«ТҰРАН БАҺАДҮРЛЕРІ НЕМЕСЕ ЕР, БИ, НАРДЫҢ ЕРЛІК ЖОРЫҚТАРЫ» КІТАБЫ ДҮНИЕГЕ ҚАЛАЙ КЕЛДІ?
Мен жастық шағымнан тарихи, фольклорлық кітаптарды құмарта оқып жүретінмін. Кітап дүкендеріне қазақ тарихы мен салт-дәстүріне, фольклорына қатысты кітаптар түсе қалса, дереу сатып алып, жинап, оқып, газет-журналдарда сондай мақалалар шыға қалса, оларды оқып болғаннан кейін қиып алып, арнайы папкаларда сақтайтынмын. Сөйтіп оқып-танысып жүріп «Балаларға осы тақырыптарда бір дүние жазу керек шығар» деген ой келіп, жиі мазалайтын. Осы ойды іштей қорытып жүретінмін. Сөйтіп жүргенде 2008 жылдың күзінде «Егемен Қазақстан» газетінен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» және Қазақстан Киноматографистер одағы жариялаған сценарийлер конкурсы туралы мақалаға көзім түсті. Олар бәйге жариялапты, мерзімі алдағы жылдың көктеміне дейін. Соған бағымды сынап қатысып көрейін деген ой келді. Менің көптен бері жазайын деп жүрген тақырыбым осы бәйгеге дәл келеді екен.
Бұл дүниені жазар алдында мынандай мақсат қойдым: Біріншіден, тарихи дүниелерді танымдық тұрғыдан шындық күйінде жазып қана қоймай, ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, өркениетке қосқан үлестерін де ашып көрсету. Ата-бабаларымыздың жаугершілік, соғыс жүргізу өнерлерін айқындап көрсеткім келді. Екіншіден, басты кейіпкерлері ретінде бүгінгі балаларды алып, оларды сол барған жерлерінде ерлік жорықтарға қатыстыру. Сөйтіп, отаншылдықтың үлгі-өнегесін көрсету. Үшіншіден, тарих болғаннан кейін тек түзу жолмен қалыптаспайды. Адам тағдырындай бұралаңдары көп. Жеңістері де, жеңілістері де бар, қателіктерге де жол беріледі. Сондықтан, бүгінгі оқырман балалардың құрдастары – әлгі кейіпкер балалар арқылы тарихтағы сол жеңіліс-қателіктерді түзетіп, балалардың арман-тілектерін қанағаттандырғанды да жөн көрдім.
Мақсаттарым қай деңгейде орындалды, оның бағасын бүгінгі оқырмандар береді деп ойлаймын.
Бұл шығарманың алдыңғы төрт тарауын сол жылдың жаңа жылына дейін жазып аяқтап, үстінен қарап редакциялап, компьютерге түсірдім. Сөйтіп, оны бұрын жазылған «Аңқау батыр хикаялары» атты сериялы ертегіммен бірге әлгі сценарилер конкурсына жолдадым.
Келесі жылдың көктемінде «Егемен Қазақстанда» конкурстың нәтижесі жарияланды. Қызық болғанда, бәйге жеңімпазы ретінде «Тұран баһадүрлері…» емес, «Аңқау батыр хикаялары» жеңімпаз болып, екінші орын алыпты.
Мен қарап отырам ба. Оның бағын тағы сынап көрейін деп, балаларға арналған халықаралық «Дарабоз» бәйгесіне де ұсындым. Қуанышыма қарай, бұл жолы шығармам жеңімпаздардың қатарынан бір-ақ шыға келді.
Сол жылы жеңімпаз шыққан шығармаларды «Ұлан» газеті кезегімен жариялап, оқырмандарының пікірін сұрапты. Оқырмандар менің «Тұран баһадүрлеріме…» де жақсы бағаларын беріпті. Сол пікір-бағалардың бір-екеуін , яғни, белгілі жазушы Арасанбай Естенов пен Арқалық қаласындағы жас оқырман Гүлім Мұқатайдың білдірген баға-лебіздерін қолдарыңыздағы сары кітапшаға жариялағам. Ол кітапша мен «Қанатты сөз – қазынаның» бірінші кітабын кезінде өз қаражатыма басып шығарғанмын.
Бұл кітаптар 2010 жылы шыққанда, «Тұран баһадүрлерінің…» қалған тараулары дүниеге келмеген еді. Көп өтпей қалған тоғыз тарауын да жазып, кітапты аяқтадым. Жазғанымды компьютерге түсіріп, республикалық «Жалын» журналына жолдап едім, олар журналдың көлеміне қарай бір-екі тарауын қысқартып, 2012 жылдың 11-санында жариялапты.
