Төлен ТІЛЕУБАЙ Түлкітаудың аспаны (повесть)

Төлен Зәрубайұлы ТІЛЕУБАЙ
1974 жылы 19 маусымда Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы Кеншоқы ауылында туған. Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетін, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің магистратурасын үздік бітірген. Әлеуметтік ғылымдар магистрі. Медиа зерттеуші. Ақпарат саласының үздігі. «Аласапыран Америка», «Тәуелсіздік — тұмарым», «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі», «Түлкілітаудың аспаны» атты кітаптардың авторы. 2003 жылы халықаралық «Шабыт» фестивалінде «Журналистика» аталымында Гран-при иегері және «Әдебиет» аталымы бойынша дипломант атанған.
Бірқатар республикалық, халықаралық шығармашылық байқаулардың жүлдегері. «Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, «Төлеген Айбергеновке – 80 жыл» естелік медалімен, «Qazaqstan dauiri» газетінің 30 жылдық мерейтойына арнайы шығарылған медальмен және 2024 жылғы 16 қазандағы Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» меделімен марапатталған. «Сана», «Ақжол, Қазақстан», «Жас қазақ үні», «Алтын орда», «Жас қазақ» газеттерінде қызмет атқарған. Қазір «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газетінің шеф-редакторы.Мемлекет басшысының 2024 жылғы 25 маусымдағы өкімімен отандық журналистиканы мазмұндық және әдістемелік тұрғыдан жетілдіруге қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты атанды.
БҰЛ ЕҢБЕГІМДІ ӘКЕМ ЗӘРУБАЙ ТІЛЕУБАЙҰЛЫНЫҢ, АНАМ ТІЛЕУЖАН ДОСЫМБЕКҚЫЗЫНЫҢ, МАРҚҰМ АҒАЛАРЫМ – САЙЛАУ, ЖАЙЛАУ, ҚҰРАЛДЫҢ, ӨМІРДЕН ЕРТЕ КЕТКЕН ЕКІ БАУЫРЫМ – НҰРКЕН МЕН НҰРГҮЛДІҢ РУХЫНА АРНАДЫМ.
I тарау.
Ескі достармен қоштасу.
Жаңа ауыл.
— Алақай! Алақай! Көрші ауылға көшеміз!
Үсті-бастары шаң-шаң болып, асық ойнап жүрген балалар кенеттен шыққан дауысқа жалт қарасты. Тосын жаңалықты сүйіншілеген Әмірден үш жас үлкендігі бар Райгүл. Үстіндегі көк жейдесінің етегі желмен желбірейді, қолында жіңішке шыбық таяқ. Қуанышын жасыра алмай, тұрған орнында секіріп-секіріп түсті.
Үш бала аңырып тұрып қалды.
— Ол қандай көрші ауыл? – Шикіл сары Қазбек естіген жаңалығын жақтырмай, мұрнын бір тартып қойды. – Сенің де айтпайтының жоқ екен.
Сөйтті де мұрнынан аққан сап-сары «зымыранды» оң қолының жеңімен бір сүйкеп тастап, ойынды жалғастыра берді.
Үсті-басының шаңын қаққан Әмір аң-таң. «Көрші ауылға көшкені несі? Өз ауылымыз ше? Мен сонда кіммен асық ойнаймын. Қысық көз Қазбек пен тақыр бас Алмабек кіммен ойнайды» деген ой басын қаумалап алды. Ес білгеннен бірге ойнаған Қазбек пен Алмабекке бауыр басты. Бірі тентек, екіншісі қызғаншақ болса да достыққа адал. Достарымен кейде келіспей, төбелесіп қалатын кездері де бар. Жаңа ауылға көшеміз дегенде жүрегінде шым-шымдап қимастық сезім оянды.
Маусым айының орта кезі. Күн ұзақ. Әмір Райгүлге ілесіп үйге кіргенде буылып-түйілген жүктердің үстінен түсті. Мұндай көріністі бұрын-соңды көрмеген. Жүректері лүпілдеп қоя берді. Туған үйге бауыр басқандағы қимастық сезім мен жаңа ауылды көруге деген ынтызар көңіл араласып, әрі-сәрі күйге бөленді.
— Құлындарым-ау, келдіңдер ме?
— Иә, келдік. Қайда барамыз, апа?
Анасы үйдегі заттарды жиыстырып, үлкен сөмкелерге салып жүр.
