Тұрсын Жұртбай атындағы «Алаштану» дәрісханасы ашылды

Автор: Жауынбай Жылқыбайұлы,

https://e-history.kz/

Семейдегі Шәкәрім университетінде жазушы, филология ғылымдарының докторы, ғалым, профессор Тұрсын Жұртбай атындағы «Алаштану» дәрісханасы салтанатты түрде ашылды. Арнайы кабинет университет ректоры Думан Орынбековтің және ғалымның өз шәкірттерінің бастамасымен жүзеге асты.

Ашылып отырған Тұрсын Жұртбай атындағы «Алаштану» дәрісханасы – ғалымға деген құрметтің жарқын символы, ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани сабақтастықтың айқын көрінісі.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Шәкәрім университетінің басқарма төрағасы, ректор Думан Орынбеков:

«Ашылып отырған Тұрсын Жұртбай атындағы Алаштану дәрісханасы – сол құрметтің жарқын символы. Бұл дәрісхана шәкірт жүрегіндегі ықыластан, ұстазға деген риясыз тағзымнан бастау алды. Оны өмірге әкелген – Тұрсын Құдакелдіұлының шәкірттері, бүгінгі жас ғалымдар, университеттің ғылыми тірегіне айналып келе жатқан азаматтар», – деді.

Бұл бастаманы жүзеге асырған Тұрсын Жұртбайдың шәкірттері бүгінгі ғылымда өз орындарын ойып алатын бірқатар азаматтар. Олардың қатарында «Міржақып Дулатұлы. Оян, қазақ!» фильміне ғылыми кеңесші болған зерттеуші Ұшқын Сәйдірахман, қазақ әдебиеті мен тарихын инфографикалық форматта жаңаша танытып жүрген ғалым Заңғар Кәрімхан, PhD Қарлығаш Әубәкірова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және Жас ғалым мемлекеттік стипендиясының иегері Елдос Тоқтарбай, жазушы Қуат Қиықбай секілді т.б шәкірттері бар.

Салтанатты жиын жайлы шәкірті Заңғар Кәрімхан:

«Ғалымға құрмет – ғылымға құрмет. Біздің қазақ ұлттық ұстанымдағы алаш азаматтарын тірісінде қадірлеуі тиіс деп білеміз. Алаштану ғылым саласындағы беткеұстарымыз Тұрсын Құдакелдіұлының 75 жас мерейтойы бүгіннен басталды десек артық айтқанымыз емес. Қайраткердің Алаш мұрасын зерттеудегі қажырлы еңбегі, ұлт тарихының көмескі беттерін қайта тірілту жолындағы ғылыми ерлігі – қазақ ғылымының алтын қорына айналған қымбат қазына», – деді.

Ұстаз жолын жалғап келе жатқан шәкірттерінің бірі Елдос Тоқтарбай ұстаз еңбегіне терең тағзым білдіріп, әлеуметтік желіде де ыстық ілтипатын жеткізді.

«Тұрсын ұстазымыз қазаққа көл-көсір еңбек сіңірген ТҰЛҒА! Тағдыр арқалаған тұлға! Қазақтың қаншама тағдырына жарық сәулесін түсіріп, есімін, өнегесін әйгілеп, ұлт жадысын жаңғыртып, санамызға тарихи сілкініс жасаған Муалим Сани!» – деді ғалым.

Салтанатты жиынның барысында Тұрсын Жұртбай абайтану, әуезовтану, алаштану, көркем әдебиет саласындағы қолжазбаларын, күнделіктері мен архив құжаттарын, сондай-ақ талай жылғы серігіне айналған жазу мәшинкесін Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің қорына тапсырып, бас музеолог Ұлан Сағадиевке аманаттады.

Шәкірттердің жүрекжарды лебізінен кейін сөз кезегі ғалымның өзіне берілді. Ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани сабақтастықтың маңызын атап өткен Тұрсын Жұртбай дәрісхананың басты миссиясын айқындады:

«Ашылып отырған дәрісхана Алаш идеясын сіңіруге, жас ұрпақтың ұйықтап жатқан жүрегін оятып, намысын көтеруге септігін тигізсе, өзінің мақсатына жеткені деп есептеймін», – деді.

Ғалымның осы сөзі салтанатты рәсімнің идеялық түйініне айналды. Осыдан кейін университет басшылығы тарапынан дәрісхананың алдағы уақытта атқаратын ғылыми-ағартушылық бағыттағы жұмыстары таныстырылып, қазақы дәстүрмен ғалымның иығына шапан жабылып, «Шәкәрім» төсбелгісі табысталды.

Тұрсын Жұртбай атындағы «Алаштану» дәрісханасының ашылуы тек бір аудиторияның жаңғырып қана қоймай, ұлт руханиятына қызмет ететін ғылыми орталық болашақ ғалымдардың қалыптасуына зор үлес қосады.