Тараздық оқушы қалқымалы күн электр станциясын жасап шығарды

Тараз қаласының мектеп оқушысы тұңғыш қалқымалы күн электр станциясын құрастырды, деп хабарлайды 24kz.

Қанат Тәжіханның жобасы қазірдің өзінде Алматы облысында іске қосылып, алғашқы тәжірибеден сәтті өтті. Жас өнертапқыштың тың идеясы «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы аясында қаржыландырылып, жүзеге асқан.

Жас өнертапқыш Қанат Тәжіхан жобаны жүзеге асыруға 5 жыл уақытын арнапты. Әуелі жетекшісінің бағыт-бағдарымен қалқымалы күн электр станциясының сызбаларын жасап, макетін әзірлеген. Нәтижесінде трекердің көмегімен өзін өзі тазалайтын бағдарламалық жүйесі бар жаңа станса пайда болды.

     Ерболат Қасқарбаев, Назарбаев Зияткерлік мектебі физика пәнінің мұғалімі:

—Физика пәнінің мұғалімі ретінде электротехник курсы 6-7 сыныптарда жүргізіліп, оқушыларды неше түрлі ғылыми жобаларға қызықтыру жүргізіліп жатты. Күн элетростанцияларымызды Теріс-Ащыбұлақ өзенінің бойына қойып көрсек қалай болады екен, қандай пайдасы болатыны туралы жан-жақты зерттеулер жасаған болатынбыз. Қанаттың жобасы қазірдің өзінде Алматы облысындағы экологиялық аймақтардың бірінде жүзеге асырылып жатыр. Қуаттылығы 6,5 киловатт болатын Қазақстандағы тұңғыш қалқымалы күн электр станциясы су бетіне жіберілді. Өнертапқыш өреннің айтуынша, күн панельдері жерге орнатылған жүйеден 15%-ке артық энергия өндіре алады. «Алдағы 5 жылда өз-өзін толық ақтайды», — дейді.

Қанат Тәжіхан, өнертапқыш:

—Су күннің бетін шағылыстыру арқылы 15% көбірек энергия өндіреді. Бұл станция өте жаңашыл және өте мықты технологиялар арқылы жасалған. Күн трекерін жасадық. Себебі судың бетіне орналастырылғандықтан, күн әрқашан да өзінің траекториясын ауыстырғандықтан, біз өте эфективный күн трекерін жасадық.

Қазір Қанат Тәжіхан күн электр станциясының 4 түріне тәжірибе жасап жатыр. Судағы қалқымалы жобадан бөлек, кәдімгі стационарлық, бір және екі өсті жүйе жұмыс істеп тұр. Осылайша, қайсысы тиімді әрі үздіксіз энергия өндіретінін анықтағысы келеді.

Айта кетейік, ғылыми жоба қайтарымсыз 3 миллион теңге грант көмегімен жүзеге асырылды. Енді инвесторлардың тарапынан қолдау болса, оны әрі қарай дамытқысы келетінін айтады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Анастасия Сүлейманова,

Бақытжан Бапаев, Эльдар Байділдә

24.kz сайтынан;

Суреттер: Қазақпарат сайтынан алынды