— Ұзақ күн қарындарың ашып, шөлдеп қаларсыңдар. Айран, сүт ішіп алыңдар. Қазір жол жүреміз.
— …Таңырқаған балалар ләм-мим демеді. Күлғайша апа өзінен өзі сөйлеп жүр. Күн түспесін деп терезелерді тұмшалаған сарғайған газеттерді бүктеп алды. Осы кезде даладан «Камаздың» гүрілдеген даусы естілді. Балалар көліктен түсіп жатқан әкесін көрді. Көп ұзамай үйдегі буылып-түйілген жүктер тіркемесі бар көлікке тиелді. Сұраған аға Әмірді өзімен бірге кабинаға мінгізіп, алдына отырғызды. Әмір терезеден артына бұрылып қарай берді. Анасы мен бауырлары басқа машинаға мінді. Орнынан қозғалған көліктер ауылдағы қара жолдың шаңын аспанға көтерді.
***Қиыршық тас төселген жол. Бір-бірімен жарысқан көліктер айналасын дүбірлетіп келеді. Әмір машинаның терезесінен сыртқа көз тастаған. Жолдың екі жағы көкорай шалғын. Жаңа ауыл иек астында тұрғандай көрінді. Алаңдаулы көңілін баса алмай шарасыз күйге түскендей. Әкесіне қарап еді, маңдайынан аққан терді орамалымен сүртіп, жайланып отыр. «Неге сөйлемейсің?» деген сұраулы жүзбен жымиып қояды.
Жаңа ауыл жазық жерде орналасқан. Жолдың оң жағында тізбектелген таулар. Сол жағында өзен. Арғы бетінде тау сілемдері созылып жатыр. Түзу көшелер, біркелкі салынған үйлер. Көбісі бос тұр. Ауылдың ішіне кірген көліктер орталық көшемен жүріп келеді. Қарсы ұшырасқан адам аз. Бөтен көлікке, адамға иттердің үргені де естілмейді. Бес-алты бала жол үстінде асық ойнап жүр. Гүр-гүр еткен көліктер ауылдың ортасындағы жаңа үйдің бір жақ шетіне тоқтады. Балалар ойынын доғарып, бөтен адамдарға үрпиісіп қарап қалыпты.
Қарама-қарсы үйдің жанында тұрған әйел:
— Әй, жетпегірлер, әкелерің базардан келіп пе еді? Неменеге бажырайып тұрсыңдар, барыңдар кәне! – деп жекіріп балаларды қуа жөнелді.
Жаңа үй биік, үлкен. Әкесі сыртқы есіктегі құлыпты ашып, үйге кірді. Көп бөгелмей жүктерді түсіреміз деп ишарат етті. Цементтен салынған үйдің іші сап-салқын. Балалар табалдырықтан аттап, жатырқап біраз тұрды. Бой үйретіп жүк-сөмкелерді төрдегі бөлмеге тасуға кірісті.
Жаздың ұзақ күні тамылжып тұр. Даладан құстардың сайраған үні естіледі. Әмір аулада көрші үйдің адамдарына қарап біраз тұрды. Жаңа ауылды жатырқағаны рас. Мұндағы өмір қызықсыз, көңілсіз болып көрінді. Кеш батып, қас қарайғанша терезеден көз алмады. Аспанда жылт-жылт етіп жұлдыздар жарқырайды. Алабұрта толқыған бала жүрегі жаңа ауылда таң атқаннан күн батқанға дейін тау-тасты кезіп, өзен жағалап, балалықтың бал күндерін өткізетінін білген жоқ.
Өзендегі оқиға.
Көмір қораның тұтқындары
Шілденің ми қайнатар ыстығы. Күн төбеге көтерілген уақ. Шыжыған күнге шыдай алмаған балалар күні бойы өзеннен шықпайды. Табаныңды күйдіретін аптаптан қорғанатын жерің – өзен жағасы. Ауыл мен өзен арасы жақын. Кішкентай балалар өзеннің топырағына асыр салып, суын шалпылдатып шашып ойнайды. Ересектері күнұзақ суға шомылып, құмдауыт жағалауда шалқасынан жатып, күнге қыздырынады. Су қызығымен күннің қалай батқанын сезбей қалады.
