ТҮРКІСТАН: Сарыағаштық оқушы ақылды робот құрастырды
Сарыағаш ауданы білім бөліміне қарасты №52 М.Өтемісұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Байбек Елікбай қолжетімді материалдардан «ақылды робот» моделін құрастырды. Мектеп оқушысының қолынан шыққан жасанды құрылғы – адамдардың күнделікті тұрмысында пайдалануға таптырмас құрал. Ерекшелігі, бір құрылғының өзінде бірнеше жұмыс істеу функциясы бар. Су қайнату, ән тыңдаудан өзге шаң соратын шаңсорғышы бар ақылды робот қолжетімді материалдардан жасалған.
Жоғары сынып оқушыларының арасындағы жасанды интелектке қызығушылық пен тың идея иелерін анықтауға арналған жобада «ақылды робот» жүлделі орын алды. Мектеп оқушысының қиялы мен ақыл-ойынан туған құрылғы бағдарламаларға негізделген операцияларды жүзеге асыру мүмкіндігіне ие. Адамның «механикалық көмекшісі» атанған ақылды робот қоқыс теріп, шаң жұтып қана қоймайды. Оларды сұрыптап, бөліп жинайтын көрінеді. Қарапайым заттардан құралған робот бағдарламаға жүктелген тапсырманы да мүлтіксіз орындай алады.
– Әр адам жыл сайын бір тоннаға жуық қалдық шығарады. Соның ішіне тұрмыстық қалдық өте көп. Ал оны өңдеу жағы әлі күнге шешімін таппай келеді. Қоршаған орта ластанып, экология да нашарлауда. Санамдағы «Неге қоқыстардың барлығы қайта өңделмейді?» деген сұраққа жауап іздеу мақсатында ақылды роботты құрастырдым. Қоқыстарды сұрыптау ісіне жасанды интелектіні қосып, қоршаған ортаның тазалығына үлес қосқым келеді, – дейді Байбек Елікбай.
Байбекке роботты жасап шығаруға жетекшісі Назгүл Асқарова көмектескен. Жол бойымен өзі қозғалып, айналасындағы қоқыстың барлығын теріп, жинауға қабілетті роботты құрастыруға бір жарым ай уақытын жұмсаған. Одан басқа қосымша функцияларымен да жұмыс істей алады. Робот оқушылардың робототехникаға деген қызығушылығын арттырумен қатар, жастар арасында табиғатты таза ұстауды да насихаттайды.
Айта кетейік, Байбек Елікбайдың «ақылды роботы» аудандық кезеңдегі ғылыми жоба конкурсында үздік деп танылып, жүлделі болды. Ендігі кезекте жас өнертапқыш өз жобасын облыстық, республикалық жарыста қорғауға ниетті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі