Тұлғаларды қалыптастырып, қанаттандырған Абай мектебі

Өткен ғасырдың 1957 жылы республика көлемінде ауыл балаларына арналған мектеп-интернат болып ашылған. Бұдан соң Ы.Алтынсарин атындағы Педагогикалық ғылыми-зерттеулер институтының эксперименттік базасы ретінде 1988 жылдың тамызына дейін жұмыс істеді. 1988-1989 оқу жылынан бастап, Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернат ретінде жұмысын жалғастырды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 19 қазанда қабылдаған №1754 «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мәселелері» қаулысына сай қайта құрылып, 2003 жылғы 1 тамыздағы №774 қаулысының негізінде «Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты» болып аты өзгертілді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 мамырындағы №480 қаулысымен Абай есімі беріліп, «Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты» мемлекеттік мекемесі аталып, 2020 жылдан гуманитарлық бағыттағы Абай мектептері желісінің ресурстық орталығы ретінде қызмет етіп келеді.[1]
«Farabi shakirti» журналының редакциясы Алматы қаласы, Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатына биыл екінші рет келіп, жас тілшілерге куәлігін табыстадық. 10 — 11 – сынып оқушылары кездесуге дайындалып, өнерлерін ортаға салды. Кездесуді Нұрахмет Нәби жүргізіп, домбырасымен ортаға шыққан жас айтыскер ақын Базарбек Жан арнау өлеңін айтты. Оңдаған Дидар домбырадан тамылжыта күй төкті.
Мектеп директоры Мұқашев Қайрат Манатбекұлы сөз сөйлеп, оқушылар арасында, соның ішінде мектеп бітіруші түлектердің жүрек қалаған мамандығын таңдап үлгергеніне тоқталды. Жас тілшілер арасында биыл мектеп бітіретін түлектерге болашақта еліміздің Медиа саласының үздік қызметкері болуларына тілектестік білдірді. Республикалық Абай мектебін бітірген түлектердің көпшілігі мәдениет, ғылым, ақпарат, қорғаныс және менеждмент саласында жемісті еңбек етіп келе датқан тұлғаларға тоқталды.
Ғаниқызы Дәрия, Доскенқызы Гүлшат, Саттыбаева Еркенұр, Туркебай Ақзере, Тұрдақын Әмина, Тұрлыбай Нұртілеудей жас тілшілерімізге редакцияның арнайы Жас тілші куәлігі тапсырылып, шығармашылыққа баулыған «Шебер-педагог», философия докторы PhD, аға оқытушы, «Дарынды ұстаз», қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Малик Майра Маликқызы Алғыс хатпен марапатталды.
Сонымен қатар Қайрат Манатбекұлы жақында өткен Республикалық байқау жеңімпаздарына арнайы сертификат пен дипломдарын табыстады.
Кездесуге «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» — Махамбетова Гульбану Жамбекқызы мен Тайгарина Гульмира Кадрбекқызы қатысты.
(Өз тілшімізден),
FSH журналы.
Кездесудің фотолары мен бейнебаянға түсірген:
ИСКЕНДЕРОВА Амина
Дереккөзі: [1] мектеп тарихынан