Әмірмен көрші балалардың ішіндегі тентегі – Темір. Үлкен-кішіге сөзін өткізеді. Тыныш жүрмейді, бірдемені құртып, іріткі салып жүреді. Ұйқысынан тұра сала беті-қолын жумай май жаққан нанын ұстап, аулаға шығады. Наны жерге түсіп кетсе де топырағын қағып жей береді.
Іші пысып, бірдемені бүлдіруге үйреніп қалған Темір бір күтпеген ұсыныс айтты.
— Сендерге бүгін бір қызық көрсетемін! – деді танауы делдиіп, маңғазданып сөйлеп. Әмір мен Асқар оның қызығына елең етті. Асқар – қаланың баласы, оған — бәрі таңсық.
— Бүгін тағы балық қуырып жейміз бе, Темір? – деді Әмір қызығының құпиясын білмек болып.
— Балықтан басқа сен осы не білесің? Кетші әрі! – деп кеудесінен итеріп жіберді.
Ол достарын трактор жөндейтін алаңға ертіп әкелді. Жерге отыра қалып темекінің тұқылын жинай бастады.
— Темір, оны қайтесің? – деді Әмір мен Асқар жарыса дауыстап.
— Өзенге барғанда бірақ көресіңдер!
Ауылдың іргесінен ағатын өзен арнасының алыстығы мен суының тереңдігіне қарай балалар ат қойып алған. Ең жақыны мен суы таязы – Калин, одан әрі – Медеу, Машдвор, Купка, Полив, Қарасу деп кете береді. Кішкентай балалар Калин мен Медеуге, үлкендер Машдвор мен Купкаға шомылады. Полив пен Қарасу балық аулайтын жер. Қарасудың аты айтып тұрғандай, суы терең, түбі көрінбейді.
Үш дос үйреншікті әдетімен Машдворға беттеді. Темір бір тасадағы жардың ішіне бастап апарды. Малдас құрып отырып, қалтасынан «Беломорканалдың» басы бос сигаретін шығарды. Оған темекі тұқылын салып, оттықпен тұтатты. Бұрқылдатып тартып достарына бұрылып:
— Мә, алыңдар. Кезек-кезек түтінін ішке тартыңдар! – деді ол аузы мен мұрнынан түтін шығарып. Ересектерге еліктеген түрі.
Әмір «Мен темекі тартпаймын» деп басын шайқады. Асқар қарсылық танытқан жоқ. Аузын түтінге толтырып, темекіні Әмірге берді. Әмір тартыншақтап тұрды да батылдығы жеңіп:
— Жарайды әкелші! Мен де тартып көрейін! – деп шылымды ерніне қыстырып, ащы түтінді жұтып кеп қалып еді қақалып екі көзінен жасы парлады. Әмірдің аянышты күйіне достары ішек-сілесі қатқанша күлді. Дауыстарының қатты шыққаны соншалық, өзеннің арғы қабағынан жайдақ атқа мініп келе жатқан Бәтен аға көріп қалды.
— Әй, боқмұрындар! Бесіктен белдерің шықпай жатып темекі тартқандарың не? – деп атын тебініп, қамшысын ойнатып, айқай салды.
Темекісін тастап үшеуі тұра қашты. «Қызығының» әшкере болғанына ызаланған Темір ашуға басып, Бәтен ағаны боқтап барады. Сол зытқанынан Купкадан бірақ шықты. Үстіндегі киімдерімен суға күмп берді. Көп жүзе алмай, жағаға шықты. Киімдерін сығып, талға жайды. Ыстық құмға етпеттерінен жатып қыздырынды. Бәтен ағадан қашқандарын тез ұмытты. Күн әлі ұясына батуға асығатын емес. Биік таулардың үстіне барып қонақтап алыпты. Қызғылт тартқан көкжиек көзіңді қарықтырады.
Кешқұрым. Өрістен мал келетін кез. Ауыл іші у-шу. Иттердің абалап үргені, қой бөлуге шыққан балалардың айқайы көш жерден естіледі. Өзен жағалауынан бұзауларды қуалаған үш дос ауылға бет түзеді. Әбден отыққан шимай бет сары бұзау аяғын баспайды. Балалар кезектесіп құйрығынан бұрап, күшпен итереді. Қолдары талғанда сәл дамылдайды. Шимайбеттің жүрісі өнбесе де күн ұясына кіргенше ауылға жетті. Бұзауларды ашық қораға қамайтын жерде Бәтен ағаның аттан түсіп жатқанын көрді. Үшеуі тілі байланып қалғандай бір-біріне қарап, қалшиып тұрып қалды. Әбүйір болғанда, сол күні Әмірдің әкесі қалаға кеткен. Анасы арғы жақта сиыр сауып жүр. Бәтен аға өзендегі оқиғаны үлкен әпкесіне айтып жатты. Мұндайда әпкесінің қаталдығынан жан баласы құтыла қоймас. Қолына көк шыбық ұстаған Дария үшеуін тырқыратып қуып, көмір қораға қамады. Айтқанына көнбесе көк шыбықпен салып жіберетіні белгілі.
