Тұман ішінде «тарих» іздеген күн

(Очерк)

Тарихтың тынысын кітаппен емес көзбен көріп, аяқпен басып сезінгісі келетін мына бізге Динара апайымыз қолқа салып еді бірден келісе кеттік.. Бұрын-соңды ғылыми жоба қорғап көрмеген соң туған қызығушылықтан, не болмаса жүрек түкпіріндегі қиялдай көрінген армандардан ау, сірә.

—24 тің қара күзі…

—Ділнұр неге тым жұқа киініп алғансың? Тоңасың ғой!.

—Жоқ, апай жаурай қоймаспын, бәрі жақсы.

—Әй, тау деген салқын. Қалжырдың асау ағысы, бүркеген тұманға кіргенде сай-сүйегіңді сырқыратады, жүр киім ауыстырамыз, — деп Динара апайым емірене үн қатты.

Мен осы диалог арасында қалып кетіппін. Долданған аязға түсердей бүркеніп, қымтанып алыппын ғой. Жыл сайын жайлауға шығып, бір ұққаным осы болған — ау деп қоямын ішімнен.

Күн шапағын аяп, жаңбыр шымылдығын түрмеген сәтте әншейінде маужырап, көңілі құлази кететін Жансая апайына бірінің басын бірінің аяғын айтып мәз- мейрам, арқа-жарқа болып құдды бір жаңалық ашқан ғалымдай сезініп отыр өзін.

*Біз діттеген жер осы*

—Әне, анау екі таудың арасына кіреміз деген Бақытжан ағамыздың дауысынан ес жидық.

—Иә, иә бұл менің кіші Отанымның символы, Марқакөл ауданының тастағы таңбаларының діттеген жері. Марқакөлдің төсінде, Алқымның арасында Қалжырдың жағасындамыз. Енді?, келесі, не істеу керек? деген кісіше абдыраған екі қыз қайта — қайта жетекшімізге қарайлай кетеміз ғой.

—Әрі қарай жаяу жүріп тауға кіре берейік, жол жоқ, деген сәтте лезде көліктен түсіп аяғымыздың астына қарай қалыппыз… Күздің ызғары беттен ұрып, тұман қоюланып тұрғанымен «тарихтың ішіне, Марқакөлдің ізіне түсеміз» деген үмітіміз шындыққа айналып ерекше сезімге бөлене түстік.

Қалжыр өзенінің оң  жағалауында орналасқан бұл қорымдар ежелгі көне түркі тайпаларына тиесілі деген болжамдар да бар, қазір іздейтін петроглифтеріңнің өзі олардың өмірінің этнографиялық сюжетін бейнелейді деп жалғастыра іске кірісе кеттік. Шыны керек, алғашында ештеңе таппадық, бір ерекше тас көрсек болды петроглиф деп шапқылай кеттік… Жоқ, біз іздеген мұра бұл емес еді.

Кенет, жетекшімізбен қосыла жүре іздеп нағыз петроглифті көрдік, дәл өзі. Таң-тамаша болу, құрбымның жүзінде қуаныш…

Суретте күн басты адам бейнеленген — ау деп  шамалап жібердік, өйткені бұл құнды тас жер астына кіріп, мүжіліп жатқан еді…

Арада сүт пісірім уақыт  өткен кезде, тағы бір таңбалы тасымызды тауып алдық. Ап-айқын, жаңбырға малшынып жарқырап тұр, ойыла қашалған қошқар ғой мынау, әдет – ғұрыпымыздан сыр шертіп жатыр, жобама керемет дерек деп жарыса сөйлей Ділнұр жүр.

Туған өлкенің сырына бей-жәй қарамай, танытамыз деп талпына ұмтыла бір жерден көшпелі керуеншілердің, малшылардың өмірінен деректер беретін сызбаларды, енді бір жерден бақсылардың ғұрыптық билерін, жабайы қасқыр мен адам тәрізді суреттерді байқадық. Бір сәт өз жобамды мүлде ұмытып, Ділнұрдың жобасына қызығып та, қызғана да қарадым. «Шіркін, неге мен де осындай ерекше тақырып таңдамадым екен?» — деп іштей өкініп те қойдым, дегенмен менің жобам да бір ашылмаған алып сыр, не бір жабулы парақты ашамын ғой деп өзімді жұбата кеттім. Мені тас іздеп жүріп, тас болып қалған  Ділнұрдың табандылығы шынымен таңғалдыра кетті, болмысынан, қарақаттай жанарынан ата-жұртын, ондағы кешегі мен бүгінгіні байланыстырамын деген үмітті көргендей болдым.

Салқын сезіле берді, көрінген тасты алақанмен сипалай жүрген біздер кеш түскенде бірақ қайттық. Ызғарымен жағаны көтертіп, жылы киіндіріп, сиқырлы қысқа жол көрсететін жолсеріктін осы күнін жүрекке сақтап, таулар сөйлей алса ғой, Шығысымздың шырайы болған Марқакөлімізге зерттеу тобы келсе иә, мәдени мұраға енгізсек деп шүбіркелесе кете бардық…

ӘДІЛ Жансая,

Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы,

«Марқакөл ауылының мектеп-интернат-колледжі» КММ

11-сынып оқушысы.

Жетекшісі: ИСАЕВА  Динара  Асқарқызы,

тарих пәнінің мұғалімі. Педагогика ғылымдарының магистрі