Тәуекел етсең- мақсатыңа жетесің

«Жастық шақтан не пайда, жалындап от боп жанбасан», — деп хәкім Абай айтқандай әр пенденің әр кезеңде істеп бітіру керек міндеті бар. Ал жастық шақ — келешектің іргетасы дер едім. Бұл кезең адам өзінің ішкі әлемімен толығырақ танысатын уақыт.
Адамға берілген әр уақытта таңдаулар тоғысады. Одан қашпау керек. Дереу шешім мен тәуекел етсең мақсатыңа біртіндеп жететін жол ашылады алдыңнан. Дәл сондай таңдаудың арасында арпалысқан менің ішкі әлемім және күтпеген оқиғаммен бөлісе кетейін.
Жақында ғана Абай атындағы дарынды балалар мектебіне тест тапсырып, мектепке қабылдау ережесіне сай жоғары балл жинап, жаңа сыныпқа қадам бастым. Бірақ ойымда шекті балды жинап, мектепке қабылданамын ба деген сұрақтарға жауап таппай көп қиналдым. Республикамызға танымал мектептің оқушысы атану және онда білім алу әрбір өренге мақтаныш. Көп толғанып, ниет еткен бұл жол маған болашағымның соны соқпағын салу үшін берілген мүмкіндік шығар дедім.
Бұрынғы мектебімде көшбасшы, мектеп президенті, белсенді шәкірттің бірі болсам да, жаңа мектепте жаңа баспалдақпен көтеріліп, өзімді қалыптастыру мен үшін қызық болды. Мамандығыма байланысты бұл мектеп тереңдете оқытатындықтан, адамға білім еш уақыт артық етпес және уақыт та ешқашан кеш емес деп үлкен тәуекелге бел будым.
Бойымдағы жалындаған қасиеттерімді тұншықтырмай, оны дамытатын орта керек болды. Қабілетімді шыңдау қажеттілігі туындады. Р.Дж.Паласионың «Ғажайып» атты кітабындағы басты кейіпкер Оггидің бастан кешкендерін оқушылық өмірде көріп жатқаным да табандылығымның, жаңаны білуге деген құштарлығымның арқасында жаңа қадам жасадым. «Огги» — жаңа мектепке аяқ басып, қиындықтарды бастан кешетін оқушы…
Бастауыштан бастап білім алған ыныбыңды, құрбыларыңды қалдырып, жаңа білім ордасында өз жолыңды табуға деген қадам жасауың — үлкен тәуекел екен. Сен жаңа мүмкіндіктерге есік ашып, өзіңді басқа қырынан танытуға ұмтыласың. Бұл қадамның нәтижесінде сен тек жаңа білім мен дағдыларды игеріп қана қоймай, өмірдегі маңызды креативті өзгерістерге де қадам басатының анық.
Әрбір тәуекелдің артында өзіндік жетістік мен нәтижеге қол жеткізуге болады. Алғашқыда қиындықтар мен қорқыныштар сезілуі мүмкін, бірақ сол сәттерде шыдамды болып, өзіңді дамытуға деген құштарлықты сақтау — өте маңызды. Өйткені тәуекел етуден қорықпаған адам ғана жаңа биіктерге жете алады.
Адам орта, міндет, арман ауыстырудан қорықпау керек деген қорытындыға келдім.
ТҰРДАҚЫН Әмина Жанатқызы,
Абай атындағы Республикалық мамандандырылған
дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін
тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының
10-сынып оқушысы.