Алайда, кітап болып шықпаса да, оқыған жұрт шығармамды жоғары бағалап, бағасын беріп жатты. Мәселен, «Қазақстан – Заман» газетінің бас редакторы, танымал жазушы Ертай Айғалиұлы «Тұран баһадүрлерін…» баласымен бірге оқып, жоғары баға беріп қана қоймай, өз пікір-бағасын көлемді етіп жазып берген еді. Неге екенін, ол бұл кітапқа кірмей қалыпты. Алдағы уақытта баспа ескерер деген ойдамын. Ал, Астанадағы әдебиетші қыз Анар Қабдуллина «Массагет» сайтына сұқбат беріп, журналистің «Қазақ балалары міндетті түрде оқуы тиіс деген бес кітапты атаңызшы» дегенде, сол бес кітаптың бірі ретінде осы «Тұран баһадүрлерін…» атапты. Сондай-ақ, Семей қаласынан Айман Ақтан деген әдебиет зерттеуші қыз телефон арқылы хабарласып, бұл кітапты өзінің шәкірттеріне арнайы оқып шығуға тапсыратынын жеткізді.
2012 жылы жаңадан ашылған «Балапан» теле арнасы балалар шығармаларына конкурс жариялады. Мен «Тұран баһадүрлерін…» ұсынған едім, бас бәйгесін жеңіп алдым. Олар осы шығарманың желісімен «Үш достың ерлігі» атты 10 сериялы мультфильм шығарды.
Содан кейін бұл туындым он жылдан аса кітап болып шықпай жатып қалды. Оны өзім шығаратындай қаражатым болмады. Екі-үш бай компанияларға, өзім туып-өскен Сарыағаш ауданына ұсыныс түсіріп едім, олар да елемеді.
Байқап қарасам, бұл кітабымда мен қазақ тарихының барлық кезеңдерін, ең негізгі оқиғаларын түгелдей қамтыған екенмін. Мәселен, кітаптың «Сақ мейрамы», «Анарыс – жеті ғұламаның бірі», «Кирдің түсі», «Дарийдің зәмзәм суы», «Ескендір қайтқан төбеден» тараулары – сақ заманын қамтыса, «Мөде тәңірқұттың тұғыры» мен «Еділ «Тәңір тоқпағы ма?» — тарихымыздың ғұн заманын қаузайды. Ал, «Төр орнатқан Тоныкөктің «Мәңгі елі», «Әл-Фарабиден жеткен қоңыр саз», «Отырар қазынасы және Қайыр хан» тараулары – түркі дәуірлерін өзек етсе, «Шипагер Өтейбойдақ пен әз Жәнібек», «Тәуке ханның «Тоғыз жарғысы» тараулары – Қазақ хандығы замандарын өрнектейді.
2021 жылы Мәдениет министрлігі кітаптарды іріктеп шығаратын бағдарлама ашты. Сол «Іріктеуге» бірнеше кітабымды, соның ішінде «Тұран баһадүрлері…» де бар, қатарынан ұсынып едім, арасынан «Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұттың шым-шытырық хикаялары» атты сериялы ертегім електен өтіп, ол кітабым 2022 жылы жарық көрді. Дегенімен, оған көңілім толмады. Министрлік тарапынан ол кітаптың беттік көлемін азайтып берген екен, баспаға орысшасынан да, қазақшасынан да төрт тараудан қысқартып беруге мәжбүр болдым. Кітап болып шыққанына шүкір деген жайым бар. Сөйтіп жүргенімде, Астанадан, «Фолиант» баспасынан қуанышты хабар келді. «Тұран баһадүрлеріңді…» шығарайық деп отырмыз, келісімге отырайық» деген. Міне, көріп отырсыздар, бұл кітабым 2023 жылы жарық көрді. Жағдайларына қарай көлемін біршама қысқартып бергенімен, ақ-қара түсті суреттерімен әдемі кітап етіп шығарыпты. Сондықтан, баспаға ризалығым шексіз!
Айтқандай, кітап шыға салысымен, сол жылы республикалық, ұлттық кітапханалардың директорларының қол қоюымен мектепте оқытылатын «Балалар кітапханасы» бағдарламасының тізіміне еніпті. Бұл да менің шығармашылығым үшін үлкен серпін болды.
Балалар жазушысы Кеңес ОРАЗБЕКҰЛЫ.