Тәлімгерлік феномені және ұрпақтар жалғастығы

ӘЛҚОЖАЕВА Нұрсұлу Сейткерімқызының жетекшілігіндегі ғылыми орта
Университеттік ғылым мен жоғары білім жүйесінің сапасы, ең алдымен, ғылыми ортаның тұрақтылығына, кафедралық мәдениетке және зерттеушілерді қалыптастырудағы тәлімгерлік дәстүрдің күшіне байланысты. Кафедра — тек оқу үдерісін ұйымдастыратын құрылым емес, ол ғылыми идеялар тоғысатын, зерттеу бағыты айқындалатын және жас ғалымдардың кәсіби қалыптасуы жүзеге асатын негізгі академиялық алаң. Сондықтан кафедра деңгейіндегі көшбасшылық ғылыми дамудың стратегиялық факторына айналады.
Осы тұрғыдан алғанда, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Философия және саясаттану факультетінің Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасын басқарып отырған Әлқожаева Нұрсұлу Сейткерімқызының
60 жылдық мерейтойы — жеке тұлғаның жасын атап өтумен шектелмейтін, ғылыми мектептің қалыптасуы мен сабақтастығын бағамдайтын маңызды оқиға. Мерейтой — ғылымға қызмет етудің мазмұнын жаңаша пайымдап, оның нәтижелерін, ықпалын, тәрбиелеген шәкірттерін және кафедраның даму траекториясын тұжырымдауға мүмкіндік беретін символдық кезең.
Әлқожаева Нұрсұлу Сейткерімқызының қызметін көшбасшылық пен ғылыми мектеп сабақтастығы контекстерінің тоғысында сипаттауға болады. Ғылыми-стратегиялық өлшемде кафедраның ғылыми күн тәртібін қалыптастыру, зерттеу мәдениетін күшейту, ғылыми пікірталас кеңістігін кеңейту және ғылыми өнімділікті арттыруға бағытталған ұйымдастыру шаралары маңызды. Ал мәдени өлшемде – кафедраның ішкі академиялық дәстүрін тұрақтандыру, жас зерттеушілерге кәсіби бағыт беру, әдістемелік қолдау, ғылыми жазылым дағдысын жетілдіру және ұжымдық жауапкершілік қағидаларын орнықтыру ерекше мәнге ие.
Көшбасшының ғылыми ортадағы беделі көбіне әкімшілік функциямен емес, ғылыми әділеттілік, принципшілдік, ұстамды талап, әдістемелік дәлдік, ізгілікке негізделген тәрбие сияқты құндылықтар арқылы өлшенеді. Бұл құндылықтар кафедраның білім беру сапасына ғана емес, ғылыми мектептің тұлғалық бейнесіне де ықпал етеді.
Ғылыми мектеп және сабақтастық феномені
Ғылыми мектеп – белгілі бір зерттеу бағытына біріктірілген зерттеушілер қауымдастығы ғана емес, ол — идея, әдіс, стиль, академиялық тәртіп, ойлау мәдениеті мен ғылыми этиканың жиынтық жүйесі. Ғылыми мектептің өміршеңдігі оны қалыптастырған жетекші тұлғалардың шәкірт тәрбиелеу дәстүрімен өлшенеді.
Ғылымдағы сабақтастық көбіне нақты ғылыми тағдырлар мен кәсіби қатынастар арқылы көрінеді. Өз кезегінде Нұрсұлу Сейткерімқызы кафедра көшбасшысы ретінде жас зерттеушілерді бағыттап, ғылыми дәстүрді жалғастыруға жағдай жасайтындығын ерекше атап өтуге болады. Сол жас буын ғалымдарға жетекшілік атқарып, кейін ғылым жолында сол шәкірттердің өзі жетекші болуға ықпал еткен ұстаз ретіндегі де орны ерекше. Мұндай тәлімгерлік тізбек — академиялық ортадағы сенімнің, ғылыми құндылықтардың және кәсіби жауапкершіліктің берілу формасы. Мұнда бір ғана «жетекші–докторант» байланысы ғана емес, тұтас ғылыми мәдениеттің репродукциясы (қайта өндірілуі) іске асады: ғылыми мәтінмен жұмыс, әдіснамаға адалдық, дәлелдеу мәдениеті, зерттеу этикасы, нәтижеге бағдар, ұжымдық академиялық қолдау, т.с.с.
Нұрсұлу Сейткерімқызының ғылыми жолы кафедралық көшбасшылықтың мәнін, ғылыми мектептің тұрақтылығын және тәлімгерлік арқылы ұрпақтар сабақтастығын айқын көрсететін маңызды белес. Университеттік ғылымның сапасы тек жеке ғылыми жетістіктермен ғана емес, сол жетістіктерді ұжымдық мәдениетке айналдыра алу қабілетімен өлшенеді. Осы тұрғыда кафедра меңгерушісінің ғылыми-ұйымдастырушылық қызметі кафедраның академиялық өрісін қалыптастырып, жас зерттеушілердің кәсіби бағдарын бекітіп, ғылыми дәстүрдің сақталуына ықпал етеді. Яғни, ғылыми жетекшілік дәстүрі жалғасын тауып, кейінгі буынға берілуі — ғылыми мектептің өміршеңдігін дәлелдейтін көрсеткіш. Бұл сабақтастық жас зерттеушілерге нақты бағдар беретіні анық, себебі, ғылымдағы жол — білім мен еңбектің, жауапкершілік пен адалдықтың, талап пен қолдаудың үйлесімі арқылы қалыптасады. Ол тек білім беріп қана қоймай, жауапкершілік пен талапты қатар ұстануды, адамдармен ортақ тіл табысып, ұйымдастыра білуді, мақсатқа жүйелі түрде жетуді үйретуден талған емес.
Ұстазымыздың жетекшілігі әрдайым әділдікке, тәртіпке және сенімге негізделген. Әрбір істі жай ғана орындау емес, оның мағынасын түсініп, нәтижеге жұмыс істеу қажет екенін үнемі жадымызда жаңғыртып отырады. Сол арқылы біз тек шәкірт ретінде емес, тұлға ретінде қалыптасуды үйрендік.
Ең маңыздысы – ұстаздың өз ісімен үлгі көрсетуі, яғни ізденіс, еңбекқорлық, ұқыптылық, беріктік сияқты қасиеттерді сөзбен емес, күнделікті әрекетімен дәлелдейтіндігі. «Сенің қолыңнан келеді, тек әрекет ет» деген қарапайым сөзінің өзі үлкен сенімділікке жол ашып, демеу болады. Қандай ортада болсын адамға құрметпен қарау, әділ шешім қабылдау, тыңдай білу және өзіңе де, өзгеге де талап қоя білу – бәрі де ұстазымыз қалыптастырған қасиеттер. Осындай ұстазға шәкірт болудың өзі үлкен бақыт деп білеміз.
Әлқожаева Нұрсұлу Сейткерімқызын мерейтойымен құттықтай отырып, ғылыми еңбекте табандылық, қызметте береке, шәкірт тәрбиелеуде сарқылмас күш, ал отбасына амандық пен игілік тілейміз. Ғылыми мектептің даңқы артып, ұрпақтар
жалғастығы үзілмей, жаңа зерттеулер мен жаңа нәтижелерге жаңа белестер ашылсын деп тілейміз.
Ғылым жолындағы шәкірттері:
Жумабекова Кырмызы Бакыткалиевна,
Сулейменова Рабиға





