Төлен ТІЛЕУБАЙ Түлкітаудың аспаны (повесть)

II ТАРАУ

Түлкілінің түлкісі.

Бүлдірген тере барғанда

Мамыражай маусым. Жер-дүние жап-жасыл болып құлпырып тұрған шақ. Көкпеңбек аспанда бір шөкім бұлт жоқ. Өзен жағасындағы ауыл мүлгіген тыныштық құшағында. Таңғы салқынмен мал өріске шыққан. Бір-бірін қуалап ойнақтаған бұзаулар өзен жағасындағы көк майсаға бет түзеп барады.

Жазғы каникулдың басталғанына бірер күн өтсе де Әмір ерте тұрды. Төсегінде керіліп жата бермей, дене жаттығуларын жасап далаға шықты. Әкесі ауланы сыпырып жүр екен.

— Мені неге оятпадыңыз әке? Ауланы өзім-ақ тазалайтын едім ғой.

— А, ұйқың қанды ма, балам. Демалыста жақсылап демалып ал. Бүгін түстен кейін шөп оруға барамыз. Өзенге шомылуға кетіп қалма, жарай ма? – деді Сұраған аға.

— Жарайды, әке.

«Шөп орамыз» деген сөзді естіген Әмір түстің тезірек болғанын тағатсыздана күтті. Үйдегі жұмыстарын ерекше құлшыныспен атқарды. Құдықтан су әкелді. Бақшадағы жеміс ағаштарын суарды. Анасына қолқабыс етті. Күн төбеге көтерілгенде жұмыстан әкесі келді. Түс ауа гараждан үш аяқты көк мотоциклін шығарып, жолға дайындады. Шөп шабуға қажетті құрал-саймандарын түгендеп көліктің қорабына салды. Анасы тамаққа толтырып берген ала дорба да ұмыт қалмады. Көп ұзамай әке мен бала үш аяқты мотоциклге мініп, ауылдан ұзап шықты.

Күннің ыстығы әлі қайтпаған шақ. Сайын далаға көз жіберсең, сағым бұлдырайды. Жүйрік көлік қара жолдың апшысын қуырып, зырлап келеді. Тақтайдай тегіс жол биік кезеңнен асып түскен соң көз ұшында көрінген тауларға қарай созыла берді. Даланың ауасы қандай керемет! Көкпеңбек шөптің иісі мұрын жарып барады. Жолдың екі жағында табын-табын сиыр мен отар-отар қой жайылып жүр. Табынға жақындағанда Әмір үлкен шимай бет сиырын, ала тайыншасын көрді.

— Әке, әне біздің сиырлар да осы жерде жайылып жүр! – деп айқайлады. Көліктің даусын сәл бәсеңдеткен Сұраған аға «Иә, көрдім» дегендей басын изеді. Қара жол жазықтан тау ішіне қарай тартып әкетті. Қиядағы жол біраз жүрген соң үлкен сайға жетеледі. Мұндай тізбектелген тауларды бұрын-соңды көрген емес. Үш аяқты көлік саймен жоғары өрледі. Көкпеңбек шөп адамның белуарынан келеді. Тау іші жартылай көлеңке болса да күннің ыстығы сезіліп тұр. Мотоцикл бір үлкен төбенің басына тоқтады. Әкесі үсті-басының шаңын қағып, айналаны тамашалап біраз тұрды. Көліктің қорабынан қапқа оралған екі шалғыны, балға, балта, шеге сияқты құрал-саймандарын шығарды.

— Ең алдымен шабатын жердің шөбін аралап көреміз. Содан кейін шалғыға сап іздейміз. Сөйткенше кешкі салқын да түседі, — деді Сұраған аға ұлының сұраулы жүзіне жауап қатып. Екеуі аппақ қайың мен көк терек аралас өскен кішігірім орманның ішіне кірді. Мүлгіген тыныштық. Құстардың шықылықтаған үні ғана естіледі. Айналасына сақтықпен, таңданыспен қарап келе жатқан Әмір кенет бір ағаштың түбінен түсі қызғылт түлкіні көріп қалды да: — Түлкі қашты! – деп тұра ұмтылды. Бар екпінімен жүгіріп ағаштың жанына барып еді, айлакер аң зым-зия жоғалыпты. Құйрығы шұбатылған түлкіні қолына ұстап, мамық жүнінен сипалап еркелеткісі келіп еді.

— Әмір, ол бізге ұстата қоймас. Алғашқы күні түлкі көргеніміздің өзі жақсылықтың нышаны! – деп әкесі көріністің мәнін өзінше жорыды.

