Тәуелсіздік — тарихымыздың тұғыры
Қоғамдық көлікте отырсам, көзіме Қазақстан Республикасының туы түсті. Көптен бері қала ішінен бұндай керемет көріністі бірінші көруім. Алда 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні жақындап келеді. Бірден қолыма ұялы байланыс құралымды алып жаза бастадым.
«Еркіндігім.
Қасиеттім.
Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!»- деп ақын Қалқаман Сарин айтпақшы, тәуелсіздік бізге тосыннан келген сый емес. Тәуелсіздік — талай бабаның қанын төгіп, талай ананы зарлатып, аға-әпкелерімізді қыршыннан қыйып келген қастерлі аманат.
«Болмасын кекшіл,
Болсайшы көпшіл,
Жан аямай кәсіп қыл»,- деп Абай Құнанбайұлы айтқандай, олар қарабастың қамын ойламады, қара халықтың жанын ойлады. Бұл «Бірлік пен елдік» — деп аталады. Ал, қазіргі заманнан осындай көрініс көре аламыз ба? Жоқ емес, жай ғана сирек кездеседі. Кейбірі тек алдамшы, көзге жақсы болып көрінсе, кейбіреулер ел үшін барлығына дайын. Көзге жақсы болып көрінгісі келетіндер уақыт өте осы әрекетінің бұрыс екенін түсінер. Ал, ұлтқа қызмет етемін деген жандардың жолы әрдайым ашық болмақ.
Тәуелсіздікті сақтау үшін тарихты білу керек пе? «Тарих-бізге түзу жол көрсетуші»,-деп Әлихан Нұрмұхамедұлы бекер айтпаса керек. Тарихта біз білетін, білмейтін қаншама құпия сырлар, біз көрмеген оқиғалар көп. Солардың барлығы бізге сабақ болуы керек. Сабақ болу үйрену, оқу емес. Жай ғана қарап тұрып, сол қателіктерді қайталамау. Қателік-ол қалыпты жағдай. Сондықтан, тарихты кінәлаудың да қажеті жоқ. Жай ғана сол олқылықтарды болашақ ұрпаққа жеткізбеу.
Болашақ-жастардың қолында, адам болашағын өзі құрастырады деп жатамыз. Бірақ, біз тек өзіміздің болашағымызды емес, барша ұлттың болашағын да ойлауға міндеттіміз. Қоғамда ондай жас өрендер жоқ емес. Оған дәлел: қазір Қазақстанның жастары әлемдік аренада ойып тұрып орын алатындай дәрежеге көтеріліп келе жатыр. Ол мейлі спорт саласы болсын, мейлі өнер яки ғылым саласы болсын нағыз таланттылар өз биігінде.
Осылай деп жан-жағыма қарасам ұзақ болып көрінген жолға сүт пісірім уақытта жетіп қалыппын. Ұлтқа қызмет ету-сөз емес іс…
КОПТЛЕУОВА Гульшат
Абай атындағы Республикалық мамандандырылған
дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете
оқытатын мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы.
Алматы қаласы
Сурет:Aiqara .kz