Ұстаз — шәкірттің шырағы

Ұстаз – ұрпақтың тәрбиешісі, болашақтың сәулетшісі. Ол білім беріп қана қоймай, адамгершілік пен рухани құндылықтарды сіңіріп, өмірлік жол сілтейді. Кез-келген кәсіби жетістіктің түп негізінде ұстаздың берген білімі мен тәлім-тәрбиесі жатыр. Дәрігердің қолындағы шипасы, заңгердің әділ шешімі, ғалымның ашқан жаңалығы, жазушының жүрекке жеткен сөзі – бәрі ұстаздың сіңірген еңбегінің жемісі.
Білімнің шамын жағып, әрбір шәкіртінің жүрегіне ізгілік пен ұлағат сәулесін себетін жанның еңбегі қандай құрметке болса да лайық. Қазақ тілінің мәртебесін биіктетіп, әдебиеттің асыл құндылықтарын шәкірт санасына сіңіріп жүрген сондай тұлғалардың бірі – Гүлбану Жамбекқызы.
Ол – қарапайым маман ғана емес, өскелең ұрпақтың рухани сәулетшісі. Ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетін тамамдағаннан кейін, Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта үздіксіз 33 жыл бойы қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп келеді. Ұлы Абайдың: «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген даналық сөзі Гүлбану Жамбекқызына арналғандай. Білім жолында өзіндік із қалдырып, әр шәкіртінің жүрегіне мейірім мен даналықтың нұрын сеуіп, олардың жеке тұлға болып қалыптасуы үшін бар ғұмырын арнап келеді. Оның қажырлы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Сан жылдар бойғы ұстаздық қызметі мен білім беру ісіндегі жаңашылдығы үшін «2020 жылдың үздік педагогі», «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі, «ҚР Еңбек сіңірген ұстазы» атақтары мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Құрмет грамотасы», «Дарын» РҒПО-ның Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бұл марапаттар – тек кәсіби жетістіктердің емес, ұстаздың шәкірт жүрегіндегі орнын айғақтайтын құрмет белгілерін алды.
Нағыз ұстаздың ең үлкен жетістігі – шәкірттері. Гүлбану Жамбекқызының алдынан өткен шәкірттері бүгінде елдің түкпір-түкпірінде ұлтқа қызмет етіп, қоғам дамуына өз үлесін қосып жүр. Олар тек білім алып қана қойған жоқ, нағыз тұлға болып қалыптасты. Өйткені ол әр оқушысының дарынын ашып, олардың қабілетін шыңдап, өмірлік жолын табуға көмектесті.Қазіргі таңда ұстаздың ізбасар шәкірттері әр салада елеулі еңбек етіп келеді. Мысалы: ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлының Баспасөз хатшысы болған – Айдос Үкібай, белгілі әншілер – Тоқтар Серіков пен Ақбота Керімбекова, белгілі режиссерлер – Мұрат Есжан, Асхат Мұсабай, «Қазақ», «Шалқар» радиосының журналист-жүргізушілері Гүлмира Нәлібай, Ришат Асқарбекұлы, Айбын Шағалақов сынды шәкірттердің бәрі бір кезде дәл осы Гүлбану Жамбекқызының алдынан өтіп, білім алған еді.
Ұстаз болу – мамандық емес, жаратқанның ерекше сыйы. Гүлбану Жамбекқызы үшін ұстаздық – жай ғана жұмыс емес, өмірінің мәні, жүрегінің қалауы. 33 жылдық еңбегі – білім мен парасаттың, еңбек пен ізденістің тамаша үлгісі. Ол шәкіртінің биікке самғағанын көріп, өз еңбегінің жемісін сезінген сәттерді өміріндегі ең үлкен марапат деп біледі.
ТҰРЛЫБАЙ Нұртілеу,
Абай атындағы Республикалық мамандандырылған
дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін
тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының
11 «Б» сынып оқушысы.
Алматы