Тәрбиенің заманауи құралдары: подкаст, влог, жасанды интеллект

ТОҚАЕВ Қасым – Жомарт,
Қазақстан Республикасының Президенті:
— Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болу мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуміз керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады. Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан 3 жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек.
(«Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу»
атты Қазақстан халқына Жолдауынан).
(8 қыркүйек, 2025 жыл, Ақорда)
Кіріспе: Мемлекет басшысы Жолдауынан кейін елімізде «Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі» құрылды. Министрлік аэроғарыш және электрондық өнеркәсіп, елдің ғылыми-техникалық дамуы, геодезия, картография және кеңістіктік деректер, ақпараттандыру, «электрондық үкімет», дербес деректер және оларды қорғау, цифрлық активтер, жобалық басқару салаларындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларында, сондай-ақ байланыс, мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты дамыту салаларында және деректерді басқару бойынша басшылық жасауды және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
Біз ең әуелі жасанды интеллект деген сөзді жұмысымызбен байланыстырмай жатып, әлеуметтік желілерді, Chrome, Google, Safari платформаларын меңгере бастадық. Whatsapp желісін пайдалану, тіпті телефонмен сөйлескеннен де жылдам, әсіресе пандемия кезінде балалармен сабақ оқи отыра Whatsapp желісін жылдам меңгеріп алдық. Енді, міне баланың цифрлық сауаттылығын арттырып, сапалы сабақ оқытуға, тәлімді тәрбие беруге ЖИ көмегінің айрықша екенін көріп отырмыз.
.[1]«Жасанды интеллект» сөзін алғаш рет 1956 жылы Дартмут университетінде өткен конференциясының преамбуласында Джон Маккарти қолданған. .[1] https://kk.wikipedia.org/wiki. Жасанды интеллектіні пайдалануда мектеп мұғалімдеріне жүктелер жауапкершілік жоғары болып отыр. ЖИ – бүгін мұғалімнің сенімді көмекшісіне айналып келеді.
Шәкірттерге ежелден ата-баба тағлымымен жадымызға сіңген ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, балалар мен жасөспірімдерді заманауи тәрбие құралдарын дұрыс меңгеруді үйретуіміз қажет деп білемін. Өміріміз цифрлық бағдарламаларды пайдалану арқылы жеңілдеді дегенімізбен, бала тәрбиесіне келгенде көптеген платформалардың балалар өміріне, әсіресе өтпелі жас кезінде қауіпті екеніне қатты бақылау орнатуымыз керек.
Бұл ретте біздің мектеп — гимназияда тақырыпта айтылғандай заманауи тәрбие құралдарын пайдаланып, тәрбие жұмыстары бүгінгі заман сұранысына орай оқушылардың бейімділігін ескере отырып жүргізіліп келеді. Біздің балаларымыздың технологияны пайдалану қабілеті бізге қарағанда анағұрлым ілгері, оқушылардың осы саладағы қабілетін пайдаланып, сабақты, тәрбие сағаттарын қай формада өткізгенді қалайтыны туралы сауалдама жүргізіп, әр оқушының қалауын талқыладық. Балалардың жауаптарын топтастыра келе, оларға қазіргі подкаст ұнайтынын білдік. Соған орай, оқушыларға тақырып бөліп беріп, бір-бірімен подкаст жүргізуді бірлесе үйренудеміз. Бұл – оқушыларды жалықтырмайтын диалог. Емін-еркін отырып, ой-пікірі, болашағы, еліміздің ертеңін қалай елестетеді, оған өзінің мектеп бітірген соң қосатын үлесі туралы ойларын ашық айтады.
Влог жүргізе білу де – өзіндік өнер деп айтар едім. Бұл – бұрынғы біздің күнделігіміз десек, қателеспейміз. Оқушылар өздерін қызықтыратын тақырып төңірегінде видео түсіріп, монтаждап желіге жүктей алады. Ойларын телефонға жинақтайды. Тапсырмаларды орындайды. Жеке тапсырма алып, слайд жасап, тапсырмалар бойынша презентация жасап, үйренуде. Қарап отырсақ, жаңа заманның тәрбие құралдары кез келген тақырыпта қажетті материал табуға, өңдеуге және өз шығармашылығын дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Озық технологиялардың мүмкіндігін instagram, Whatsapp желісінен күнде байқап отырмыз. Блог (ағылш. blog, web log дегеннен, «желі журналы не оқиға күнделігі») — үнемі үстелінетін ұзын емес жазбалардан, суреттерден, таспалардан тұратын мәнді мағлұматы бар торап.
Оқушыларды жаңа заман тәрбие құралдарын пайдалана отырып, оларға өте мұқият қарау – ата-ана мен мектептің міндеті болып отыр. Гаджетте ақпараттық шектеу жоқ. Кез келген нүктені басу арқылы қажет ақпаратыңыз алдыңызда тұрады. Баланың миын улайтын жасына лайық емес сайттарға құмартып кетпес үшін ата-ана ұл-қызының телефонын қадағалап отыруы тиіс. Мектеп мұғалімдері де бұл істі қараусыз қалдырмайды. Ата-ана да телефоны арқылы әлеуметтік желілердің пайдасы мен зиянын айтып, кейбір бала өміріне қауіп төндіретін жайттарды есіне жиі салып отырса, игі. Ұстаздар да сабақта ЖИ пайдалана отырып, түрлі көрнекіліктер, тарихи тұлғалардың ғибратты сөздерін, өмір жолынан өнегелі тұстарын айтатын тапсырма беріп, үнемі ізденіске жетелеп келеміз.
Әйтседе, жасанды интеллект ешбір ата-ананың, ұстаздың орнын алмастыра алмайды. Осы қағиданы балаларға мектеп жасынан жадына сіңіре беруіміз қажет. Жасанды интеллектің көмегі орасан. ЖИ көмегімен әдемі суреттер салып, қалалар тұрғызып, болашақты бүгінгіден де гүлдендіретін жастар – бүгін мектепте білім алып, тәрбиеленуде. Осы тұста шәкірттерімізге жаңа технологияларды пайдалана отырып, сапалы білім, тәлімді тәрбие беру – басты міндетіміз болып қала береді. Оқушыларымызға көргендерін, сыныптағы, мектептегі іс-шараларды түсіретін мобилограф, режиссер, журналист, басқа да сала мамандарын мектептен дайындауға септігі бар.
ЖИ – дің негізі дерегі, шексіз ақпараттар қойнауы. Сол қойнаудан тәрбиеге қажетті деректерді алып, шәкірттерге білім берудің ұлттық құндылықтарына негізделген тәрбие жұмыстарын өткізу өте маңызды. Мектептерде, соның ішінде тәрбие жұмысында ЖИ пайдалану мұғалім үшін айтарлықтай жеңілдетілгенін байқаймыз. СhatGPT-нің де артықшылығы – дерек қорының молдығында. Кез келген сұрақтың жауабын таба аламыз. ЖИ оқушы мен ұстазға барлық жұмысын жеңілдетсе, ойлау қабілеті, шығармашылыққа деген құлшынысы төмендеп кетпей ме? деген сұрақтың да бары рас. Алайда, алған ақпарат негізінде өзімізге қажетті дүниелерді жинақтап, өз ұсынысымыз бен идеямызды қосу арқылы керемет дүниелер шығаруға мүмкіндік береді. Оқушылардың ойлау қабілетін дамытып, жаңалыққа ұмтылдыратынын байқап келеміз.
ИМАНАЛЫ Гульзат Меирхановна,
Алматы қаласы, №133 мектеп-гимназиясы
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
ЖИ сурет:https://aikyn.kz/





