Тәрбие талбесігі – ата-ананың мейірімінде

ТОҚАЕВ Қасым-Жомарт Кемелұлы,

Қазақстан Республикасының Президенті:

«Тәрбие – сапалы білімнің негізгі арқауы, діңгегі. Әл-Фара­бидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі барша білім саласы қызмет­кер­лерінің бой түзер бағдары болуы тиіс. Еліміздің жастары өзін жеке тұлға ретінде дамытумен қатар мемлекеттің озық инно­ва­цияларға сай өркендеуіне зор үлес қосуы қажет. Бұл – қазіргі білім және тәрбие беру үдерісінің ал­­дында тұрған маңызды мін­дет. Отандық білім саласы туған жеріңе, қоршаған ортаңа, өз та­ри­хыңа құрметпен қарауға тәрбие­леп, ұлттық құндылықтарды дәріп­теуі тиіс».

                                                   (19 тамыз, 2019 жылы Тамыз кеңесінде сөйлеген сөзінен).

        Жаңа заман алабында жаңа технологиялардың дамып келе жатқан үрдісінде бала тәрбиесі бақылау мен қолдауды қажет етеді. Осы тұста бала тәрбиесіне жауапты отбасы мен мектеп, тәрбиелеу мен білім беруді ұлттық құндылықтар негізінде ұйымдастырып, тәрбие дәнін өз деңгейінде еге білгені абзал. Мемлекет басшысы Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы зиялылар бас қосқан жиындарда бала тәрбиесіне айрықша тоқталады.

—Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, адал азамат болып шығуы керек. Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы қажет. Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандырған жөн, — деп «Әділетті Қазақстанның» нағыз Отансүйгіш азаматын тәрбиелеуге барша қоғам болып атсалысу қажеттілігін міндеттеді.

Бұл міндетке ең алдымен мектеп мұғалімдері мен ата-аналар бірлесіп, шәкірттерді жаңа заман талаптарына лайық білім бере отырып, ұлттық тәрбие мәйегімен қанықтыруды басты міндеттерінің бірі санайды. Сол себепті, «Ордабасы» жалпы орта мектебінің ұстаздары мен ата-аналары «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығын» құрып, бірлескен іс-шаралар өткізуде. Әр сыныптың ата-аналарымен ақылдаса келе, өткізілетін тәрбие сабақтарының тақырыптарын белгіледік. Орталықта барлық ата-аналар мен сынып жетекшілері, пән мұғалімдерінің бірлесуімен  оқу жылы бойына өткізілетін шараларды нақтылап алдық.

Мектебіміздегі игі істерді ұйымдастырушы, ұйтқысы болып, жаңашыл бастамаларды ұстаздар тәжірибесіне қолданып, білім беру мен тәрбиелеуге пайдалануды үнемі қолдап отыратын мектеп директоры АТАШ Ағайбек Ортайұлының іскерлігін де атап өткеніміз жөн. А.О.Аташ мектебімізді 2011 жылдан бері басқарып келеді. Шәкірттердің білім сапасының талапқа сай болуы – мектептегі әр ұстаздың біліктілігі мен жаңашылдығына байланысты. Мектеп директорының басқарудағы іскерлігі – мұғалімдерді ұйымшылдыққа үйретіп, өзара сыйластық пен білімді шәкірт тәрбиелеуге арналып келеді.

Орталық жанынан «Даналық мектебі» клубын құрдық. Клубта «Аталар өсиеті», «Әжелер даналығы», «Ағалар қамқорлығы», «Аналар, жеңгелер» клубы жұмыс істейді. Әр мектептің алдына қойған мақсаты, атқаратын міндеттері бар. Қай мектеп болса, тарихы тереңде жатқан ұлттық тәрбиені басшылыққа ала отырып, бүгінгі жаңа заман ұрпағын тәрбиелеуде жаңашылдық бастамасын негізге алады. Балалар мен жасөспірімдер арасында өткізетін әр тақырыптағы әңгімелесу, қазақ зиялыларының өмірлік ұстанымдары, тұлғалар тәлімі, жастардың жаңашылдық өнегесі айтылады. Бабалар даналығына қаныққан әр жас ел ертеңі үшін аянбай адал еңбек етіп, тер төгетін азамат болады деп білеміз.

Олар бүгіннен бастап, жаңа заман білімінен нәр алып, Қазақстанды әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері қатарына қосуға бар күш-жігерін, білімі мен тәрбиесін жұмсайтын жастар деп сенеміз. Мектепте алған білімін жаңа мамандықтармен ұштастырып, IT саласының, Роботты техниканың, логистика мен цифрлық ақпарат саласын басқара алатын дәрежедегі жоғары білімді, білікті, өз ісінің шеберлері деп үміт артамыз. Осы айтылған қағидаға лайық шәкірт оқыту – мектеп мұғалімдеріне жүктелсе, адамгершілігі мол, адал, турашыл азамат тәрбиелеу – еліміздегі әр отбасының – мемлекет алдындағы міндеті.

