Төле би ауданының тарихы

Түркістан облысының Қазығұрт тауы мен Ақсу-Жабағылы қорығының аралығында тарихы терең Төлеби ауданы орналасқан. Жұрт бұл өлкені «адамзаттың топан судан кейін өсіп-өнген бесігі» ретінде киелі жер санайды. Табиғатының сұлулығы, өсімдігі мен жан-жануарлар дүниесінің әр алуандығы баршаға мәлім.
Төлеби ауданына қарасты тау бөктеріндегі Сайрамсу, Мыңшейіт, Қарасора (қазіргі аты Кеңесарық), Қасқасу, Керегетас, Диханкөл, Нысанбек, Біркөлік,Төңкеріс, Қаратөбе, Майбұлақ елді мекендерінің маңайында көне қалашық, қорған, тарихи-ескерткіш, қарауылтөбе орындары аз емес. Ал Сілбілі өзенінің бойындағы жартастардан ежелгі суреттер мен сына жазулар табылды.
Бұл туралы белгілі өлкетанушы Өмірбек Шыныбекұлының 2017 жылы шыққан «Қара шаңырақ‒Қарасора, құтты мекен ‒ Сайрамсу» атты кітабынан оқуға болады. Онда Есім ханның ордасы мен осы аймақтағы тарихи оқиғаларға қатысты құнды деректер кездеседі.
Жалайыр Ақтан сопының 1730 жылғы «Біздің тарихымыз» атты еңбегінде Түркті жеке тұлға ретінде атап, денесі Сайрамға қойылған делінеді. Сайрам деген атау «тақ мұрагері» дегенді білдіреді. Ескі еңбектерде «Сайрам – Түрктің Тұр деген ең кенже ұлының лақап аты. Ол ат оған Түрк қайтыс болған соң, оның тағына отырғаннан соң берілген…». Қазіргі Төлеби ауданындағы тауда Сайрам атты ең биік шың бар. Сайрамсу сол шыңнан бастау алады. Осы өзен қиып өтетін қазіргі Төлеби ауданы мен байырғы Сайрам қаласы іргелес.
Рашид ад-диннің 1316 жылғы «Жамиғ ат-Тауарих» атты парсы тіліндегі еңбегінің 47-бетінде көне Сайрам туралы мынандай дерек келтірілген: «…Кәрі Сайрам – өте көне әрі аса кең де үлкен қала. Қаланы көргендер оның басынан аяғына дейін бір күндік жол және онда қырық қақпаның бар екенін жеткізеді. Қазіргі кезде онда мұсылман түркілері өмір сүреді. Сондай-ақ ол Қайдуға (Шыңғыз ханның шөбересі,Үгетайдың немересі – Е.И.) тиесілі және Қунчи ұлысына жатады. Қайдудың ұрпақтары мекендейтін жерлер сол араға жақын орналасқан».
«Есім ханның ескі жолы» деген заңдар жиынтығы елдің әлеуетін арттырып, ұлысты ұйыстырып, өрісін кеңітіп, шекара-шебін шегендеп, ұрпақ жадында мәңгі сақталып қалған.
Ержан Исақұлов,
саяси ғылымдар докторы, Түркістан облысының құрметті азаматы
«Есім хан ордасы және көне жәдігерліктер: Төлеби ауданының туристік әлеуетін арттырар мүмкіндік» атты мақала қысқарьылып берілді.
Төле би ауданы — Түркістан облысының оңтүстік-шығысындағы әкімшілік бөлік. Жерінің аумағы 3,1 мың км² (облыстың 2,6%-ын қамтиды). 1932 жылы құрылған (1991 жылға дейін Ленгер ауданы). Аудан орталығы – Леңгір қаласы. Аудан халқы ауыл шаруашылығы және бау-бақша өнімдерін өсірумен айналысады. Аудан жерімен Ленгер-Шымкент темір жолы өтеді.
Сурет:https://bainews.kz/