы желілік «Абай мектептеріне» арналған республикалық вебинарда дәріс, (2021 жылы),
ҚР Оқу-ағарту министрлігі. «Білім беру үдерісіндегі жаңару мен жаңғыру» желілік Абай мектептері тамыз кеңесінде панорамалық сабағы, (08.08.2022 жыл), «Көркем мәтінді талдаудың тиімді әдістері» тақырыбында студент-практиканттарға арналған панорамалық сабағы, (2022 жыл), «Қазақ әдебиеті пәнінде оқу мақсаттарын жүзеге асырудың тиімді жолдары» атты студент-практиканттарға арналған шеберлік-сынып, (2024 жылы) сабақтары арқылы тәжірибем таратылды.
Міне, менің атап өткендерім бір ғана менің ғана емес, бала оқытып келе жатқан көптеген әр ұстаздың, солардың қатарында Абай атындағы Алматы облыстық мамандандырылған гимназия-интернатының директоры Байсариева Алия Қожаққызы бастаған біздің гимназия педагогтерінің де тынымсыз ізденісі, жаңашыл тәжірибені сабағына қолдану, шәкірттеріне шынайы білім беріп, шығармашылыққа баулыған еңбегі. Мұндай жетістікке жету үшін кез келген педагог бар саналы ғұмырын ұстаздық етуге арнайды. Шәкіртінің жылт еткен жетістігін, алға басқанын көрсе өз баласы бәйгеден оза шапқандай қуанатын бала көңіл жан. Кейінгі кездері ұстаз еңбегімен санаспайтын жайттар да кездесіп жүр. Бір ұстаздың мектептегі кемшілігін көріп, дүйім жұртқа жайып салатын да мысалдар аз емес. Кейбір ата – ананың да ұстазбен санасқаны орынды. Ұл – қызына ұстаздың мектепте берген білімін отбасында пысықтауға көмектесетін ата – ана.
Ұстаздық еткен жылдарымдағы өзім мен шәкірттерімнің жетістігін мақтану үшін емес, жастарға үлгі болсын деген мақсатпен айттым. Шәкірттерімнің айтарлықтай жетістікке жетуіне біздің гиназия – интернаты ата – аналарының да көмегі орасан екенін айтпақпын. Әр оқушы әр пәнге шығармашылықпен дайындалуы үшін отбасында балаға көп уақыт бөліп, байқау тақырыбын меңгеруі үшін бірлесіп дайындалғаны, өздері білетін мәліметпен бөлісіп, баласына жақсы көңіл – күй сыйлағандықтан, бүгінгі жетістікпен тоқтап қалмай, биік белестерге ұмтыламыз.
Жоғарыда Әл – Фараби мен Абай Құнанбайұлының ұстазға берген бағасын атап өттім. Сөзімді түйіндей келе, қос ғұламаның «Парасатты адам» және «Толық адам» ілімдерін басшылыққа алып, болашақтың иелерін дайындауға бар күш – жігерімді жұмсаймын. Ілімге сүйенсек, парасатты адам да, толық адам да ең алдымен білімі терең, сауатты, парасатты, отансүйгіш жаңа технологияларды еркін меңгерген робототехника, IT мамандықтарын таңдайтын шәкірттер тәрбиелеуіміз қажет. «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы жастарды мектепте тәрбиелейтін ұстаздар. Мектепте алған білімі сапалы, тәрбиесі саналы жасөспірімдеріміз ертең кез келген шетелдік замандастарымен тең дәрежеде еңбек ете алады. Әлемде қанша мамандық иесі болса, соның барлығы да алғашқы ұстаздан, пән мұғалімдерінен білім алған жандар. Олардың қай – қайсысы да ұстаз алдында бас иеді. Мен осындай мәртебелі мамандық иесі – ұстаз болғанымды мақтан тұтамын.
ЖАЛМАХАНОВА Жайна Абдинабиевна,
Абай атындағы Алматы облыстық
мамандандырылған гимназия-интернаты
қазақ тілі мен әдебиеті пәніның мұғалімі.
Педагог-зерттеуші.
Алматы қаласы