Түлкілітаудың әр сайының шөбі қалың. Арғы жаққа асып түсетін биік кезең көз жететін жерде тұр. Самал желмен сыңсыған ақ қайыңдары көп ормандары таудың басына дейін созылып жатыр. Итмұрын мен долана көздің жауын алады. Маусымда таулы жердің жуасы піседі. Сұраған аға қолындағы істік темірмен бір-екі жуаны қазып алды. Бармақтай болып иісі аңқып шыға келді. Ол биіктеу бір төбеге шығып, таулардың ұшар басына көз жіберіп, сөйлеп кетті.

— Бұл жердің атауы – Түлкілі. Кіші Түлкілі және Үлкен Түлкілі бар. Біз тұрған жер – Кіші Түлкілі. Ана кезеңнің арғы жағындасы – Үлкен Түлкілі. Жолы қия, кезеңі биік. Жері жартасты болып келеді. Аты айтып тұрғандай, ертеде бұл маңда түлкі көп болған деседі. Аңшылар түлкі аулауға бірнеше күнге келіп, қақпан құрады екен. Қырдың қызыл түлкісі қазір де бар. Жаңа біреуін өзің де көрдің.

— Иә, әке. Түлкіні алғаш рет көрдім.

— Біз осы үлкен сайдың шөбін шабамыз. Бітік шығыпты. Бұйырса малға қысқа жетерлік шөп шығады.

— Сонда бұл жердің шөбін қанша уақыт шабамыз? – деді Әмір үлкен сайдың шөбін көріп, таңданысын жасыра алмай.

— Бұйырған күні шауып бітіреміз, балам.

Күн биік таудың арғы жағына асып, көрінбей кетті. Қып-қызыл шапағы айналаға көрік беріп тұр. Ауа тып-тымық. Таулар бір-біріне жантайып алып, тың тыңдап жатқандай тым-тырыс. Кешкі салқын бойыңды сергітеді. Қалың шөп арасындағы шегірткелердің масатты шырылы ғана тыныштықты бұзғандай. Сұраған аға қайың-терегі аралас орманға кірді. Екі шалғыға сап жасайтын ағаш қиып алды. Өлшеп жонып, шалғыларға саптап үлкен сайдың етегіне түсті. Қос білегін сыбанып, топқа түсер балуандай алақанына түкіріп, шөп оруға кірісті. Қолындағы шалғының сырылдаған дыбысы алыстан естіледі. Үлкен шеңбердің бойымен көк майсаны жайпап барады. Кірш-кірш… кірш-кірш.

Әмір қызығып әрі жүрексініп бақылап тұрды. Әкесі екінші айналымға келгенде көк бидондағы салқын сумен шөлін қандырды. Сәл тыныққан соң, ұлын шақырып, шалғыны ұстатты. Шөпті қалай оруды үйретті. Қысқа сапты шалғы өткір, ыңғайлы. Екі-үш рет құлашын жазып сермегенде Әмірдің маңдайынан тер ақты. Өзінің есейіп, еңбекке араласқанына қуанды. Адал еңбектің қандай болатынын көзімен көріп, жүрегімен сезінді. Таза еңбегімен күн көруді өмірлік мұраты еткен әкесіне қызыға қарады. Әлем еңбекпен ғана жаңаратынын санасымен түйсінді. Алғаш еңбекке дағдыланған кезін өмір бойы ұмытпайтынына өзіне өзі серт етті.

Шеңберді бір айналғанда-ақ ентігіп қалды. Екі қолы талып, күші азайып бара жатса да онысын білдірмей, шалғыны сермей берді. Екінші айналымда екі алақаны дуылдап, терісі сыдырыла бастағанын сезіп, дем алысы жиілей түсті. Мұны алыстан байқап тұрған әкесі:

— Деміңді ал, балам! Су ішіп, сәл тынығып ал, —  деді.

Шаршаған Әмір жұпардай аңқыған майсаға құлай кетті. Шөлдегені есіне түсіп, бидонды басына көтеріп, суды демалмастан сімірді. Күн батуға әлі ерте. Әкесі үлкен шеңбердің ортасына жетуге аз қалыпты. Арасында кідіріп, жанқалтасынан орамалын алып, маңдайдағы терін сүртеді. Көп ұзамай ұлының жанына келді. Астына көрпе төседі. Әмір мотоциклдің қорабындағы ала дорбаны әкеліп, ас-ауқатты шығарды. Қалыңдап сары май жаққан қалаш нанды тәбеттене жеді. Сұраған аға термостан ыстықтай құйып алған  шайын бір-екі ұрттап, шынтақтап жатты. Таза ауада ас ішкенге не жетсін, шіркін!

— Далада ішкен тамақ бойға сіңімді болады, — деді әкесі орнынан тұрып. Асықпай ауқаттанып ал.

— Иә, әке. Солай екен.

Әмір көк майсаның үстінде шалқасынан жатыр. Қатты қалжырағанын сезді. Маужырап ұйқы қысты. Құлағына шалғының сырылы мен масаның ызылы ғана келеді. Таңғаларлық тыныштық. Тап-таза ауа. Жер-дүние тыныштықтан қалғып-мүлгіп тұрғандай…

Тамаша көріністі ашқарақ масалар бұзды. Дененің ашық жері былай тұрсын, жұқа көйлек пен шалбардың сыртынан шаққанда жаныңды қоярға жеп таппайсың. Денеңе біреу келіп біз сұққандай… Дыз-дыз. «Қап, мына аш масалардың қорлығын-ай!» деп Әмір екі алақанымен беті-басын, арқасын ұрғылап, мазасы қашты. Қатігез қансорғыштар оңай олжаға үймелеп, лап қойды. Ұлының масалардан тынышы кеткенін көрген Сұраған аға құрал-саймандарын жинады. Күн де ұясына батты. Әкелі-балалы жандар шөп ору маусымының алғашқы күнін осылай аяқтады. Мотоциклдің моторы гүрілдеп, көк түтіні будақтап орнынан қозғалды. Көліктің жылдамдығы артқан сайын алдынан салқын самал соғып, масалар лезде ғайып болды. Әмір қуанып кетті.

Жаз айларында шөп орудың қызығы артты. Әмір мен Нұрбек Түлкілітауға бауыр басты. Арагідік әпкесі Райгүл мен қарындасы Гүлнұр да шөп жинасады. Таудың тамылжыған табиғатына тамсанады. Дала гүлдерін тереді. Тауға шығады.

Кешкілік мезгіл. Сұраған аға үйреншікті әдетімен жаңа бір сайдың шөбін шауып жүр. Ыстыққа шыдамай үстіндегі жейдесін шешіп тастаған. Құлашының кеңдігі шөп шабатын трактордан кем емес. Арасында тоқтай қалып, қалтасынан ұзынша қайрақты шығарып, шалғының жүзін жанып-жанып алады. Өткір шалғының жүзінен сусылдай сұлаған көк майса күннің сәулесімен жалт-жұлт етеді. Сұраған аға арасында үзіліс жасап, Әмір мен Нұрбекке шөп орудың ыңғайын көрсетеді. Кішірек қол шалғының жүзі жып-жылтыр, зыңылдап тұр. Сонда да әкесі қолына қайрағын алып, жүзін жаныды.

— Әміржан, кел. Оң аяғыңды алға қой, шалғының жүзін жерге қаратып, құлаштап серме! – деді әкесі тәптіштеп түсіндіріп. – Шөп арасынан томар көрсең, сақ бол.

Әмір шөпті таза шаппаса да шеңбердің бойымен жылжып барады. Арасында үзіліс жасап, басындағы қағаз қалпағымен терін сүртеді. Шалғысын біраз сілтеп еді, екі қолы талып, қалжырады.

— Күн ысып кетті, әке! Сусын ішіп, демалып алайықшы, — деді әкесіне бұрылып. Үшеуі көлеңкеге жайғасып, салқын суды қанып ішті.

Біраз отырған соң, Сұраған аға орнынан тұрып, қалың өскен бұталарға қарай бет алды. Тау ішінде жел жоқ. Дала жуасының иісі мұрын жарады. Маусым – дала жуасы, шілде – бүлдірген пісетін ай. Шілде туса да кей жердің жуасы қалың. Жарты сағатта бір қапты толтырасың. Әрі еңбек, әрі ермек, әрі серуен. Сай-саланы кезіп, неше түрлі өсімдіктерді көресің.

Жуа қазып жүрген Сұраған аға бір кезде:

— Әмір, Нұрбек қайдасыңдар? Бері келіңдер. Мына етекте бүлдірген қалың өсіпті! – деп екі ұлын дауыстап шақырды. Үлкендігі бармақтай-бармақтай қып-қызыл дала бүлдіргені көздің жауын алады. Тәп-тәтті иісі аңқиды. Дәмі балдай. Аузыңа салсаң, еріп кетеді. Отырып тер, жатып тер, қалауың білсін. Екі ұлының масайраған жүзін көрген әкесі де жадырап, кеңілі бір серпіліп қалды. Әмір мен Нұрбек бет-ауыздары қызарып, дала жидегін әбден тойғанша жеді. Бастарына киген қалпақты, кішкентай шелекті бүлдіргенге толтырды.

