Тәуелсіздік – ұлттық рух пен Отанын шексіз сүйетін ұрпақ тәрбиелеу

Қағидасына сүйенген Алматы қаласы №154 жалпы білім беретін мектебінде
«Жас сарбаз» әскери-патриоттық және Ұлттық ұлан батырлары атындағы «Ерлік сыныбы» ашылды.
—Тәуелсіз мемлекетіміздің Қарулы күштерінің қайта құрылуына желтоқсан оқиғасы сеп болды. Елдің амандығы мен тыныштығын қорғайтын шегендеулі әскеріміз бар. Заман ілгерілеген сайын қарулы күштеріміздің әскери техникасы жаңа технологиялармен жабдықталып, алысқа құлаш сермеуде. Технология дамыған сайын оны меңгеретін білімді, білікті әскери мамандар қажет. Болашақта еліміздегі әлеуеті мықты салалармен бірге Қарулы күштері қатарына өз ісін жетік білетін мамандарды мектепте бүгінгі талапқа лайық қалыптастырып, дайындау — кезекті міндеттеріміздің бірі. Мемлекет басшысы Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен мектебіміз жаңадан бой көтеріп, іші заман ағымына сай құрал-жабдықтармен қамтылды. Осы орайда, мектебімізде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық және Ұлттық ұлан батырлары атындағы «Ерлік сыныбы» ашу туралы ұсынысымды мектеп мұғалімдері қолдады. Мектеп ұжымы ғана емес ата-аналар да қолдаған шараны арнайы Тәуелсіздіктің 34 жылдығы қарсаңында мектебімізде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының мүшелігіне ант беріп, қабылдау салтанатты рәсімін өткіздік. Мақсатымыз – оқушылардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, туған жерге деген құрметті, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, — деп мектеп директоры Алмасбаева Қаламқас Қалиқызы шараның мақсатын қысқаша түсіндіріп өтті.
Бұл — өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, ұлттық рухты бойларына сіңіру ісінің бір бағыты. Ең алдымен, ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіру. Әскери-патриоттық тәрбие: батыр бабаларымыздың және қазіргі заман батырларының ерліктерін үлгі ете отырып, оқушыларды батылдыққа, төзімділікке, тәртіпке және жауапкершілікке тәрбиелеу. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын насихаттау: жаттығулар, спорттық шаралар арқылы жастардың денесін шыңдап, салауатты өмір салтын ұстануға баулу. Тағы бір маңызы – кәсіби бағдар беру: болашақта Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарын толықтыруға дайындау, әскери мамандықтарға деген қызығушылығын арттыру. Басты міндеті – тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтатын, ел мүддесін бәрінен жоғары қоятын, білімді, мықты жаңа ұрпақты тәрбиелеу.
Мың өліп, мың тірілген қазақпын,
Тәуелсізбін, егеменмін, азатпын.
Көк байрағым тұр көгімде желбіреп,
Алатаудай көкке өрлеген азатпын, — деп бастап жүргізуші жиынды ашты.
Еліміздің тәуелсіздігі мен еркіндігінің символы – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы кіргізілген соң, Қазақстан Республикасының Гимнін оқушылар оркестердің сүйемелдеуімен орындады. Арнайы шақырылған қонақтар сөз алды. Шараға әскери бөлімдердің қызметкерлері де қалмай, қатысты. Олар оқушыларға Тәуелсіздік тұғырлы және мәңгіге жалғасуы бүгінгі мектеп партасында отырған оқушыларымыздың міндеті. Соның ішінде, ұлдардың Отан алдындағы борышын өтеп, әскери бөлімдерде әскери техникалардың түрлерін меңгеруі тиіс екенін атап өтті. Атап айтсақ, Желтоқсан ардагері — Ырыс Эсенгулова, Нұрлан Қайырбекұлы Сүйінов, Алатау ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімі «Тәрбие және идеологиялық жұмыстар» тобының бастығы, лейтенант Узехан Еркежан Қайратқызы, майор Уалиев Есболат Қалыбекұлы, Алматы қаласы, 196 ЖББМ, АӘТД пән ұстаз-ұйымдастырушысы, майор Унербеков Дидар Кенжебекович, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Сүйін Нұрлан, Алатау ауданы ақсақалдар алқасының төрағасы Ахан Қанат, алқа мүшесі, ардагер Аширбеков Сағымбек, 5572 әскери бөлімінің полковнигі Жұмаділ Иса Бейсенбайұлы, бөлім қызметкерлері — майор Баянбаев Жандос Камардиновичпен капитан Жанайдаров Диас Аманбаевич шараға қатысып, Қарулы күштерінің тарихы мен бүгінгі жетістіктері туралы әңгімеледі. Олардың айтқан өнегелі сөздерін оқушылар қалт жібермей тыңдап, өздерін қызықтырған
сұрақтарын қойып, жауап алды.
Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Кенбаев Нәби «Жас сарбаз» қатарына 10-сыныптың 25 оқушысының Отанға адал болуға ант берген сәтін қабылдап, мектеп директорына баяндады. Қ.Қ.Алмасбаева жас сарбаздарды құттықтаған соң, олар «Қазақстан Республикасына қызмет етеміз!» деп жауап берді.
«Жас сарбаз» әскери-патриоттық және Ұлттық ұлан батырлары атындағы «Ерлік сыныбы» ашылып, оқушылардың ептілігі, қырағылығы мен әскери тәртіпті меңгерген өнері тамашалады. «Жас сарбаз» гимнін орындап, Қазақстан Қарулы күштері туралы мәліметтермен таныстырды. Қазақстан Республикасы Ұлтық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Кеңес Одағының Батыры гвардия полковнигі, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің әскери оркестрі өз өнерін ұсынды.
Мектеп ұстаздары мен әскери қызметкерлер бірлесіп, әскери-патриоттық ойындарға баулыған шәкірттеріміз күні ертең ел үмітін ақтар азамат болады деп сенеміз.
ЖИРЕНБАЙ Құралай, Алматы қаласы, И. Қ. Мандоки атындағы №154 жалпы білім беретін мектептің «Көркем еңбек» пәні мұғалімі.





