Түркістан облысында жас инспекторлар республикалық кезеңге өтті

Түркістан облысы полиция департаменті мен білім басқармасы бірлесіп, «Жас жол инспекторлары» жасақтарының облыстық кезеңінің соңғы кезеңін өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz. Түркістан қаласындағы №32 жалпы білім беретін мектеп базасында өткен маңызды шараға аудандардан келген 11–14 жас аралығындағы балалар командасы қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – жол көлік оқиғаларының алдын алу, соның ішінде балалар мен жасөспірімдер арасында қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын қалыптастырудың маңыздылығын арттыру. Байқау жол жүрісі қағидалары, үгіт-насихат бригадасы, велосипед тебу, автоқалада велосипед жүргізу, жас реттеуші, эрудиттер турнирі, жас санитар және басқа да кезеңдерден тұрды.
Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Түркістан қаласының командасы, ІІ орынды Жетісай ауданының командасы, ІІІ орынды Бәйдібек ауданының командасы иеленді. Қатысушыларға дипломдар, сондай-ақ түрлі номинациялар бойынша марапаттар табысталды. Облыстық кезеңнің жеңімпаз командасы республикалық кезеңге жолдама алды. «Жас жол инспекторлары» слеті өскелең ұрпақты жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрысқа тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады және жол қозғалысы ережелерін сақтауға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға ықпал етеді.
Ақпарат көзі: Polisia.kz