Сол күні шалғымен шөп шабу «науқаны» Әмір үшін өте әсерлі өтті.

***Жаз. Аспан айналып жерге түскендей аптап. «Елу үшінші» газик тау ішіндегі қара жолмен ағызып келеді. Рөлде – Әмірдің ағасы Жанғали. Сұраған аға мен Күлғайша апа кабинада отыр. Балалар жүк салғыш қорапқа мініп алған. Бағыттары – Қызылбиік. Әмірдің нағашы жұртының жеріндегі таудың аты. Әкесі мен анасы мотоциклмен бүлдірген теруге талай барған. Сұраған аға жексенбі күні отбасымен бүлдірген тереміз деген уәдесін орындады.

Күн сәскеге таяғанда алыстан таудың өзі көрінді. Түсі қара, онша биік емес. Бүлдіргені бітік өскеннен Қызылбиік деп атаған шығар. Тауға жақындағанда қара жол түгесіліп, машина көкпеңбек майсаның үстімен тіке тартты. Жанғали таудың көлеңке жағына бұрылып, гүрілдеген мотордың үнін өшірді. Көліктен жерге секіріп-секіріп түскен балалар айналадағы әсемдікке таңдана қарады. Қызылды-жасылды гүлдер. Ұшын-қонған көбелектер. Жазық жердегі Қызылбиіктің көлеңкесі күннің сәулесімен одан әрі үлкейіп кетіпті. Сұраған аға айналасындағы табиғатқа ерекше сүйсіне қарап:

— Балалар, қараңдаршы! Қандай ғажайып табиғат! – деді таңданысын жасырмай.

— Міне, осы етектен бастап бүлдірген теруге кірісеміз. Аяқтарыңмен таптап, алға жүре бермей, бір жерден теріңдер. Обалды да ұмытпайық! – деп иісі аңқып тұрған бүлдіргенді қос-қостап үзіп алып, аузына салды. Балалар да шыдап тұра алмады. Алақандарын толтырып, тамсана жеді.

Ауада үп еткен жел жоқ. Масаның құдайы жарылқайтын кез. Күні бойы бүлдіргеннің қызығымен оны елемеген еді. Кешқұрым масалардың қарасы қалыңдай берді. Қансорғыштар жақпамайды да елемейді. Беті-қолы дырдай болған Гүлнұр: «Шаршадым. Қарным ашты» деп қыңқылдай бастады. Маса буған Райгүл көліктің кабинасына мініп алып: «Үйге қайтайықшы» деп айқайлады. Дария мен Рәзия ғана дала жидегін ерекше қызығушылықпен тоқтамай теріп жүр.

Күлғайша апа дегбірі қашқан балаларын:

— Сәл шыдаңдар. Әкелген ыдыстардың бәрін бүлдіргенге толтырып алайық, — деп сабырға шақырды. Ұзақ күн ұясына батуға асығар емес. Осы кезде Сұраған аға бір сәт ойға шомып, алысқа көз жүгіртті. Мүмкін балалық шағын еске алған шығар?..  Содан соң: «Ал жүріңдер! Жолға жиналайық!» деп даусын көтеріп, айғайлады. Бүлдірген теріп Қызылбиіктің етегін аралап кеткендер сүтпісірім уақытта жиналды. Масадан қорғанып, бастарындағы орамалмен бет-ауыздарын орап алыпты. Арада біршама уақыт өткенде Жанғалидың көлігінің даусы кең даланы жаңғыртып, гүрілдеп бара жатты.

Көмейдің құпиясы.

Кежек атауы қайдан шықты?

Тамылжыған тамыз айы. Күннің сүйріктей сәулелері көзіңді қарықтырады. Өзен аңғарынан бір салқын леп еседі. Құстардың жарысып ән салғанынан айнала әсемдікке толып кеткендей. Қызылды-жасылды көбелектер қалаған гүліне қонып, әсем әуен ырғағымен тербеледі. Аралар өзен жағасындағы алқаптағы гүлдердің әрбіреуіне бір қонып, тыным таппай шырынын жинап жүр.

Көк мотоцикл өзен бойлай қара жолмен жүйткіп келеді. Жол кейде өзенге жақындап, кейде алыстап кетеді. Көп ұзамай тауға қарай өрлеп, жартасқа тірелді. Сұраған аға мотоциклді өрге қарай жүргізіп қинамай, еңісте тоқтатты. «Әрі қарай жаяу барамыз» деп ымдады. Үлкен жотаның басына шыққан әке мен бала бір сәтке аялдап, аяқ суытты.

— Әмір, қарсы алдымыздағы адамның көмейіне ұқсаған тауды көрдің бе? Ентігін басып, адамның жұтқыншағы тәрізді тауды сұқ саусағымен нұсқады.

Әмір көмейді тезірек көргісі келіп еді, онысынан түк шықпады.

— Көре алмай тұрмын, әке! – деді дегбірі қашып.

— Қазір жақындап барғанда асықпай көрсетемін. Сол көмейдің өзіне тіке өрлейміз, — деді Сұраған аға.

— Көмей деген не, әке. Бұл таудың атауының адамның көмейіне қандай қатысы бар? – деп сұрады Әмір құпияны білгісі келіп.

— Құпиясын атайын, балам. Біз қазір көмейдің үстінде тұрмыз. Бұл жер – Сарыарқаның кіндігі. Географиялық картаға қарасаң, осы жерден екі өзеннің бастауын көресің. Бірі – Тоқырауын, екіншісі – Нұра. Тоқырауын өзені арғы жақтағы Қайдауыл-Шеруке тауынан бастау алып, Балқаш көліне құяды. Нұра өзені осы жердегі бұлақтардың суынан нәр алып, үлкен өзенге айналып, Қорғалжын көліне дейін ағып барады. Мол судың жан-жаққа бөлінген жері. Көмей, Бастау деген атау содан шыққан. Сарыарқадағы суы жоқ бірнеше шақырым жерді осы екі өзен жалғап жатыр. Жер мен жерді, ел мен елді су жалғайды деген сөз осыдан қалса керек.

— Қызық екен, әке. Нұраның бастауы осы жер ме?

— Иә, балам. Ауылдың іргесі қаланғанда Нұрабасы деп аталған. Кежек – адамның аты. Елге сыйлы, парасатты, аузы дуалы ел анасы. Нұра мен Айқынбай өзендерінің саласы түйіскен жерде зираты бар. Ел анасының құрметіне Кежек деп қойылған. Өзен бойында, егінжайда өсіп тұрған аппақ қалың шилерді көріп жүрсің. Ақши деген атауы содан шыққан. Туған жердің тарихын біліп жүргенің жақсы, балам!

— Әке, өзеннің бастауы болған бұлақтарды да көргім келеді.

— Жүре ғой, көрейік.

Әке мен бала таудан түскен жалғызаяқ жолмен төменге құлдилады. Қалың қарағанды қақ жарған жол бір бұлақтың үстінен түсті. Жақын жерде тағы бір-екі бұлақ бар. Нұраның бастауы осы бұлақтар. Сулы жерде жасыл құрақ жайқалып өсіпті. Шыбын-шіркей, маса көп. Ақ, көк қанатты көбелектер бір гүлден екіншісіне ұшып-қонып, тынымсыз еңбектеніп жүр. Бұлақтың суы жоғарыдан төмен қарай ирелеңдеп ағып, өзеннің бастауына құйылып жатыр. Әмір Нұрабасы деген сөздің неден шыққанын құлақпен естіп, көзбен көрді. Өзен бойының шөбі ерекше биік. Лүп еткен жел тұрып еді, көкпеңбек құрақ ән салғандай әрі-бері ырғалып, билей жөнелді. Неткен әдемі көрініс! Осы әдемілікті қимастай болып сәулесін төккен Күн биік таудан әрі асты. Күндізгі қапырық басылып, кешкі салқын самал аймалады. «Үш аяқты» көлікке мінген екі жолаушы сағыммен жарысып заулап барады.

***Бүгін – 1-қыркүйек. Әмір Бағира апайдың әдебиет сабағының тез болғанын қалады. Жазғы демалыс туралы шығарма жазғысы келген. Сыныпқа көтеріңкі көңіл-күймен кірген мұғалім оқушылармен жылы амандасты. Үш ай каникулды қалай өткізгендерін сұрады.

— Ал балалар, бүгінгі сабақтың тапсырмасына көшеміз. «Мен жазғы демалысты қалай өткіздім» деген еркін тақырыпта шығарма жазамыз. Кәне, кірісейік! — деді бір кезде мұғалім.

Оқушылар қолына қалам, қағаз алып, жазуға ыңғайланды. Бөлменің ішінде күтпеген тыныштық орнады. Ортаңғы партадағы Қаржан Әмірге бұрылып:

— Әмір, шығармаңды маған көшіруге бересің бе? — деп сыбырлап тыныштықты бұзды. Артқы партадағы Шынаргүл де көзі жаутаңдай қарады. Әмір олардың сөзін есіткен жоқ. Сол сәтте жүйрік қиялына ерік беріп, Түлкілітаудың сай-саласын шарлап, Көмейдің бұлақтарынан су ішіп жүрді…