Тәуелсіздіктің ақ таңы

1991 жылы 16 желтоқсан күні қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы орындалып, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік таңы атқан ұлы тарихи күн болды. Бұл күн – қазақ халқының сан ғасырлар бойғы арманының орындалған сәті, арманы.

Тәуелсіздікке жету оңай болған жоқ. Қазақ халқы жоңғар шапқыншылығы, патшалық Ресейдің отаршыл саясаты, кеңестік тоталитаризм және ХХ ғасырдың алапат ашаршылықтары сияқты ауыр сынақтарды бастан кешірді. 1930 жылдардағы аштықта миллиондаған қазақ қырылып, халықтың жартысына жуығы көз жұмды. Отаршылдық дәуірде қазақтың жері тартып алынып, мәдениеті мен тілі тұншықтырылды.

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі тәуелсіздікке апарар жолдағы ең соңғы шешуші оқиғалардың бірі болды. Қазақ жастары алаңға шығып, өз елінің болашағы үшін жан аямай күресті. Сол көтеріліс қатысушыларына тағылған «ұлтшыл» айыбы мен сол кездегі биліктің қатігездігі халық жадында мәңгі қалды.

1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, одақ құрамындағы мемлекеттер өз егемендігін жариялай бастады. Сол жылдың 16 желтоқсанында еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде тарих сахнасына шықты.

Ескере кететіні, Қазақстан КСРО құрамындағы елдердің арасында ең соңғысы болып Тәуелсіздігі туралы заңды қабылдады. Еліміздің Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып әлемнің бірінші дамыған державасы саналатын АҚШ мойындап, артынша Қытай, Ұлыбритания, Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран  мемлекеттері мойындады. Иран еліміздің тәуелсіздігін мойындаған мұсылман елдері ішінде алғашқысы болды.

Тәуелсіздіктің арқасында Қазақстан экономикасы дамып, әлеуметтік және саяси салаларда айтарлықтай жетістіктерге жетті. Отанымыздың бейбітшілік пен бірлікке негізделген саясаты жаһандық аренада беделін арттырды. Еліміздегі Астана, Алматы, Шымкент сияқты әсем қалалар әлемдік стандарттарға сай дамып, заманауи мегаполиске айналды. Сонымен қатар, білім мен ғылым саласында тың серпілістер жасалды: беделді университеттер мен ғылыми зерттеу орталықтары құрылды. Денсаулық сақтау саласында жаңа технологиялар мен заманауи емдеу әдістері енгізілді, ал спортшыларымыз әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғап келеді. Қазіргі таңда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропалық Одақ, Халықаралық Валюта Қоры және ЮНЕСКО сияқты халықаралық ұйымдардың толық құқылы және белсенді мүшесі болып отыр. Еліміз ядролық қарудан бас тарту арқылы жаһандық қауіпсіздікке үлес қосты, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) құру бастамасын көтерді.

Елдің егемендігін сақтап қалу −  біздің, жас ұрпақтың қолында, еншісінде.

ТҰРЛЫБАЙ Нұртілеу,

Абай атындағы Республикалық мамандандырылған

дарынды балаларға арналған  қазақ тілі мен әдебиетін

тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының

11-сынып оқушысы.

Алматы

Сурет: «Wikipedia» ашық энцеклопедиясынан алынды.