— Ойбай, әпкетай, енді бұлай істемейміз! – деді үшеуі жалынышты үнмен. Оған әпкесінің көне салатын түрі жоқ.
— Мен сендерге көрсетейін, жігіт болғанды, — деп Дария оттықты ауыздарына басты.
Сазайын тартқан үш дос қараңғы қорада бүрісіп отыр. Асқар мен Әмір: «Осының бәрін шығарған сен емес пе?» деп Темірге алакөзденіп қарап қояды. Темір істеген ісіне өкініп, сабасына түсті. Мұндай қараңғыны көрмеген Асқардың өңі қашті. Ымырт үйірілді. Қараңғы қораның іші тар қапасқа ұқсап кетті. Сырттан иттердің абалап үргені, зекіген адамдардың даусы ғана естіледі. Түн қараңағысында үрей биледі. Үшеуі де кірпік ілмеді. Қара түнек осыншама ұзаққа созылар ма?. Қараңғыда көздері ғана жылтырайды.
Түннің жартысынан ауған мезгіл. Даладан гүрілдеген жүк көлігінің үні естілді. Оған дабырлап сөйлеген адамдардың даусы қосылды. Әмір құлағын тігіп, әкесінің даусын бірден таныды. Сұраған аға қаладан келгенде әкелген заттарын көмір қораға түсіретін. Бұл жолы да сөйтті. Машинаның шамының жарығы қораның есігіне түсіп тұр. Қолындағы кілтпен құлыпты бұрады, есік сықыр етті.
— О, жасаған! Бұл не сұмдық? – деп Сұраған аға іштегі балаларды көріп абдырап тұрып қалды.
— Әке, кешіріңізші бізді! – деп Әмір жүгіріп барып әкесін құшақтай алды. Темір мен Асқар орындарынан ұшып түрегелді. Әкесі болған істің мән-жайына қанығып сәл бөгелді де, ұлының маңдайынан иіскеп, бауырына басты. Сол-ақ екен, өзендегі оқиғаның қалай болғанын үшеуі жарыса айтып берді. Әмір сол күні өмірінде алғаш рет әкесінің алдында екі беті қызарып, ұяттан өртенерге шақ қалды. Қолымен істегенді мойнымен көтеріп: «Ендігәрі ешқашан темекіге жоламаймын!» деп өзіне де, әкесіне де серт берді. Сол сертін бұзған жоқ.
Әмір мектепке барады.
Газет-журналдардың иісі.
Әмір бүгін әдеттегіден ерте оянды. Анасының кешегі айтқан: «Құлыным, ертең сен 1-сыныпқа барасың. Ұйқыңды жақсылап қандырып ал» деген сөзі құлағында қалыпты. Көңілі алай-дүлей. Жаздың тез өткенін аңдамады. Жаңа ауылға не себеппен көшкендерін кейін білді. Әкесін көлік бөлшектері қоймасының меңгерушісі етіп шақырыпты. Сұраған аға жаңадан құрылған шаруашылықты жұртпен бірге аяғынан тік тұрғызды. Балалар ұзақты күнге әкесін көрмейді. Оның есесіне көрші үйдің балаларымен бірге ойнап, үйренісіп кетті.
Күз келді. Далада күн жылы. Қоңыр салқын самал еседі. Бүгін 1-қыркүйек. Аулада тірі жан жоқ. Әмір оңашада ойға шомды. Тезірек мектеп табалдырығынан аттап, жаңа әлемнің есігін ашқысы келді. «Мектепте оқыған қызық па екен», «Партаға кіммен отырамын», «Мұғалім кім болады», «Оқушылар оқудан қолы босағанда не істейді» деген сауалдар басын қаумалап алды. Сол ойдың әсері болар, үйге кіріп, анасының дастархандағы қып-қызыл бауырсақтарына тәбеті тартпады. Күлғайша апа күлімсіреп ақ көйлегі мен кәстөм-шалбарын кигізді. Жаңа аяқ киімі мен сөмкесі де жылтырап тұр. Сол сәтте кеудесін қуаныш кернеді. Ұлының шаттанған жүзін көріп, анасы мейірлене қарады. Өз де күндегісінен ажарланып кетіпті.
