«ТҮСІМЕ ТАУ КІРЕДІ…»

                                      (Естелік)

—Сен мені тауға апаршы, – деп Нұрғиса ағам телефон соқты. Иә, кәдімгі атақты күйші, дирижер, композитор!

—Жарайды аға, – деп елп ете түстім.

Біздің жақта бір-бірімен жалғасқан қарлы шыңдарын Күн сүйіп, Ай аймалаған өркеш-тіркес таулар тізбегі сонау Хантәңірінен Оңтүстік қойнауына дейін жалғасып жатады.

—Сен білесің бе?  Атабай деген тау бар дейді. Бірақ өзім көргем жоқ.

Соған апарып көрсетші.

—Сен мені тауға апаршы, – деп Нұрғиса ағам телефон соқты. Иә, кәдімгі атақты күйші, дирижер, композитор!

—Жарайды аға, – деп елп ете түстім.

Біздің жақта бір-бірімен жалғасқан қарлы шыңдарын Күн сүйіп, Ай аймалаған өркеш-тіркес таулар тізбегі сонау Хантәңірінен Оңтүстік қойнауына дейін жалғасып жатады.

—Сен білесің бе?  Атабай деген тау бар дейді. Бірақ өзім көргем жоқ.

Соған апарып көрсетші.

—Атабайды жақсы білемін, аға. Мен туып-өскен Қызыләскер ауылының үстіңгі жағында. Баяғыда бала кезімізде жуа, рауағаш теруге сол Атабайға баратынбыз. Ол жердің ақ жуасы сабаудай — сабаудай қалың қара тоғай – тікен мен тобылғының  түбінде жасырынып өсіп тұратын. Ауылға алып келіп айранға турап, нанмен соғып алғанда дәмі қандай еді, шіркін! – деп бұл жер жайлы біраз әңгіме айттым.

Әншейінде әрнәрсені тәптіштеп сұрай беретін ол кісі жол бойы қалың ойға шомып үндемеді.

Қылта белден аса қалғанда дөңес үстіндегі қырық-елу үйлі үркердей ғана Қызыләскер ауылы көрінгенде ғана:

—Соңғы кездері түсіме ылғи тау кіріп жүр. Құлағыма «Атабай, Атабай!» — деп әлдекім сыбырлағандай болады. Атабай деген – менің әкем ғой. Мен титтейімде, өте кішкентай кезімде әкемнен айырылып қалдым, көкірегімде ол кісіге деген сағыныш табы ұйып кеп тұрады. Әкем Атабай дәулескер күйші болған екен, той-жиында бүкіл елді дүрілдеген, дірілдеген күйлерімен тамсандырған, таңқалдырған күй-дәуренді, шалқыма сезімді он саусағы домбыраны құбылтып, құлпыртқан жан еді деседі. Кім біледі, мына Атабай сол жарықтық өнері асқақтап, аспандаған әкемнің атына қойылды ма екен, кім біледі? Әлдде сен білесің бе?

—Білмедім аға.

—Аға, міне тауға апаратын үш жол: біреуі Қақпатаспен асып ары Көктөбе, Үлкенсазға, екіншісі – Аспанқора тауына, ал үшінші жол Атабайға апарады, — деп ортаңғы қостабан шөп басқан жол сорабымен өрге өрледік.

Машина тауды қиялай салынған иір жолды қуалай биік жота үстіне шығып, ары қарай еңіске қарай әзер жылжып келеміз, сәл қия кетсең өте қауіпті. Ақырындап сай табанына келгеннен кейін, машинадан түсіп, Нұрғиса ағам жан-жағына қарап, рахаттана керілді.

—Аға, міне мынау Атабай, әне сайында сарқырап ағып жатқан Атабай өзені. Қараңызшы, «бүлдіргені жүректей, балдырғаны білектей қасиетті Атабайға кірген малдың құлағы ғана көрінетін шөбі қалың, суы шекер жер екен», — деп Асан Қайғы бабамыз дәл осы араға түнеп, осылай деп айтып кеткен екен дейді.

Атабай өзенінен қос-қолдап көсіп алып бет-аузын жуды, тау іргесін жарып шығып жатқан бастаудың суын ішті. Ары-бері жүріп,   әр түрлі шөпке тамсана қарап, искеп көріп, қалай аталатынын сұрап, ағам мәре-сәре болды да қалды.

—Асан Қайғы осы Атабайға түнеген дейсің, ә?

—Баяғыда Тәуке хан да бір жаз жайлауын осында өткізіпті. Әне мына Атабай өзені барып Тәуке өзеніне құяды.

—Апыр-ай, ә? Қызық екен!

Атабай сайының іші мамыражай, төменде аптап ыстық күйдіріп тұрса мұнда қоңыр салқын. Қалың шалғын, шөп біткен белуардан келіп теңіздей толқып тұрған балбыраған уыз шақ. Өзен жағасында балағын суға салған жалбыз иісі бұрқырайды, суатқа түскен балапандарын ерткен кекіліктер бізден шошып пыр-пырлай ұшып қырдағы қалың тобылғының ішіне сіңіп жасырынды.

—Жәннәт бақ, нағыз ұжмақ осы емес пе! – деп Нұрағам көңілі өсіп, жадырап жайнап кетті.

—Саған бір әңгіме айтайын. Димаш ағам нағыз ұлы адам ғой, Қонаевты айтамын адамзаттың пайғамбары. Алдына қандай мәселемен барсаң да бірден шешіп береді. «Үлкен оркестр құрсам деп едім», —  деп ұсыныспен бардым. Ол кісі тыңдап алды да «Үлкен керемет Құрманғазы оркестрі бар емес пе?» – деді. «Ахмет Жұбанов ағам құрған Құрманғазы оркестрі бүкіл қазақ өнерін биікке көтеріп тұр. Ал, мен таза этнографиялық, баяғыда болған, кейін ұмытыла бастаған қазақтың көне неше түрлі аспаптарын тауып, зерттеп, соларды оркестіріме орындатпақпын» дедім. «Жарайды онда» деп келісіп аты қандай болатынын сұрады. «Отырар сазы» деп едім, Димаш ағам дән риза болды да «Нұрғиса тек ұятқа қалдырып жүрме. Бастамаң тамаша екен», — деп ақ тілегімен шығарып салды.

Жаңа тұрғыда, этнографиялық оркестр құру оңай болған жоқ. Іздендім, зерттедім, оркестр мүшелерін мың сан сынға салып, көне аспаптардың көмейін ашып, тың тыныс беріп күмбірлетіп, дүрілдетіп әкеттік емес пе! Димаш аға кейін «Отырар сазы» оркестірінің өнеріне керемет риза болып, «Жарайсың Нұрғиса!» деп арқамнан қаққанда алты қат аспанға шарықтап ұшып шыққандай ғаламат күйде болдым емес пе? Оркестр мүшелеріне үй берді, қанаттандырды, қайраттандырды, көмегін аямады. Міне, нағыз данышпан!

Қызыләскер ауылындағы өнерлі інім Төкеұлы Ерғанымға табыстап қойғанмын. Қайтарымызда өзі қарсы алып, шаңырағына алып келді. Балбыратып қазанға пісірген сірне уылжып тұр, кепенің басын Нұрағамның алдына қойып, бата сұрадық.

Мәре-сәре болып, көңілді қайттық. Үлкен жолға шыққан соң машинаны тоқтатып, Нұрағам далаға шығып, тау жаққа сүзіле ұзақ қарады кеп.

—Аға, анау Қордай – Өтеген батырдың, Дегерес – Шапырашты Наурызбай батырдың, Суықтөбе – Қарасай, ал Сарыжазық – Сұраншы, Саурық батырлардың, Қарақия – Сүйінбай ақынның, Майтөбе – Жамбыл атамның жаз жайлаған жайлаулары болған таулар.

—Ал сенің тауың бар ма?

—Аспанқора мен туған жер, біздің жайлау – деп Аспанқораны көрсеттім.

—Онда Атабай  –   Нұрғисаның жайлауы деп қой. Мен жылда киіз үй тігіп Атабайда жазда жататын боламын. Келер жылы міндетті түрде келемін Атабайға, ән-күйлер шығарамын, қасиетіңнен айналайын туған жерімде! – деп ағам толқып кетті.

Келер жылы ғалым інім Ғабит Сәбитұлы деген інім Атабайға үй тігіп мені арнайы шақырды.

Атабай өзенінің жағасында ары-бері жүріп қайран асыл текті біртуар Нұрғисадай тау талантты еске алдым. Ол кісі былтыр бой жасап келген екен ғой. Көп ұзамай мәңгілік мекеніне өзі аманаттап кеткен жерге – Жамбыл тәтесінің жанына жерледік емес пе!

Бүкіл әлемнен келген қонақтар Жамбыл бабаға  және жанында жатқан Нұрғиса Атабайұлына зиярат етіп, құран оқытады.

Әне, зүмірат шыңдары күнге шағылысқан таулар тізбегі Нұрағамның ән-күйлерін, өнерін сағынғандай мұңая қарап қалыпты.

Иә, бәріміз де Сізді сағынамыз…

 

 

Нағашыбек Қапалбекұлы,

                                                                                                       жазушы

Тау суреті: Egemen Gazagstan