Халқымыздың тарихи тұлғасына айналған Қорқыт ата: «Қыз ақылды ескермес — ана үлгісін көрмесе, Ұл жарылқап ас бермес — әке үлгісін көрмесе», — деп өз заманында ұрпақ тәрбиесі туралы даналық сөзін қалдырған. Мемлекеттің ең маңызды буыны – отбасы. Тәрбие талбесігі – ата-ананың мейірімінде. Отбасында ұлттық тәрбиемен ауызданып, тек жақсы, өнегелі істерді көріп өскен бала қашанда, ел тірегі бола алатынына біздің ата-бабаларымыз сенген. Бұл сенім бүгінгі жаңа технологияларды тұрмысымызға пайдаланып келе жатқан шақтада да маңызды. Қазір әлеуметтік желілерге жасы үлкен де, бала да қосылған. Ақпараттық кеңестікке шығу – заман көшіне ілесу.

Елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын басшылыққа алған халықтың ақпарат алмасу әлеуеті артып келеді. Десекте, осы тұста ата-ана ұл-қызын, ұстаздар шәкірттерін қатты қадағалау қажеттілігі туындауда. Яғни балалар мен жасөспірімдер өзіне қажет емес дүниелермен санасын уламас үшін олардың жан дүниесіне шуақ шашатын тәрбиелік мәні бар шараларды мейлінше көп өткізуге ұмтылуды мақсат етіп, орталық жұмысын үздіксіз жүргізіп келеміз. Ұлттық салт-дәстүр, тәрбие мен отбасылық құндылықтарын дәріптеп, саналы ұрпақтың тал бойына Ана тілдің құдіретін сіңіре білсек, балалар алдында тұрған көптеген мәселенің шешімін таба білгеніміз деп ойлаймыз.

Айталық, бастауыш сынып оқушылары арасында «Отбасы – бақыт бесігі», «Ата-ана өмірінің басты мақсаты бақытты адам тәрбиелеу» атты сабақтарда өнегелі отбасыларының бала тәрбиесіндегі тәжірибелері айтылды. Ұлттық тәрбиеміздің алтын қазығына айналған отбасылық үрдістерді айтып, жас ата-анаға тәлім беру – жасы үлкен адамдардың міндеті. Соған сүйене отырып, болашақта бақытты адам болып, Тәуелсіз Мемлекетімізді бүгінгіден де жарқын белеске көтеретін ұрпақ, яғни тұлға қалыптастыруға бар білгенімізді жұмсап келеміз.

«Баланың басты ұстазы – ата-ана», 5-9 сынып, «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» — 10-11 сынып оқушылары арасында өткен сабақта — адамгершілік құндылықтары негізінде тұлға қалыптастырудағы тәрбиелеу жолдары айтылды. «Білімдіге дүние жарық», «Таным қуанышы: баланың қызыға оқуына қалай көмектесеміз?», «Ақыл айтпа, жол көрсет»,  жасөспірімнің бейімделуі», «Көркем мінез – баға жетпес байлық», «Әр бала жарық жұлдыз», «Балаға үйрету: ақылыңды мейірімге орап бер», «Сен жанбасаң лапылдап» атты сабақтар ата-ана, ұстаз, оқушымен бірге өткізілді. Алда осындай тәрбие сабақтарының жоспарлары дайындалып, «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығындағы ата-аналарға ұсынылды.

Мектебіміздегі ата-аналар орталығы өткізілетін шаралар тиімді, пайдасы барын аз уақыттың ішінде байқап отырмыз. Баласының болашағын ойлаған әр ата-ана мектепте балалармен бірге өткізілетін шарадан қалмайды. Осындай бірлескен тәрбие сағаттарынан, кездесулерден баланың да алатын рухани дүниесі аз емес. Отбасы құндылықтары мен ұлттық құндылықтар үйлесімін тапқан ортада ата – ана мейіріміне қанығып, балаларымыздың ертеңіне деген сенімі артады.

Ұрпақ болашағы – бүгінгі ата-ананың мейірімді құшағы, жылы сөзі мен шынайы қолдауы бір арнаға тоғысқанда ғана жарқын болады дейміз. Ұстаздар қауымы отбасында қалыптасқан тәрбие мен құндылықтарды шәкірттің жан дүниесіне жаңартылған білім беру арқылы тәрбиелеуші тұлға. Отбасы мен мектептің, ата-ана мен ұстаз арасындағы сыйластық, өзара түсіністік пен бірлік – бастауыш сынып оқушысынан бастап, мектеп бітіргенге дейінгі аралықта жан дүниесіне себілетін шуақ пен білім нұры, сәулесі дейміз. Осы орайда, мектебіміздің әр ұстазының білім мен тәрбие берудегі өлшеусіз еңбегіне ризашылық білдіреміз.

ЕСАЛЫ Салтанат Сүйіндікқызы,

                                 директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары                                            ЕРҒАРА Жұлдызай Әбдірханқызы,

   мектеп психологы.

БЕГАЛИЕВА Құралай Кулымбетқызы,

мектеп тәлімгері.

«Ордабасы» жалпы орта мектебі.

Түркістан облысы, Ордабасы ауданы