— Ал, құлыншағым, жүр кеттік! – деді ұлына қолын созып.
— Кеттік.
Ауыл шетіндегі мектепте жеткенше баланың жүрегі дүрс-дүрс соқты. Қарсы жолыққан бір бала:
— Сенің атың кім? – деп сұрап еді, жауап қатпады. Анасының қолынан қысып ұстап алыпты. Балалардың бәрі әдемі киінген. Қыздардың қолында – гүл шоқтары. Сол гүлдерімен сыныпқа кірді. Бақыт мұғалім жүзі жылы, мейірімді жан екен. Ата-аналармен сәлемдесіп, балаларды партаға отырғызды. Әмірдің орны үшінші қатарда екен. Мұғалім партаға шақырып еді, шегіншектеп бармады. Ұлының ұяң мінезін білетін анасы партаға отырып, жанына шақырды. Әмір мәз-мейрам болды. Бір кезде анасы: «Құлыншағым, қадамың құтты болсын! Сабақты жақсы оқы» деп басынан сипап, маңдайынан сүйіп есікке беттеді.
Алғашқы сабақ қызықты болды. Бақыт мұғалім: «Кім білімді болса, сол өмірдегі барлық арман, мұратына жетеді» деді. Әмір сол сәт болашаққа ой жүгіртіп, тәтті арман-қиялдың құшағына енді. Үйде бауырларымен ой-өрісін кеңейтетін ойын ойнайды. Дүние жүзіндегі елдердің, қалалардың, өзен-көлдердің, өсімдіктердің аттарын жазып жарысады. Бір ғана А әрпінен басталатын әлемде қаншама елдер, қалалар бар десеңші… Сол қалалардың бәрін араласам ғой, шіркін! Жер жүзіндегі ең ұзын өзен Нілді көрсем ғой! Ең биік шың Джомолунгманың басына шықсам ғой!. Анам күн бұлттанса: «Біздің ауылдың ауа-райы бұзылып кетті. Мұхиттың арғы жағындағы Әмірика тағы бір зымыран ұшырды ғой» деп ауа-райын болжайды. Шіркін, сол Әмірикаға ұшып барып, зымырандарын өз көзіммен көрсем ғой. Бұдан басқа да армандарым к-ө-ө-ө-өп!
— Ал, балалар бүгінгі сабағымыз осымен бітті! – деген мұғалімнің сөзі ойын бөліп жіберді. Алғашқы сабақ тез өтті. Қыз балалар бөлмеден шыға берісте: «Бақыт апай, сау болыңыз!» деп қоштасып жатыр. Әмір мұғалімін бірінші күн көргеннен шығар, тіл қатпады. Мектептен шыға сала үйіне қарай жүгіре жөнелді.
— Алақай, сабақ бітті.
Алдынан шыққан анасы:
— Әп, бәрекелді! Сабақтан келдің бе, құлыншағым. Қадамың құтты болсын! – деп екі бетінен шөпілдетіп сүйді.
***Жаңа жылды барлық бала асыға күтеді емес пе? Шырша тойының қызығы мол. Ешкім сыйлықсыз қалмайды. Неше түрлі кәмпитке тояды. Арғы жағында қысқы каникул басталады. Жаңа жылдың алдында Бақыт апай балалардан шырша тойға кім болып киінетінін сұрады. Балалар көбінесе арыстан, қасқыр, қоян, түлкі болып киінеді. Әмір кім болатынын мұғалімге де, құрдастарына да айтпады. «Шырша тойға келген күні бірақ көрсін» деп ойлады таңдандырмақ болып.
