STEAM – жасампаздыққа бастар жүйе
STEAM — білім беру инженерлік, шығармашылық пен математика, жаратылыстану ғылымдары мен технологиялардың кіріктірілуі негізінде жоба және пәнаралық амалдарды байланыстыратын жаңаша ойлаудың бірігуі. Ол оқушының сыни тұрғыдан ойлау, ғылыми-техникалық білімді күнделікті өмірде пайдалану, белсенді қарым-қатынас құру және командамен жұмыс жасау жолдарының бірі болып есептеледі. Қазіргі таңда STEАM-білім беру жүйесі жүзеге асырылуда. Бұл біздің мектептерімізде 2019-2020 жылдарға арналған оқу жылында STEАM мән — мәтінінде көрсетілген білім мазмұнын жаңартуға көшудің дәлелі ретінде қарқынды түрде атқарылып келеді.
Технологияларды, ғылыми инновацияларды, өнер және математикалық модельдеуді дамытуға бағытталған STEAM білім беру жүйесі мектептердегі әдістемелік оқу жоспарына енгізіліп, «Дарынды ұстаз – дарынды оқушы» тақырыбында жұмыс жасап келеді. Мақсаты: табиғи дарындылығы, қабілеті бар оқушыларды анықтау, бейімі мен қызығушылықтарына байланысты білім, білік, дағдыларын дамыту, шығармашылық қабілеттерін дамытып, шыңдау және ғылым жолына бағыт бағдар беру, потенциалды қабілеттерін жүзеге асыруға қолдау жасау үшін кезең – кезеңмен шығармашылық – әдістемелік жұмыстың жүйесі құрылды.
STEAM-білім беру жүйесіне көркем шығармашылықты кіріктіру үшін қолданылатын негізгі оқыту әдісі – жобалау болғандықтан, біздің оқушыларымыз ғылыми жоба зерттеу жұмыстарын жазып, үлкен жетістіктерге жетуде. Мысалы, жобалауды эстетикалық жағынан жүзеге асыратын жұмыстар барысында Ә.Бейсеуов атындағы орта мектептің 3 сынып оқушысы Есенаманова Айгеримнің «Абай Құнанбаевтың «Қыс» өлеңіндегі көркемдегіш құралдардың тиімділігі» жобасы Халықаралық ғылыми зерттеу жобасы байқауында І орын, 9 сынып оқушысы Базарбаева Айгеримнің «Мұқағали Мақатаев поэтикасындағы метафораның қолданыстық сипаты» тақырыбындағы жоба жұмысы ІІ орын, 7 сынып оқушысы Жолдасбаева Ұлдананың «Жылқының сүйегінен жасалған бұйымдардың тілдік ерекшеліктері» тақырыбында жазған зерттеу жұмысы ІІІ орынға ие болды.
Мұғалімдеріміз қашықтықтан оқыту арқылы түрлі қызықты іс-шараларды ұйымдастырып, оқушыларымыздың ілім-білімге, ғылыми ізденіске деген қызығушылықтарын оятуда. Қашықтықтан оқытуға көшу туралы шұғыл шешім шығару қажеттіліктен туындаған жағдай екенін ескере отырып, ұстаздарымыз сонымен бірге, техникалық пәндерге деген ғылыми шығармашылық шабыттарын арттыру, жобаларға креативті және жаңашыл көзқарас қалыптастыру, оқу мен карьераның ұштасуына мүмкіндік беру мақсатында Ә.Бейсеуов атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Окей Алмас ұстазы, физика пәнінің мұғалімі Даулешияр Бақытәлі екеуі бірігіп, «Автоматты қоқыс жәшігі» тақырыбында техникалық жоба дайындады. Онда техникалық арақашықтықта қоқыс жәшігінің автоматты түрде ашылып, 10 секундтан кейін жабылуы ғылыми түрде зерттелген. Ал, екінші ғылыми жұмысы «Автоматты дезинфекция жасайтын робот» деп аталады. Яғни, едендерді дезинфекция жасап, жуып, сүртіп шығатын робот машинаны ойлап тапқан.
Онда, инженерлік робототехниканы дамыту жолдарын барынша арттыру мақсатында жүргізілді. Одан кейін, үшінші ғылыми зерттеу жұмысы «Өсімдіктерден электр энергиясын алу» тақырыбында қорғалды. Негізгі жасалған зерттеу жобаларының мақсаты, механизмдерді автоматтандыру және короновирустың жұқпалы екендігін ескере отырып, оның таралып кетпеуін болдырмау, тазалық жолдарын сақтау үшін жасалған жұмыстардың нәтижесі біздің жоспарымыздың басты ерекшелігі екендігі айқындалды. А.Қарсақбаев атындағы орта мектептің физика пәні мұғалімі Қ.Алишевпен 9 сынып оқушысы Жұмахан Нұрланмен дайындаған жобалары «Жетілдірілген инкубаторлық аппарат» және «Автоматтандырылған суғару жүйесі» мектептегі ІТ кабинет мүмкіндігін пайдаланып, оқушы шығармашылығын дамытуда зор мүмкіндікке ие болды. Ертеңгі күнгі жұмыс орны шығармашылық пен инновацияны талап етеді.
Демек, STEAM — білім беру жүйесі оқушыларға мәселені шешу, өзара қарым-қатынас жасау, шығармашылық амал-тәсілдерді қолдану мен сын тұрғысында ойлау – ХХІ ғасырдың жасампаз дағдыларын меңгеруге көмектеседі. Бұл дағдылар барлық оқу кезеңінде кез келген пәннен үлгеру үшін қажет болады. Бұл дағдыларды бүгіннен бастап үйрету балалардың болашақ кәсіби қызметке дайын болуына мүмкіндік береді.
КАРЫМБАЕВА Перуза Куптлеуқызы
Білім беруді дамыту оқу-әдістемелік
орталығының әдіскері.
Алматы облысы, Жамбыл ауданы