Сымбатты Әлемнің ең үздік 20 Университеттері жоғары білім алуға шақырды.

Шымкент  қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Сымбат Кушерованың  білімдегі жетістігі жайлы естігенде, көптің бірі ретінде біз де тамсандық.  «Болашығымыз–жастарымыздың қолында» деп үміт артатын жастардың қатары жылдан жылға толығып келеді.

Шәкірт жайлы естіген шақта, Оңтүстікке бағыт алдық. Алдын ала мектеп әкімшілігіне хабарласып, Сымбатпен кездесіп,әңгімеллессек деген ойымызды айтқанымызда, бірден қолдау алдық.  Мектепке келгенімізде, оқушылар сабақтан тарап бара жатыр екен. Келгенімізді білген  Баспасөз қызметінен  Виктория                ,  Жамила                          бізді жылы қарсы алды.

Сымбаттың жетекшісі Умарова  Анар  Әшірбекқызы шәкірті жайлы әңгімелеп берді.

—Биыл біздің Сымбат ерледі. Әлемнің  ең үздік саналатын Аустралия, Канада, Франция, АҚШ пен Корея, Швейцария мемлекеттеріндегі Университеттерінен шақырту алып отыр. Әзірге шәкіртім нақты бір Университетке тоқтам жасамады. Ойлану үстінде. Қай елдің жоғары оқу орнын таңдайды, ерік өзінде. Ұстаздар қауымы оқушысы қай мемлекетте білім алса да, оны мақтан тұтады,- деп ой бөлісті.

Сол екі арада Сымбат та сабақтан шығып, бізге қосылды.

Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алуды ата-анаң ұсынды ма, әлде өзің таңдадың ба?

—Мектепті ата-анамыз таңдайды ғой. Өйткені, әр ата-ана мектептен баласының  білім негізінің мықты болғанын қалайды. Шымкент қаласында  физика-математика бағытында Назарбаев Зияткерлік мектебі салынып жатыр дегенді естіп, әкем Серікпен осы ғимаратқа келдік. Құрылысы бітіп қалған екен. Көрдім де «Бұл менің мектебім, осында білім аламын» деп  мектепті өзім таңдадым. Ата-анам құптады, әжем батасын берді. Мен әжемнің тәрбиесін алған қызбын.

 

20 Университеттен шақыру алғанда, қуаныштан жүрегің жарылып кете жаздаған шығар?

—Айтпаңыз! Айтпаңыз! АҚШ-тың Бостон қаласындағы «Hult International Business School» оқу орнын таңдасам ба деп отырмын. Бүгінде кез келген оқушы шетелде білім алып келіп, туған  елімізді көркейтуге үлес қоссақ деп армандайды. Мен де солардың бірімін. Алда  ҰБТ сынағы тұр. Қазір бар ынта-ықыласымды емтиханнан сүрінбей өтуге жұмсаудамын.

Қызықты қараңыз! Бостон Университетінің ректоры әкемнің атына хат жазып, Университет туралы толық мәлімет айтыпты. Хатында әкеме мені шетелде білім алуға жіберуді өтінген. «Мен сізді үш қыздың әкесі ретінде жақсы түсінемін. Десекте, жастардың шетелде білім алғаны–олардың болашағы» деген. Мен үйдің үлкенімін, менің екі сіңлім бар. Ата-анам да үш қыз тәрбиелеп отыр.

—Сымбат, қандай мамандықты таңдадың?

—Менің бала кезгі арманым– архитектор болу еді. 2016 жылдың жазғы демалысында АҚШ-та «Робототехника және Менеджмент» атты арнайы оқу курсына қатыстым. Курс менің экономикаға жақын екенімді анықтап берді десем болады. Содан бері экономиканың тереңіне үңіліп келемін. Менің анам да экономист.

—Жетістіктерің қандай? Саған қызыққан оқушылар көп деп білеміз. Алға ұмтылған ұл-қыздарға өнеге болсын.

—?!.

Сымбат қарапайымдылық танытып, өзінің бүкіл жетістіктерін санап, мақтанбады. Бұл да, әжесінен алған тәрбиесі болар дедік. Сұрағымызға жауапты мектептегі мәлімет тен    таптық.

Сымбат Серікқызы «2015-2016 оқу жылының «Үздік жыл оқушысы». «Алтын» белгіге үміткер». SAT Reasoning»  сынағы кезеңінде 1600 ұпайдың 1580 –не жауап берген. IELTS 9 балдық көрсеткішінің 7,5 ұпайына ие болған. Осындай дәрежеге жету үшін Сымбат тек мектеп бағдарламасымен шектеліп қалмады. Уақыт өзіне қажет емес дүниелерге толтырмай  кітапты көп оқиды. Ізденеді. Алған мақсатына жету үшін табандылық танытады.

—Арманың орындалсын, Сымбат!-дейміз жас түлекке Ақ жол тілеп.

 

                                                                                          Ж.КУЧУКОВА,

                                                                                          Алматы–Шымкент