Шырша тойы болатын күн де жетті. Мектептің спорт залы әдемі безендірілген. Залдың ортасына үлкен шырша орнатылған. Қабырғаға жаңа жылдық суреттер ілініпті. Аяз ата мен Ақшақардың атшанамен келе жатқан көрінісі әйбат-ақ. Әмір суретті сыныптасы Сәулеттің салғанын танып қойды. Әсем әуен көңіліңді шалқытады. Шырша қызылды-жасылды түстерімен көз тартады. Мерекеге жиналғандардың жүздері бал-бұл жанған. Балалар Әмірдің үстіне киген ақ көйлегі мен кәстөм-шалбарына, басындағы қалпағына, көзіндегі көзілдірігіне, қолындағы папкасына таңданыспен қарап қалыпты. Ол ешкімнен ұялған жоқ.
— Әмір сен кім болып киініп келгенсің? – деп келеке етіп сұрады бір бұйрабас бала.
— Көрмей тұрсың ба? Журналистпін.
Жауабын естіген балалар мазақтап күлді. Әмірдің көңілі су сепкендей басылды. Онысын сездірген жоқ. Балалармен бірге шыршаны айналып, әнге қосылып кетті. Ырду-дырдумен мерекенің қалай тез өткенін байқамады.
Әмірдің екінші сыныпқа көшкеніне көп болған жоқ. Өз бетімен оқып, жазуға машықтанды. Ана тілі кітабындағы жазуларды, өлең-тақпақтарды жаттап алды. Қолынан кітап түспейді. Ержеткенде журналист болуды армандайды. Сол арманына қанат бітірген – газет-журналдар. Пошта келетін күн – нағыз мейрам. Әкесі «Социалистік Қазақтан» газетін, «Қазақстан коммунисі» журналын, ағалары «Жұлдыз», «Жалын», «Жаңа фильм», «Парасат», «Зерде» журналдарын, «Жас Алаш» газетін жаздырып алады. Пошташы газет-журналдарды әкелгенде үлкендермен берге балалар да бір-бірден ұстап, оқуға ден қояды. Әмір суреттерін көріп, иісін құшырлана иіскейді. Қай газетті, журналды ашып қалса да ғажап иісі аңқып тұрады. Журналдардағы әртістердің, спортшылардың суреттеріне ұзақ үңіліп қарайды. Кітап сөресіндегі журналдардан өзіне ұнаған суреттерді қиып алатын әдет тапты. Осылай қызығушылығы арта берді. Бір күні ұйықтап жатып түс көрді. Алыстағы Американың бір үлкен газеті мақаласын басып шығарыпты. Көшедегі адамдар сол мақаланы оқып жүр. Америкалықтар қазақ ғалымы ашқан жаңалыққа таңдай қағуда. Сонда олар қазақ тілінде оқи ала ма? Ой, ғажап-ай! Қиялы шарықтап, қуаныштан масаттанып жатып, оянып кетті.
Қыс мезгілінде қызық көп. Өзеннің арнасына жақын ауылға қар қалың түседі. Арқаның сақылдаған сары аязы мен ат құлағы көрінбейтін ақ бораны алма-кезек келеді. Қаңтардың ортасында ескі Жаңа жылды тойлайтын «дәстүр» бар. Балалар жан-жануарлар кейпінде киініп, топ-топ болып үйлерді аралайды. Қолдарында – дорба мен таяқ. Кейбір үйлерде қабаған иттер бар, таянып жүретін ағаш таяқ сол иттерді қууға керек. Өздеріне тиіспек болған адамға да кезейді. Бұл да бір думан. «Ескі жаңа жыл құтты болсын»» деп балалар табалдырығынан аттаған үй иелері бауырсақ, құрт-кәмпитін дорбасына салып береді. Осылай таң атқанша тойлап, ескі жаңа жылды шығарып салады. Дорбаларға толған құрт-кәмпиттерін бірнеше күн жейді. Әй, балалық-ай десеңші!
Ойыннан шыққан от.
Тоқылдақ.
Жаздыгүні көрші үйдің балалары бірге ойнайды. Батырбек орта бойлы, арықша келген, момын бала. Ара-тұра біреулер төбелесіп қалса, айыратын сол. Ал Ғизат ұзын бойлы, аяқ-қолы балғадай, дүрдік ерін дөкей сарының нақ өзі. Ол жастары шамалас балаларды бір-бірімен күрестіріп, төбелестіріп қызықтағанды жақсы көреді. Балалар жоқта әтеш төбелестіруге жаны құмар. Сотқар Жанғазы екеуінің жанынан қалмайды. Өзінен жасы үлкенге тиісуге бата алмайды, жасы кішілерге қырғидай тиеді. Ол сұмпайылық пен ләңгі тебуден көшенің чемпионы.
Түскі мезгіл. Балалар күндегі әдетімен ойын ойнауға шыққан.
— Ағашпен атысып ойнайық! – деді Жанғазы күтпеген ұсыныс айтып.
— Ол қандай ойын?
— Келіңдер көрсетемін.
Ол жанқалтасынан кішкентай бәкісін алып, ағащты жонып, басын үшкірледі. Осындай бірнеше шыбықтарды дайындап, бәріне үлестіріп берді. Батырбек пен Ғизат ойынға бірден қызықты. Қораның үстіне шығып бір-бірімен атысып жүр. Жаңа ойын балаларды желіктіріп әкетті. Әмірдің інісі Нұрбек бұларға сырттай қызықтап қарап жүретін. Ойын қызғанда Нұрбектің бақырып жылаған даусы естілді. Жүгіріп жүріп құлап қалған шығар деп ойлады Әмір. Жанғазы лақтырған басы үшкір шыбық інісінің оң жақ маңдайына қадалыпты. Желдің екпінімен зымыраған ағаш жебе қадалған жерден қан сорғалап тұр. Қас-қағым сәтте не болғанын түсінбеген балалардың зәресі ұшты. Ағашты суырып алуға ешкімнің батылы бармады. Нұрбектің айқайын даладағы пешке от жағып жүрген Күлғайша апа да естіді.
— Ойбау-ау, ойбай! Өлтірдіңдер ғой, оңбағандар! – деп жанұшырып жүгіріп баласының шекесіне қадалған ағашты жұлып алды. Қан одан сайын сорғалап ақты. Қатты қорыққан балалар жан-жаққа қаша жөнелді.
— Әй, сені ме қуарған қу шешек! Құдай бар болса, жазаңды берсін! Ойының осылғыр, мұны қайдан шығардың! Жәй жүрмейсің бе, қансүрек неме? – деп Күлғайша апа ұлына жаны ашып, Жанғазыны қарғап-сілеп жүр. Нұрбектің басын орамалмен орап, үйге алып кетті. Жанғазыға деген өкпесі-реніші мұнымен бітпеді. Кешке үйіне барып, атыспақтан баланың жарақат алғанын айтып, шешесіне бар ашуын төкті. Сотқар ұлын тәртіпке шақыруды талап етті. Анасы не десін, ұлын жақтаған жоқ. Күлғайша апаға басын изеп шығарып салды. Әй, бірақ шешесінің ұрысып, айтқан ақылынан өзгере қоятын Жанқазы жоқ. Бір күн тыныш жүреді де, бұрынғы қалпына түседі. Жанғазы шығарған жаңа ойыннан осылай от шыққан еді.
***Балалар аулада атыспақ, жасырынбақ, ләңгі тебу, тоқылдақ ойнайды. Әмірмен бір сыныпта оқитын Қаржан, Саржан, Бекәділдер де жазда бірге ойнауға шақырып, қатарларына қосып алады. Ұшқалақ, жылпос Қаржанмен Әмір көп ойнамайды. Мектепте бір шу шықса ол Қаржанның ісі екенін құрдастары алдын-ала біледі. Сабақтың үстінде ештеңе істемесе де жанындағы баланың сөмкесін тығып қояды. Мазақтағыш қабілеті ерекше бала.
— Бүгін кімнің үйіне тоқылдақ құрамыз? – деді Қаржан біреуге тиіспесе жүре алмайтын әдетімен.
— Ілдебайдың үйіне құрайық.
— Маралбектің үйі ыңғайлы.
— Жоқ, ол үйлер қызық емес. Директор Бәдіғұлдың үйіне тоқылдақ құрамыз! – деді ол өз сөзіне өзі масайрап.
— Әй, сен өзің жынданған шығарсың?
— Ұсталып қалсақ, бәрімізді мектептен шығарады ғой.
— Басқа үйге құрайықшы, бәлесінен аулақ.
— Жоқ, айттым бітті. Директордың үйіне құрамыз. Неменеге қорқасыңдар? Мектептен шығарса, тіптен жақсы емес пе? Алаңсыз ойнаймыз. Ауданнан тексеріс келсе, қайта шақырады. Не істейді ол бізге? Бір қорқытып көрейік те, кәне! – деп Қаржан бірбеткейлігінен қайтпады.
— Иә, не болар дейсің. Қызық болсын, көзімізбен көрейік! — десіп достары амалсыздан келісті.
Жаздың түні салқын. Оншақты бала ауылдың ортасындағы еңселі үйдің қарсысындағы қоршаудың ішінде жасырынып отыр. Келісім бойынша «жіп байлау» операциясын үш бала: Қаржан, Саржан және Әмір атқаратын болды. Олар аяғының ұшымен басып, бақшаға кірді. Қалғандары таса жерде қалды. Үшеудің міндеті айқын: Қаржан терезенің жақтауына шеге қағады. Саржан шегеге жіп байлайды. Әмір жіптің бір ұшына сүйек байлайды. Жіппен байланған сүйек терезеге тиіп тұр. Жіптің екінші бір ұшы Қаржанның қолында. Ол жанындағыларға «кете беріңдер» деп белгі берді. Өзі жіптің бойымен еппен жылжып, таса жерге жайғасты.
Дала жым-жырт. Айналаны қою қараңғылық басты. Бір кезде директордың үйінің терезесі тоқылдай бастады. Терезеге тиген сүйектің даусы анық естіліп тұр. Үйден ешкім шықпады. Жарық жанбады. Сүйек одан сайын қатты тоқылдады. Балалар «Одан әрі не болар екен» деп қызық ойынның соңын күтті. Тарс-тұрс! Тарс–с-с-с-с! Соққыға шыдамаған терезенің шынылары жан-жаққа ұшты. Балалар алды-артына қарамай, зыта жөнелді. Әмір сол зытқаннан үйіне жетіп, қораның ішінде ентігін басты. Ас ішетін бөлмеден біреулердің күбір-күбір сөйлеген үні естіледі. Аяғын аңдап басып төсегіне жатты.
Арада екі-үш күн өтті. Директордың үйінің терезесінің сынғанын күллі ауыл естіді. Сол күні үйінде болмаған Бәдіғұл ағай мен Рәбиға апай мәдениетті жандар еді. Тереземіз сынды деп ешкімнің жағасына жармаспады. Үш күннен кейін сынған терезенің орнында жаңа терезе тұрды. Балалар аң-таң: «Біреу байқамай сындырып кеткен шығар» деп үй иесі жаңасын салған екен» деп ойлады. Жазғы каникулдың қызығымен жүріп, тоқылдақ оқиғасы ұмытылып кетті. Күзде оған қайта оралатынын қайдан білсін.
Білім күні салтанатты жиын өтті. Оқушылар алтын ұясына сағынысып оралған кез. Әмірлердің сыныбында өткен жиналысқа директор қатысты. Мәдениетті болғанымен Бәдіғұл ағай қатал еді. Ортаға шығып тоқылдақ оқиғасын өзі қатысқандай әңгімелеп берді. Мұны естігенде балалардың көздері шарасынан шықты. Тілін жұтып қойғандай, сілейіп тұрып қалыпты.
— Қателікті мойындау да ерлік. Тәртіпсіздік істеген бала өз кінәсін мойындаса, кешіремін! – деді бір кезде директор сабырлы қалпымен, сұраулы кейіппен сыныпқа қарап.
— …Балалар бастары салбырап үнсіз тұр. Бір кезде Қаржан бір-екі қадам басып, алға шықты. Қалғандары аң-таң.
— Ағай, Сіздің үйіңізге тоқылдақ құрайық дегенді мен шығардым. Басқалар кінәлі емес! – деп болған істің бәрін жайып салды. Жайшылықта істеген ісін мойындамайтын, кінәсін біреуге жаба салатын Қаржанның шыншылдығы қайран қалдырды. Көп кідірмей Саржан мен Әмір оның қатарына барып қосылды. Тоқылдақ құруға қатысқан басқа балалар да орындарынан бір-екі қадам аттап, «кінәліміз» деп көзбен жер шұқылады. Бәдіғұл ағай шешім қабылдауға асықпады. Қаржанды жұмыс бөлмесіне шақырып түсініктеме жаздырды. Басқаларға ауызша ескерту жасалды. Мектептен ешкімді шығармады. Сол оқиғадан кейін балалар директорды көргенде бетіне тіке қарай алмай, бұрылып кетіп жүрді. Бұл сәл де болса есейіп, өз қолымен жасаған жағымсыз қылығына өкінгендерінің бір белгісі болатын.
(1 тараудың соңы)






